Ақтөбе облысынан Англияға. «Болашақпен» бағындырған белес
Арайлым Төлегенова Англияның үздік университетінің бірінде білім алып жүр
«Болашақ» стипендиясы 1993 жылғы 5 қарашада құрылған. Президенттік стипендия жүзеге асырылған 29 жыл ішінде 11 мың 800-ден астам жоғары білікті маман даярланды. Бағдарлама түлектері экономиканың әр түрлі секторларында еңбек етіп жүр, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Білім саласы үшін «Болашақ» бағдарламасымен мыңнан астам кадр дайындалды. Олар әртүрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарында жұмыс істейді, білімі мен тәжірибесімен бөліседі, оның ішінде ауылдық жерлерде де қызмет атқарады. 900-ге жуық түлек денсаулық сақтау саласында қызмет етеді және жыл сайын ондаған мыңнан астам күрделі кардио және нейрохирургиялық ота жасайды, жаңа дәрілер мен ауыр сырқаттарды емдеу әдістерін ойлап табады.
Қазіргі уақытта 1200-ге жуық қазақстандық 29 елдің үздік жоғары оқу орындарында білім алып, ғылыми орталықтары мен ұйымдарында тағылымдамадан өтіп жатыр.
«Болашақ» стипендиаттары Колумбия, Гарвард, Принстон, Оксфорд университеттерінде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Қазіргі таңда 50-ден астам азамат президенттік стипендия аясында Шырмауық лигасының университеттерінде оқып жатыр.
«Болашақ» бағдарламасы отандастарымызға QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities, Times Higher Education World University Rankings халықаралық рейтінгтерінің топ-250 және БРҮҚО елдерінің ұлттық рейтингтерінің топ-20-ға кірген әлемнің үздік 236 жоғары оқу орнында білім алу мүмкіндігін беріп отыр.
Бағдарламаның мақсаты – ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау. Бағдарлама академиялық оқуды және әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды.
2022 жылғы алғашқы легінде 14 азамат аталған жоғары оқу орындарға түсіп, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды. Солардың бірі - Арайлым Төлегенова. Арайлым Төлегенова Ақтөбе облысында дүниеге келген. «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығында 8 жыл қызмет еткен.
«Аудан орталығында білімімді тәмамдаған соң Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде халықаралық қатынастар мамандығын бітірдім. Қытайда бір жылдық курстан өтіп, Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің магистратурасында өз мамандығым бойынша магистратураны тәмамдадым. Қазір Англияда University of Sussex университетінде жобаларды басқару бойынша білім алып жатырмын», - деді Төлегенова.
Ол «Болашақ» бағдарламасына жұмысқа тұру кезіндегі оқиға туралы айтып берді.
«Оқуды бітірген соң жұмыс табу жағынан өте қатты қиналдым. «Жас Отан» жастар қанатының «Сәтті қадам» дейтін жобасы болды. Ол Корея тәжірибесі бойынша оқуды енді тәмамдаған жастарға жақсы компанияларда жұмысқа тұруға мүмкіндік береді. Сол бағдарлама бойынша «Болашақ» бағдарламасына тағылымдамадан өтуге бағытталдым. Оның қорытындысы бойынша басшылар маған жұмыс ұсынды», - дейді Арайлым Пірімжарқызы.
«Болашақ» стипендиатының айтуынша, орталықта ол әртүрлі қызмет атқарған.
«Жұмысқа тұрмас бұрын өз мамандығым бойынша куратор болғым келген еді. Соңында Аустралия, ТМД елдері, Азия елдері, Корея, Жапонияда оқитын стипендиаттардың кураторы болдым. Студенттер саны өте көп болды. Ол жастарға қатты қызығатынмын. Мен университетке түскен жылдары 2 шет тілін оқыдық. Қазіргі жастар ағылшын тілімен қоса техникалық мамандық, сәулет өнерін меңгереді. Меніңше, ағылшынды бөлек мамандық ретінде оқымай, қосымша мамандықты меңгерген абзал. Себебі ағылшынды білу ол заман талабы. Оны білсең, барлық ақпаратқа қол жеткізуге болады», - деді ол.
Арайлым атағандай, «Болашақ» бағдарламасының жастарға беретіні өте көп.
«Бағдарлама бойынша студенттерді басқару кезінде олармен жақсы дос болатынмын. Мен олардан көп дүние үйрендім. Себебі барлық жас ақылды. Олардың оқуға қандай деңгейде кететінін көрсем, оқудан келгенде олардың жоспарын біліп, олардың қаншалықты өскенін байқайтынмын. Осы жазда мен екі стипендиатыммен кездестім. Екеуінің өмірі «Болашаққа» дейін және кейін болып өзгерген. Себебі оларға кез келген шетелдік компанияның есігі ашық. Сұранысқа ие мамандар. Адами тұрғыдан да олар біршама өзгерген. Себебі шетелде адамдардың менталитеті басқаша. Шағын дүниеге кешірім сұрап жүреді», - деді ол.
Арайлым Төлегенованың айтуынша, Англиядағы оқу Қазақстанның оқу жүйесінен мүлдем бөлек.
«Қазақстанда Назарбаев университетінде оқыған студенттерге Англияда оқу жеңіл болады. Себебі олардың оқу жүйесі ұқсайды. Ал мен сияқты жоғарғы оқу орнын тәмамдаған студенттерге мұнда оқу қиынырақ болды. Магистратура мұнда 12 айға созылады. Алғашқы семестрде лекция, семинар өтеді. Көбіне топтық жұмыстар болды. Ал сол өткен тақырыптарды қайталау үшін эссе түрінде емтихан алады. Әр сабақ бойынша екі рет емтихан тапсырасың. Қазақстандағы реферат сияқты болады. Бір эссе жазу үшін кем дегенде 15-20 кітапты оқып, автордың ойын өз сөзіңмен жеткізуің керек. Бұл сыни ойлау үшін қажет. Осындай тапсырма маған қиынға түседі. Себебі Қазақстанда ондай жоқ», - деді ол.
Арайлым бұл тапсырманы орындауда тәрбиенің де орны бар екенін айтты.
«Мен өзім жайлы айтатын болсам, мектеп жасында ата-анам менің пікірімді сұрамайтын. Өздері дұрыс деп санағанды істейтін. Ал бұл жақта жеке пікірдің болуы өте маңызды. Мен Лондоннан 1 сағаттық жерде орналасқан Брайтон деген қалада оқимын. Мұнда 30 шақты қазақ бар. Көбіміз магистратурада оқимыз. Бакалаврда да білім алатындар бар. Басқа қаланың жастары барлығы ортақ топта отырамыз. Қандай да бір сұрақ болса, топқа жазамыз. Жастар өте ашық, елгезек, бір-бірімізге көмектесіп тұрамыз. Отбасылы жастар да баршылық, 2-3 баласымен білім алып жатқандар да бар», - деді ол.
Арайлым Пірімжарқызының пікірінше, адам өмір өмір бойы оқуы керек.
«Мен жұмыс істеп, өз-өзімді дамыту курстарына бармағанымды түсініп, оқуға бел будым. Бір деңгейде тұрған сияқты болдым. Мамандықты таңдар кезде жобаларды басқаруға таңдауым түсті. Себебі ол бойынша кез келген салада жұмыс істеп кетуге болады. Жобаның жүзеге асырылуын сүйемелдеп отырасың. Қазақстанға оралған соң білім саласында жеке компаниямды ашқым келеді. Әлі оқуымның аяқталуына бір жылдай уақыт бар. Осы аралықта өзгермесе, осы арманымды жүзеге асырғым келеді. Білім саласында біраз жұмыс істедім, тәжірибем бар. «Болашақта» да істегенде адамдарға көмек беруге тырысатынмын. Олардың жақсы білім алып, елге оралуын қамтамасыз етуге жәрдемдесетінмін. Себебі «Болашақпен» оқығандардың алдында міндет тұрады. Ол бойынша моральдық қиындықтар туындауы мүмкін. Білім саласы-жақсы іс. Қазақстан мен Ұлыбритания арасында көпір салғым келеді», - деді ол.
Төлегенованың айтуынша, Қазақстанның орта мектептері мен университеттегі мамандарын шетелде оқыту керек.
«Мысалы, маған ауылдық мектептердің мұғалімдері жазады. Ағылшын тілін меңгерту үшін шетелден тағылымдамадан өткім келеді дейді. Сондай мамандарға осы жақтың мамандарынан тәжірибе алатындай етсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мектеп оқушылары мектепке қуана-қуана барады. Мектеп директорлары балаларды өздері қарсы алып, жағдайларын сұрап жатады. Бұл жақта бала саны аз. Бір топта 15 бала болса, 2 мұғалім, бір көмекші болады. Осындай тәжірибелерді елімізге де енгізу керек. Себебі біздің болашағымыз- мектепте оқып жүрген бүлдіршіндер. Сол себепті де мен екі ортада тәжірибе алмасу, мұғалімдерге арналған оқыту курстарын ұйымдастыруды қолға алғым келеді», - дейді ол.
Арайлым Пірімжарқызының айтуынша, Англияда еркін оқыту жүйесі дамыған.
«Ешкім сенің артыңнан «оқы» деп жүрмейді. Тәртіп өте қатал. Біреудің еңбегін көшіріп, эссеңе жазып берсең, плагиат көрсететін бағдарламалар тексереді. Егер плагиат 12 пайыздан асып кетсе, жұмыстың сапасы төмен болып есептеледі. Сондықтан интернеттен алған ақпараттың өзін түпнұсқада қолдана алмайсың. Оны барынша өзгертіп, өз тіліңе қарай икемдеп бересің», - дейді стипендиат.
Оның айтуынша, жақсы көретін мамандықты таңдаған абзал.
«Мамандықты жақсы көрмей, модульдерін зерттемей түсе салсаң қиындықтар болады. Сүйген мамандығыңды оқысаң, эссе жазған кезде де оңай болады. Мысалы, өзіме қазір барлық сабақ ұнайды. Менеджмент және инновация деген сабақ бар. Компаниялар түрлі инновацияларды қалай қолданатыны бойынша эссені қызығып жазамын. Егер саған берілетін пәндер қызықсыз болса, эссе жазу қиын болады. Сондықтан мамандықты толық қарап шыққан абзал. Бұл жақта университеттердің сайтында барлық ақпарат тұрады», - деді ол.
Арайлым атағандай, университеттердің аккредитацияланғаны туралы да ақпарат болады.
«Жобаларды басқару қауымдастығы бізбен кездесу өткізді. Жақында тағы кездесу болады. Бұл жақта нетворкинг жақсы дамыған. Біздің топта арабтар мен үнділер, нигериялықтар, еуропалықтар бар. Олармен нетворкинг құрып, болашақта жақсы қарым-қатынас орнатуға да мүмкіндік бар. Осы дағдылар мен алған білімімді өз туған жерімде жүзеге асырғым келеді. Себебі біздің елде талантты жастар өте көп. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, талантты жастарға демеу көрсетіп, бағыт-бағдар берсек, ертең елімізді дамыған елдер қатарына қосатын мамандар тәрбиеленеді. Сол үшін де білім саласын таңдап, өз елімнің жастарына қолдау көрсеткім келеді. Себебі жастарды қолдау- ол еліңді көркейтуге жасалған қадам», - деп түйіндеді ол.
Марья Айдарбаева