Дәріханалардың бақылауын күшейту арқылы синтетикалық есірткінің айналымын азайтуға бола ма?
Республикада 18,5 мың адам нашақорлық бойынша тіркеуде тұр
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары есірткі тәуелділігіне апаруы мүмкін препараттарды стероид емес қабынуға қарсы препараттар санатына ауыстыруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Биыл 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев синтетикалық есірткінің өндірісі мен таралуына қарсы күрес жалпыұлттық сипат алуы керек деп мәлім еткен еді.
«Синтетикалық есірткіні тұтынудың артуы ұлт денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Динамика көңіл көншітпейді: соңғы үш жылда айналымнан алынуы тиіс синтетика көлемі 10 есе өсті. Синтетикалық есірткі жыл сайын арзан әрі қол жетімді болып барады. Олар әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы еш кедергісіз сатылады, тіпті үйге дейін жеткізіп беретіндер бар. Осы аса қауіпті әлеуметтік аурудың ауқымын ескере отырып, синтетикалық есірткілерді өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипатқа ие болуы тиіс. Осыған байланысты, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірлеу қажет», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, жассың ба, кәрісің бе, оған қарамай, тәуелді ете түсетін есірткі қазір қоғамдағы үлкен зұлматтардың біріне айналғаны рас. Ең қорқыныштысы, синтетикамен қатар, өте ауыр халде жатқан азаматтардың өмірін сәл де болса жеңілдетуге арналған препараттардың өзі арам пиғылы бар азаматтар үшін есірткі дайындауға қажетті таптырмас дүниеге айналған. Бұл мәселеге назар аударған депутаттар Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа депутаттық сауал жолдай отырып, дәрі-дәрмектің сатылуын бақылай түсу керек деген ұсыныс айтты. Депутаттардың айтуынша құрамында есірткі бар препараттардың айналымы үшін жауапкершілік заңмен көзделмей отыр.
«2021 жылғы 10 маусымда «Адам өмірі мен денсаулығына зиянды әсер ететін күшті әсер ететін заттардың тізбесін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің №396 Қаулысымен адам өмірі мен денсаулығына зиянды әсер ететін заттардың тізбесі анықталды, оған жаңа пайдаланыстағы дәріханалық нашақорлық препараттары енгізілді. Атап айтсақ, олар – трамадол, тропикамид, мидакс, сомнол және лирика. Алайда аталған препараттардың айналымы үшін белгілі бір жауапкершілік заңмен көзделмеген.
Фармацевтикалық ұйымдарға және «дәріханалық есірткілерді» есірткі құралдары мен психотроптық заттардың айналымы қағидаларының бұзылуына бақылауды күшейту үшін трамадол, тропикамид, мидакс, сомнол және лирика препараттарының тізіміне Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізіміне өзгерістер енгізу және бұл препараттарды адам өмірі мен денсаулығына зиянды әсер ететін күшті заттар санатынан стероид емес қабынуға қарсы препараттар санатына ауыстырған жөн деп есептейміз», - дейді депутаттар.
Олардың Денсаулық сақтау министріне жолдап отырған ұсыныстарының біріншісі фармацевтикалық ұйымдар мен медициналық мекемелерге көрсетілген препараттарды тағайындауға және сатуға қойылатын талаптарды сақтау жігінде бақылауды күшейту болып отыр.
«Екіншіден Қазақстан Республикасының қылмыстық Кодексінде және әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде көзделген есірткі құралдарымен және психотроптық заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл мәселені ерекше бақылауға алып, қабылданған шаралар туралы заңнамамен белгіленген мерзімде жазбаша түрде хабарлауыңызды сұраймыз», - дейді депутаттар.
Бұл мәселеге жауап берген Денсаулық сақтау министрлігі «нашақорлыққа тәуелділік туындататын препараттар, яғни трамадол, тропикамид және Зопиклон халықаралық патенттелмеген атауы бар дәрілік заттар рецептімен сатылатынын айтты. Оларды дәрігердің рұқсатынсыз сатқандарға Әкімшілік кодекстің 426-бабы бойынша айыппұл сөзделген. Дегенмен ДСМ ақпаратына сенсек, кәсіпкерлерді тексеруге жариялаған мараторийге байланысты дәріханаларды мемлекет тарапынан бақылау әлсіз деңгейде болып тұр.
Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігіне хат жолдай отырып, трамадол, тропикамид және зопиклон халықаралық патенттелмеген атаулары бар дәрілік заттарды Тізімге енгізу мүмкіндігін қараcтыру жөнінде ұсыныс жіберген.
Бұл сауалға жауап берген Ішкі істер министрлігі болса, «Есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 1-1-тармағына сәйкес, қандай да бір затты осы тізімге енгізу үшін бірнеше нақты себеп болу керек екенін ескертіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, ҚР ІІМ Есіркі қылмысына қатысты іс-қимыл департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірхановтың мәліметінше, республика бойынша 18,5 мың адам нашақорлық бойынша тіркеуде тұр. Ал елордада – 1166 адам тіркеуде. Оның 154-і – әйел адам, 5-еуі – жасөспірім, 875-і – 30 жастан асқан қызметке жарамды жандар. Нашақорлықтан қайтыс болған адамдар саны – 8 адамды құрады. Олар денсаулық сақтау мекемесіне өз еркімен барғандар ғана.
«Ал нақты қарайтын болсақ, бұл көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін. Себебі, көп ата-ана балалары болашақта жұмысқа орналаса алмау немесе осыған ұқсас басқа да мәселелерден қауіптеніп, жасырын түрде ем алуға тырысады. Біз осы бағыттағы ахуалды білу үшін Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да уәкілетті органдармен арнайы іс-шаралар өкізіп жатырмыз», - дейді Бақытжан Әмірханов.