Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырым. Соның ішінде 25 мың шақырымы – республикалық маңызы бар жолдар болса, 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға, жауапты министрлікке тиісті министрліктерге 2025 жылы республикалық желі бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 100 пайызға дейін, ал жергілікті жол желілері бойынша 95 пайызға дейін жеткізу керек деген тапсырма берген, деп жазады Azattyq Ruhy.
«Республикалық бюджеттен автожол саласын дамытуға 2022 жылға 603 миллиард теңге бөлінді.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз бұрын басталған барлық жобаларды аяқтауымыз қажет. Бүгінде еліміздегі автожол саласындағы ондай жобалардың саны 17. Ал іске асырылуы 2024 жылға көзделген 4 мың шақырымды құрайтын жол желісі бар. Жылдың соңына дейін шамамен 1 мың шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған 3 мың шақырым жолдағы жұмыстарды 2023 жылы аяқтауды көздеп отырмыз»,-деді президенттің осы тапсырмасына орай жуырда парламенттегі үкімет сағатында баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Әрине, министр «әдемі» баяндамасына қарап, қазір Қазақстандағы жаңадан салынатын немесе жөнделіп жатқан жолдардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр дегенге келтірді. Министрдің сөзіне сенсек, «Орталық – Оңтүстік» бағытында 2024 жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 1 мың 208 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Құрты – Қонаев» және «Мерке – Бурылбайтал» жобалары аяқталады. Орталықтағы жұртты әбден қажытқан жолдардың бірі «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Құрты – Қонаев» учаскесінің жалпы ұзындығы 946 шақырымға созылып жатыр. Өскенбаев міне осы жолдың 428 шақырымында қазір қозғалыс ашылды дейді. Жылдың соңына дейін тағы қосымша 106 шақырымда қозғалыс ашылатын болады. Қалған 412 шақырымды 2023 жылы аяқтаймыз.
«Еліміздің шығыс өңірлерінде жалпы ұзындығы 1 мың 363 шақырым үш ірі жоба іске асырылуда. Бұл «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай», «Үшарал – Достық». Келесі жылы барлық осы учаскелер бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні жалпы ұзындығы 768 шақырым «Талдықорған – Өскемен» учаскесінде 649 шақырым жолда қозғалыс ашылды. Қалған 119 шақырым жолды 2023 жылы аяқтаймыз. Жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын «Қалбатау – Майқапшағай» учаскесінде 159 шақырым жолда қозғалыс ашылды.Жылдың аяғына дейін тағы 15 шақырым қосылады, қалған 241 шақырым жолды келесі жылы іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы ұзындығы 180 шақырым «Үшарал – Достық» учаскесінде 155 шақырым жолда қозғалыс ашылды. Ал 25 шақырым жолды біз 2023 жылы аяқтаймыз. Батыс өңірде жалпы ұзындығы 736 шақырым «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автожолы қайта жаңартылуда. Ұзындығы 96 шақырым «Ақтөбе – Қандыағаш» учаскесінің 52 шақырымында бүгінгі күні қозғалыс ашылды. Жылдың соңына дейін 44 шақырымда Алға қаласы, Бештамақ ауылы және Қандыағаш қаласын айналып өту жолдарынан өзге барлық жолдарын ашамыз. Осы жобаны толық 2023 жылы аяқтаймыз», - деді үкімет сағатына келген Өскенбаев.
Бірақ, депутаттар министрдің сөзіне сене қоймайтын сияқты. Мәселен, депутат Әлия Әбсеметова 2025 жылға дейін Қазақстандағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар 100 пайыз жақсы жағдайда болады дегенге күмәнмен қарады.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында 2025 жылдың соңына дейін облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 95 пайызын алып республикалық маңызы бар жолдардың 100 пайызын жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізу ресми мәлімделген еді. Алайда бұл міндеттердің орындалатыны күмән тудырып отыр. Себебі республикалық жолдар бойынша 40 жобаның шамамен 18-і тек 2025 жылдан бастап қолға алынбақ. Жобалардың 50 пайызы 2025 жылға жоспарланған болса, сіздің министрлік көзделіп отырған межелік көрсеткішке қалай қол жеткізбек?», - деді Индустрия министріне нақты сұрақ қойған депутат.
Нақты сұраққа айналшақтап жауап берген Өскенбаев бұл жолдардың көбі қазір орташа деңгейде жөндеуден өтіп тұр деп, мүлде жоқ жерлерге жол саламыз деген жауабын айтты.
«Мүлдем жол жоқ жерлерге жол салайын деп жатырмыз. Сол себептен оның ішінде жаңа жобалар бар. Екіншіден, өздеріңіз білесіздер, көп жобалар қалпына келіп тұр. Бірақ оларға орташа жөндеу жұмыстарын өткізуге мүмкіншілік бар. 2025 жылдан кейін, мысалы, біз күрделі жөндеу жұмыстарын 10 жылдан кейін бастаймыз, ал жолды жаңадан жаңартуды 15 жылдан кейін бастаймыз. Уақыты келген жолдарды да жоспарлап отырмыз. 18 жобаны, оның мүлдем жаңа жобалар, сосын 2025 жылдан кейін уақыты келетін қалпына келтіретін жолдардың саны есептелген», - деді Өскенбаев депутаттың сұрағына жауап бере отырып.
ДЕПУТАТ ЕРТАЕВ ИНДУСТРИЯ МИНИСТРІНЕ НЕГЕ РЕНЖІДІ?
Жалпы алғанда, Үкімет сағатына келіп ұзақ баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылым министріне депутаттар сұрақтарын қарша боратты. Әрине, өйткені, аймақ-аймақты аралағанда халықтың ең көп көтеретін мәселелерінің бірі – ауыл үйдің арасындағы жол сапасы. Үкімет сағаты кезінде депутаттар аудандық, ауылдық деңгейді жолдарды былай қойғанда, халықаралық деңгейдегі жобалардан шикілік шығып жатыр деп, мәселе көтерді. Депутат Сырым Ертаев бар-жоғы 840 метр жол салынбағандықтан, қазір Түлкібас ауданындағы бір ауданның тұрғындарына үлкен қауіп төніп отыр.
«Баршамызға мәлім, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі үш мемлекет арқылы өтеді. Жалпы, бұл жол 2010 жылы басталып, 2017 жылы көліктің барлық түрлері үшін пайдалануға берілді. Алайда Түркістан облысы Түлкібас ауданы Шақпақ баба ауылында ұзындығы 840 метрді құрайтын екі дәлізді туннельдің құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған. Яғни, 2010 жылдан бері, міне, 10 жылдан асып кетті, әлі аяқталған жоқ. Бұл жердегі үлкен қауіп – мыңдаған жүк көліктері мен мыңдаған жеңіл көлік ауылдың ішімен өтеді. Ауылдағы тұрғын үйлердің бәрі 6 шақырым жол бойында орналасқан. Ол ауылда 4 мың 200-ге жуық халық бар. 10 жылдан бері сол жерге үлкен қауіп төніп тұр. Мал шығындарын айтпағанда, адам шығыны да бар. Ауылдың бәрі үркіп бітті, көршілер жағдай сұрауға бір-біріне өте алмайды, балаларын да жібере алмайды. Осы қашан аяқталады? Неге біз осы айналдырған 840 метрлік туннельді аяқтай алмаймыз? Елде неше түрлі техника бар. Дамыған елміз. Қолмен қазсақ та бітіретін уақыт болды ғой. Министрліктің бұл мәселе бойынша қандай жоспарлары бар? Бұны қашан аяқтайсыздар? Қашан жол пайдалануға беріледі?» - деді индустрия министріне сұрақ қойған ол.
«Шынында да, ренжитіндей жөніңіз бар. Бұл жоба жыр болып кетті. 9-10 жылға созылып кетті. Биыл Тараздан Шымкентке қарай туннельді толығымен тесіп өттік. Битон жұмыстарын аяқтадық. Қазір Шымкенттен Таразға қарай туннель жасап жатырмыз. Келесі жылы осы туннельді толығымен аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. 2023 жылы аяқтаймыз», - деді Өскенбаев.
«Сапалы жол – дамыған туризм»
Ал, «AMANAT» фкциясының депутаты Елнұр Бейсенбаев болса, Қазақстандағы туризмнің жоғары деңгейде дамуына кедергі келтіріп отырған мәселенің бірден бір – осы жол мәселесі дейді.
«Өзіңіз білетіндей, қазіргі таңда туристік саланың тұралап тұрғанын барлығымыз білеміз. Ол жердегі ең басты мәселе – жолдар мәселесі. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, қазір тікелей туристік нысандарға апаратын 166 бағыт бойынша 4200 шақырым жол жөнделу керек. Олардың ішінде кірме жолдар да бар. Оның ішінде жергілікті маңызы бар жолдар – 84, яғни 50 пайыз құрайды. Облыстық маңызы бар жолдар – 33, ол 20 пайыз, республикалық маңызы автожолдар – 49, ол 30 пайыз. Сол 4200-ге жуық жолдардың кемінде 50 пайызға жуығы, яғни, 2 мың шақырымнан асатын 64 бағыттағы жолға жөндеу жұмыстары қажет болып отыр. Осы ретте екі сұрағым бар. Біріншіден, сіздер осы жобаларды жоспарлаған уақытта, оның экономикалық құрамдас бөлігін қарастырасыздар ма, яғни қандай мультипликативті эффект береді? Мысалы, белгіленген жерге жол салынады. Қанша азамат жүреді, ол жерлерде жолдың бойында қызмет көрсететін қандай объектілер болады? Сонымен қатар қанша турист, мемлекеттің осыншама шығыны қандай пайда көмкеріледі?
Екінші мәселе, біз туризм туралы сұрақты Мәдениет және спорт министрлігіне қойсақ, олар жол жоқ, жолдарға жауапты сіздің министрлік дейді. Осы ретте Үкіметтің ішінде салааралық байланыс қаншалықты деңгейде? Олар сіздерге ұсыныспен келе ме? Мысалы, Қайырбек Айтбайұлы, бізде түген деген жер бар, қасиетті, киелі жер, табиғаты керемет. Бізге сол жерге жол қажет. Егер де жол салатын болсаңыздар, мынанша жұмыс орны ашылады деген сияқты салааралық байланыс бар ма?» - дейді Бейсенбаев.
Бұл сұраққа жауап берген Индустрия министрі Қайырбек Өскенбаев Мәдениет және спорт министрлігімен бірге жұмыс істейтіндерін мәлім етті.
«Олар (Мәдениет және спорт министрлігі – ред.) өздері ірі жобаларын Үкімет тарапынан ұсыныс жасап, белгіледі. Біріншіден, он үлкен жоба бар. Алты жоба бойынша біз келісімшарт бойынша жолдарды жасадық. Қазір төртеуі бойынша жұмыс жүріп жатыр. Қосымша қазір 28 жобаны тағы дайындап қойды. Олармен 28 жобаны іске асырамыз. Бұл жұмыстарды тұтастай атқарып жатырмыз», - дейді Өскенбаев.
Парламент депутаттары Қазақстандағы жолдардың мәселесі үнемі назарда болатынын және бүгін айтылған баяндамадағы міндеттерді орындалуы бақылауда болатынын айтты.
Сымбат Молдатай