«Құдайдан қорқамын». Бақытжан Сағынтаев Алғабастағы қисайған үйге қатысты жауап берді

Автор: Azattyq Rýhy

Алматы әкімі аталған ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты

Зерделі шағынауданында бір жағына қарай қисайған 9 қабатты үйдің тұрғындары жергілікті шенеуніктерге ренішін айтып отыр. Олар әу баста ақауы бар үйді қабылдап алмауы керек еді дейді.

«Бізді үйден шығарып жіберді, түзетіп береміз деді. Тіпті, түзеткеннен кейін де біз үнемі қорқынышта өмір сүруіміз керек пе? Неге соны қабылдап алған кезде тексеріп алмаған?», - деп ашынды Зерделі шағынауданының тұрғындары.

Әкім болса биыл сәуірде үйді қалпына келтіру жұмыстары аяқталатынын айтып, жұртты жұбатты.

«Біз бүгінге дейін бұл үйге қатысты көп жұмыс атқардық. Алдымен қисаю себебін анықтадық, сосын оны қалпына келтіру жұмыстарына кірістік. Биыл сәуірде бұл жұмыс аяқталады. Үйдің жағдайы бірқалыпты, қауіпті емес. Алда бұл үйге қатысты нақты шешім қабылдаймыз, оны сіздерге хабарлап айтамын. Мен де құдайдан қорқамын, күнә арқалағым келмейді», - деді Алматы әкімі шағым айтқан тұрғындарға.