$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.11.2022, 16:53
Қоғам

Гуманитарлық пәндерге «қалдық принциппен» қарауды тоқтату керек – «AMANAT» депутаттары

Қазақстандағы ғалымдардың 34 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар

Гуманитарлық пәндерге «қалдық принциппен» қарауды тоқтату керек – «AMANAT» депутаттары
Фото ашық дереккөзден

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 21 мыңнан астам адам ғылым саласында жұмыс істейді, оның ішінде 1700-ге жуығы ғылым докторы, 3843 ғылым кандидаты, 1900 адам  PhD докторы. Ғалымдардың 34 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар.

2023-2025 жылдары Қазақстанда нақты ғылымдарды қаржыландыруға 62 млрд теңге бөлінсе, гуманитарлық салаға небәрі 18 млрд теңге қарастырылған. Осылай деген Парламент мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының бір топ депутаты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің атына депутаттық сауал жолдаған, деп жазады Azattyq Ruhy.

Депутаттардың айтуынша, қазір философия, тарих, саясаттану, журналистика, әлеуметтану, психология және тағы басқа гуманитарлық ғылымдар түрлі себептерге байланысты екінші орынға ығысып қалған.  

«Бұл мәселе кадрлардың арасында тұрақсыздықтың орын алуына әкеп соқтырып жатыр. Қоғамдық-гуманитарлық саладағы жас ғалымдар жыл санап азайып, ғылым докторларының тек 15 пайызы ғана 40 жасқа дейінгі азаматтар. Бұл теріс сальдолы тенденцияның гуманитарлық ғылымға тигізер залалы көп.

Біле білсеңіздер, гуманитарлық ғылым тез арада пайда табудың, коммерциялизацияның объектісі бола алмайды. Керісінше, адамзатқа ақыл-ой, рухани ілім мен білімді сіңіру үшін қоғам дамуында билік пен халыққа қажетті сұрақтарға жауап іздейтін бағыт. Университеттердің деңгейінде жастарды қатаң қағидалардан, догматтардан арылту үшін де керегі осы сала», - дейді бір топ әріптесімен бірге сауал жолдаған депутат Елнұр Бейсенбаев.

Жағдайдың мемлекеттік деңгейде қаржыландырылу мәселесі де назар аударуды талап етеді деген халық қалаулылары нақты фактіге сүйеніп отыр:  Ғылым және жоғары білім министрлігінің техникалық, жаратылыстану ғылымдарына жұмсалатын шығындары гуманитарлық ғылымдарға қарағанда бес есеге көп.

«Яғни, 2023-2025 жылдары қаржылай қолдауда нақты ғылымдарға 62 млрд. теңге бөлінсе, гуманитарлық салаға небәрі 18 млрд. теңге қарастырылған», - дейді Бейсенбаев.

Міне, осы маңызды фактілерді назарға алып, Ғылым және жоғары білім министрінің атына нақты сауал қойған аманаттықтар «гуманитарлық пәндерге «қалдықты принциппен» қарауды тоқтатып, керісінше бұл ғылым қоғамдық және әлеуметтік үдерістердің мәнін түсінуге бағыттайтын сала екенін ескеретін уақыт жетті. Өздеріңізге белгілі, даму мен өркендеудің, қоғам, мәдениет пен өркениеттің бастауында ғылым тұр. Ғылымсыз білім де, тәрбие де, тәлім де тұл. Адамзат жеткен игіліктің барлығында ғылыми негіз бар, дейді Бейсенбаев.

Осы айтылғандарды қорытындылай отырып, мәжілістегі Amanat фракциясының депутаттары министрге нақты бірнеше сұрақ пен ұсыныс жолдаған.

«Біріншіден, гуманитарлық ғылымдар қоғамдық және әлеуметтік процестердің мәнін көруге, тұтас дүниетаным мен жастардың рухани және саяси мәдениетін қалыптастыруға бағытталады. Сондықтан да, жоғары оқу орындарында әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді сапалы, әрі барлығына бірдей оқыту қажет. Бірінші кезекте маман емес, адам болу концепциясын үйрететін философиялық пәндерді 1 курс студенттеріне аса маңызды», - дейді Елнұр Бейсенбаев.

Бұл сұраққа жауап берген Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің баяндамасына қарасақ, Қазақстанда үш жыл ішінде гуманитарлық мамандарға жеті мыңнан сәл асатын грант бөлінген.

«Бүгінде гуманитарлық бағыттағы мамандар «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» білім беру саласының «Гуманитарлық ғылымдар» даярлау бағыты бойынша жүзеге асырылады. Аталған бағыт бойынша 25 жоғары оқу орны білім беру лицензиясына ие және бұл жоғары оқу орындары бойынша 56 білім беру бағдарламасы енгізілген. «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» білім беру саласына соңғы 3 оқу жылына 7218 білім беру гранты бөлінген, оның ішінде 2020-2021 жылға 2283, 2021-2022 оқу жылына 2385 грант, 2022-2023 жылға – 2550 грант. Білім алушылардың осы саладағы контингенті 24551 адамды құрайды. 2022 жылғы бітіріп шыққан балалар саны 3672», - делінген министрліктің жауабында.

Депутаттардың қозғаған екінші мәселе гуманитарлық ғылымдарды дамытуға бағытталған қаражатты ұзақ мерзімді зерттеулерге бөлу қажеттілігі туралы. Дәлірек айтсақ, аманаттықтар тарихи, гуманитарлық зерттеулердің кешенді орындалуы үшін зерттеу жүргізу уақытын 5 жылға дейін ұзартуды ұсынып отыр.

Бұл сұраққа жауап бере келе министрлік қазір республикалық бюджет ғылымға он салалық орталық мемлекеттік орган арқылы қаражат бөліп отырғанын жеткізген.

«Тұтастай алғанда, ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру соңғы екі жылда екі есеге өсіп 2021 жылы – 71,6 млрд теңгені құраса, 2022 жылы – 100 млрд теңгеден асады. Сондықтан, егер бұрын Министрліктің гранттық және бағдарламалық нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстары үш жылда бір рет жүргізілсе, 2020 жылдан бастап гранттық қаржыландыруға арналған конкурстар жыл сайын өтеді. Нәтижесінде, министрлік республикалық бюджеттен жалпы сомасы 56,7 млрд теңгеге 10 басым бағыт бойынша, оның ішінде әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласы да кіреді, қазақстандық ғалымдардың 1160 ғылыми зерттеулерін қаржыландырады. Оның ішінде 20,6 млрд теңгені құрайтын 517 гранттық жоба - бұл 40 жасқа дейінгі екі мыңнан астам зерттеуші тартылған жас ғалымдардың зерттеулері», - делінген Саясат Нұрбектің жауабында.

Министр өз жауабында сондай-ақ мына мәселеге тоқталған: «Ғылым туралы» ҚР Заңына және Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет пен ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру қағидаларына өзгерістер енгізіліп, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру мерзімдері  3 айға дейін ұзартылды. Осыған орай, алдағы уақытта жарияланатын гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстары осы мерзімді қамтитын болады.

Бірақ, баса айта кетерлігі, депутаттар әуел баста көтерген мәселе, яғни, техникалық ғылымдар гуманитарлық ғылымдарға қарағанда, артық қаржыландырылатыны бұлжымас факт екенін айқын. Өйткені, министрліктің жауабында жазылғандай, биыл бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде министрлік 70 ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыруға конкурс жарияласа, оның ішінде әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы жобалардың саны небары – 20.

«Үшіншіден, гуманитарлық саладағы мақалалардың халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдардағы процентиль көрсеткішін қайта қарау керек. Өйткені қазақ әдебиеті мен тарихы бойынша зерттеулер тек қазақ ғылымына керек екенін білетін уақыт келді. Бұл гуманитарлық ғылымдар бойынша ізденушілер үшін белгілі бір қиындықтар туғызады, атап айтқанда мақалалардың ұзақ қаралуы, қаржылық шығындар. Төртіншіден, ғылым саласын жүйелі цифровизациялауды жеделдету мен ғылыми жобаларға мегагранттар бөлу мәселесін ұйымдастыру. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласының мәселелері бойынша орын алған жүйелік проблемалардың шешу жолдарын қарастыруыңызды және осы депутаттық сауалға заңнамада көрсетілген мерзімде нақты жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз», - дейді бір топ депутаттар.

Бұл сұрақтарға барынша кешенді жауап беруге тырысқан Ғылым және жоғарғы білім министрлігі болса, қазір ғылыми журналдарда мақала жариялау үшін ғалымдарға қандай талап қойылатынын атап өткен.

«Үшінші мәселе бойынша. Бұл гуманитарлық ғылымдар бойынша ізденушілер үшін белгілі бір қиындықтар туғызады, атап айтқанда мақалалардың ұзақ қаралуы, қаржылық шығындар Гуманитарлық саладағы ғалымдарға Web of Science (Clarivate Analytics) және Scopus халықаралық базаларда рецензияланатын журналдардағы жарияланымдарға қатысты министрлік тарапынан жарияланған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың талаптары бойынша қоғамдық және әлеуметтік ғылымдар салалары үшін - іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша халықаралық журналдарда 1 ғана мақала немесе отандық ғылыми басыламдарда 10 мақаланың болу талабы қарастырылғанын айта кетеміз», - дейді министрлік.

Төртінші мәселе ретінде ғылым саласын жүйелі цифровизациялауға қатысты мәселелерді қозғай келе министрлік «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтығ тапсырмаларын жедел іске асыру мақсатында қолда бар әзірлемелерді, ресурстар мен құзыреттерді тарта отырып, өзімізге ведомстволық бағынысты ұйымдары арқылы цифрлық экожүйенің негізгі компоненттерін қалыптастыру мүмкіндігін пысықтап жатырмыз» деп жауап берген.

Естеріңізге сала кетейік, бұрын Қазақстанда бұл мәселелер Білім және ғылым министрлігіне қарайтын. Яғни, елімізде балабақшадан бастап, докторантураға дейінгі білім процестерінің барлығы бір құзырлы органға қарайтын еді. Бұндай жұмыстың тиімсіз екенін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 11 маусымдағы жарлығымен Білім және ғылым министрлігін екіге бөлді. Осылайша, орта білім мәселелерін Оғу-ағарту министрлігі, ал, ғылым мен жоғарғы білім мәселелерін Саясат Нұрбек басқаратын жаңа министрлік өз қарамағына алған еді.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі:

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді цифрландыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне;

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, тіл саясаты, ғылым, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді цифрландыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне бөлу арқылы қайта ұйымдастырылсын», - деп жазылған еді Тоқаев қол қойған Қаулы мәтінінде.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары