Буллингтен әбден шаршаған А.есімді оқушы 8-қараша күні өз-өзіне қол салмақ болған
Қоғам белсендісі, Алматы қаласы Алатау ауданының «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ақмарал Басирова әлеуметтік желі арқылы оныншы сынып оқушысының суицидке бармақ болғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оқиға сегізінші қараша күні Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында болған. Буллингке ұшыраған оқушы мен буллинг көрсеткен оқушы осы ауылдың мектебінде білім алады.
«10-сыныпта оқитын А. есімді оқушы 11-сыныпта оқитын баладан қорлық көріп, өз-өзіне қол салмақ болған. Ол баладан үнемі ақша сұрап, ұрып соққан, балағат сөздер айтып, аудиожазбалар жіберген. Ең маңыздысы, буллинг көрген оқушы бұл туралы мектеп директорына, ұстаздарға және мектеп әкімшілігіне бірнеше мәрте айтып, көмек сұраған. Алайда, мектеп тарапынан ешқандай шара қолданылмаған», - деп жазады Ақмарал Басирова.
Оның айтуынша, буллингтен әбден шаршаған А.есімді оқушы 8-қараша күні өз-өзіне қол салмақ болған. «Егер оның ағасы үйде болмағанда, баладан айырылып қалар едік», - дейді Ақмарал Басирова.
Журналистерге сұхбат берген баланың анасы Нұрия Орынбаева қоғам белсендісінің сөзін растап, ұлы шынымен қорада асылып өлмекші болғанын айтып берді.
«Балам тарих сабағына кешіп барған екен (8-қараша күні, ред.) Буллинг жасаған бала мектептің жанына күтіп тұрады да баламнан 600 теңге талап етіп, балам сол ақшаны тауып, апарып берген. Тарих пәнінің мұғалімі оқушы кешіккенін сынып жетекшісіне айтқан, сынып жетекшісі баламды шақырып алып, сабаққа неге кешіккенін сұраған. Сонда балам «апай, бір шара қолданбасаңыз, Ә. есімді бала күнде ақша сұрап, бермесем, қатты тиісіп жатыр» деген. «Мен мектептің президентімін, мен ол ақшаны басқа балалардан жинап апарып бере алмаймын» деген. Ал, бізден, яғни, ата-анасынан артық ақша сұрай алмаған», - дейді жағдайды бастан-аяқ баяндап берген Нұрия Орынбаева.
Оқушы мектептегі осы әңгімелерден кейін үйіне келіп, бүк түсіп жатып қалған. Үйдегі әжесі мен екінші курста оқитын туған ағасының тамаққа шақырған сөздеріне аса құлақ аса қоймаған.
«Үлкен баламның айтуынша, кіші ұлым мектептен келе сала, түскі асын ішпестен, екі бүктеліп жатып қалған. Кенет, жатқан жерінен ұшып түрегеліп, дәретханаға барамын деген. Дәретхана үйдің ішінде болса да,ұлым далаға шығып кеткен. Оны көрген ағасы артынан барса, балам қолына телефонының жарығын ұстап алып, қараңғы қораның төбесіне жіп байлап жатыр екен. Ағасы болмағанда, ұлым өз-өзіне қол жұмсайтын еді», - дейді ашынған ана.
Енді Нұрия Орынбаева осы оқиғаға қоғамның назарын аудартып, белсенді Ақмарал Басировамен бірге осы оқушылар білім алатын мектепке қатысты шара қабылдану үшін бар күшімізді саламыз дейді. Белсенділер мен зардап шеккен баланың анасы осындай жайт тіркеліп отырған мектепте бірден жан-жақты тексеру өту керектігін, оның барысы ашық, ата-аналар үшін түсінікті болуы керектігін атап өтіп отыр.
Оқу-ағарту министрлігі Бала құқығы жөніндегі комитеттің басқарма басшысы Ержан Жиренбай қазір балалар білім алатын мектепке комиссия барып, тексеру жүргізетінін хабарлады.
Ал, жуырда ғана Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов болса, мектептегі буллингтің алдын алу үшін әрбір облыс пен қала әкімдігінің жанынан бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалғанын хабарлады.
«Бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен кездестім. Олар облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдерінің шешімдерімен тағайындалды. Олардың қатарында үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, балаларға көмек көрсету және құқықтарын қорғауда тәжірибесі бар қоғам қайраткерлері бар. Баланың мүдделері бұзылған жағдайда ата-аналар, балалар және басқа да кез келген азамат өз аймақтарындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдерге жүгіне алады. Кездесуде бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен ең өзекті мәселелерді талқыладық. Бүгінгі күні ең маңызды мәселелердің бірі - буллинг. Осыған байланысты министрлік буллингке қарсы ережелерді әзірледі. Сондай-ақ балалар омбудсмендеріне оларды қарап, өз ұсыныстарын білдіруге шақырдық», - дейді Оқу-ағарту министрі.
Аймағамбетовтің сөзіне сенсек, жұмыстың тағы бір маңызды бағыты - мектептегі әлеуметтік-психологиялық қызметтің тиімділігін арттыру болмақ.
«Инклюзивті білім беруді дамыту, балабақшаларға жаңа тәрбиешілер құрамын енгізу, өңірлерде жаңа психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарын ашу, мамандарды дайындау, әсіресе мінез-құлықты талдау бойынша мәселелерді талқыладық. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектептерді жабдықтау, оқу-тәрбие жұмысына байланысты проблемалар, ата-аналар қауымдастығымен өзара әрекеттестіктің жаңа формаларын енгізу және т.б. сұрақтар қаралды. Онымен қоса мектеп формасына қойылатын талаптарды өзгерту бойынша ұсыныстарды жеке талқыладық. Ол өзгерістердің ішінде дәстүрлі костюмдер мен жейделерден басқа поло жейделері мен тоқылған кардигандар/бомбер түріндегі киімдерді таңдау нұсқалары бар. Сонымен қатар форманың стилін бекіткен кезде мектеп парламенттері арқылы оқушылардың пікірін ескеру. Сондай-ақ халықаралық, пилоттық мектептерге оқу жылының басталуы мен аяқталуын анықтау және осыған байланысты қосымша жаңа жылдық демалыс күндерін енгізу бөлігінде еркіндік беру туралы ұсыныстар айтылды», - дейді министр.
Осы кездесудің нәтижесі ретінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық және құқық қорғау институтын күшейту жөніндегі меморандумға қол қойған.
Айта кетейік, депутаттардың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 3 мың мен 4 мың арасындағы адам суицидтен көз жұмады. Мәселен, 2021 жылы бұл цифр 3951 адамға тең болған. соңғы он жылда суицидтің статистикасы көрсеткендей, Қазақстан күн сайын шамамен 8-11 азаматын осы суицидтің кесірінен жоғалтып отыр дегенді көрсеткен. Қазақстанның тарихында суицид ең көп тіркелген жылдар ретінде 2013,2015 және 2019 жылдар жазылған.
Соның ішінде, жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицидке барынша мол назар бөлінсе де үкіметтің атқарып жатқан жұмыстары айтарлықтай жақсы нәтиже бере қоймай келеді. Мәселен, 2010 жылы үкімет жасөспірімдер арасындағы суицидтің әлдеқайда артқанын мойындауға мәжбүр болса, 2011 жылы 15-19 жас арадығындағы адамдардың өліміне ең көбінде суицид кінәлі болғанын айтқан.
Осыған байланысты, Қазақстен мен ЮНИСЕФ арасындағы ынтымақтастық аясында, Денсаулық сақтау, сол кездегі Білім министрлігі, Ішкі істер министрлігі және жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, 2015-2018 жылдар аралығында «Кәмелет жасына толмағандардың арасындағы суицидтің алдын алу жөніндегі жоба» жүзеге асырылған болатын. Ал, 2019 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрлігі оқушылардың арасындағы суицидтің алдын алу жөніндегі мәселені мемлекеттік бағдарламаға қосты.
Ал, жастар арасындағы суицид мәселесіне алаңдаушылық танытқан Сенат депутаттары арнайы дөңгелек үстел өткізді. Дәлірек айтсақ, сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары «Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын іске асыру тұрғысынан әскерде қайтарымсыз шығындардың алдын алу және оларды жою туралы» тақырыбын талқылаған болатын.
Комитет төрағасы, депутат Мұхтар Құл-Мұхаммед дөңгелек үстел отырысын аша келіп, Қазақстан армиясында әскери қызметшілердің қаза болуының жиілеп кеткеніне Мемлекет басшысы назар аударып отырғанын атап өтті.
Сенаттың баспасөз қызметі хабарлағандай, депутаттар қалыптасқан жағдайға бақылау жасауды күшейту және әскери қызметшілердің қордаланған күрделі мәселелерін шешуде бірлескен күш-жігерге қарқын берудің маңыздылығын атап өткен.
«Бұл оқиғалардың себептерін анықтап алып, әскердегі әскери қызметшілердің заңсыз әрекеттерін жою керек. Алдағы уақытта мұндай келеңсіз көріністердің алдын алу үшін заңнамалық деңгейде шаралар қабылдау қажет», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сенатор Сергей Ершов отырыс барысында тағы бір мәселені қозғады. Депутаттың айтуынша, қазір келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілердің еліміздің Қарулы күштерінен жаппай кетуі тіркелуде. Келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер Қарулы күштердің жалпы санының 70 пайызын құрайды. Сенатор тиісті әлеуметтік қолдаудың жоқтығы мен жалақының төмендігі осындай жағдайдың орын алуына себеп деп есептейді.
«Әлемдегі тұрақсыз геосаяси жағдай мен кадр әлеуетінің ұлғаюы қаупін ескере отырып, әскери қызметшілердің әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыру керекдеп санаймын. Мемлекет басшысы 2019 жылғы 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзіндеәскери қызметтің беделін арттыруды, Қарулы Күштерді материалдықтүрде жарақтандыру және Отанына адал, кәсіби дайындықтан өткен офицерлер мен әскери қызметшілер құрамымен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті», - деді сенатор Ершов.
Еліміздің бас әскери прокуроры Дастан Секенов, қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов, денсаулық сақтау министрінің орынбасары Бейбіт Есенбаев және тағы басқа сөз алғандар да Қарулы күштер саласындағы жағдайды жақсарту жөнінде ұсыныс айтты.
Сымбат Молдатай