Тілді білу – бөлек, өзгеге тілді үйрету – мүлдем басқа дүние – педагог
Қазір Кембридж бен Оксфордта оқу арман емес – мақсат
Ұстаздың мойнына артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр екені белгілі. Бұл орайда ұстаздың миссиясы мен міндетін, жауапкершілігін Абай атамыз «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» сөйлеміне сыйдырып кеткен тәрізді көрінеді. «Ұстаз болу - жүректің батырлығы» дейтін дана халқымыз ұстаздыққа әу бастан ерекше құрметпен қарағаны белгілі. Пандемия кезінде қоғам мұғалімнің қадірін екі есе түсінгендей болды. Технология қарыштап дамыған кезеңде оқушының зейінін ашып, ұлттың болашағын тәрбиелеу әсте оңай емесі тайға таңба басқандай. Білім саласында жүргізілген реформалардан кейін педагогтің мәртебесі заңнама түрінде бекітілді. Бұл салаға келушілердің қатары көбейді. Ұстаздық етуді өзінің өмірлік миссиясы етіп таңдаған жастар да аз емес. Azattyq Ruhy тілшісі оқушыларға «өзге тілдің бәрін білуге» жәрдемдесіп жүрген ағылшын пәнінің мұғалімі Әмина Туғамбековамен әңгімелесті.
Оның айтуынша, оқушылармен жұмыс істеу көп еңбектенуді қажет етеді.
«Оқушыларға білім беру оңай деп айтуға келмейді. Ол үлкен жауапкершілік болғандықтан, еңбекқорлықты талап етеді. Оқушылардың зейінін ашу үшін тапсырманы ойын ретінде өткізуге де тырысамыз. Әрине, мұғалім кез келген жағдайда сабырлы болуы керек. Мұғалімнің әр баламен тіл табыса алуы да маңызды. Тақырыпты әрбір оқушы жақсы түсінуі керек. Ал ағылшын шет тілі болғандықтан екі есе дайындықты қажет ететіні рас», - деді ұстаз.
Туғамбекованың жасы қазір 29-да, ол ұстаздық қызметте 8 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді.
«Мен кәсіби жолымды 9-сыныптан кейін колледжде ағылшын тілі мұғалімі мамандығын тәмамдадым. Одан кейін мұғалім ретінде мектепке жұмысқа тұрып, Қарағанды мемлекеттік университетінде екі шет тілі бойынша бакалавриатты, кейін магистратураны тәмамдадым», - деді ол.
Ағылшын пәнінің мұғалімі бала кезінен ұстаз болуды армандағанын жеткізді. Яғни, бұл жолды ол саналы түрде таңдаған.
«Менің ағылшын тіліне деген махаббатымды осы пәннің мұғалімі Нина Григорьевна ұштады. Оған қоса, менің екі әпкем де ағылшын тілінің мұғалімі мамандығын оқыды. Сондықтан бұл да менің кәсіби мансабыма әсер етпей қоймады», - деді ол.
Білім саласындағы реформалар мұғалімнің жұмысына әсер етуі бойынша да Әмина өзінің пікірін айтты.
«Әрине, елдің білім саласындағы реформалар біздің жұмысқа тікелей әсер етті. Бұрын көп мұғалім уақытының басым бөлігін құжат толтыруға арнайтын болса, қазір қағазбастылық айтарлықтай азайды. Ол өте қатты білінеді. Қазіргі жұмысымызда тек жоспар мен электрондық журналды толтырамыз. Бұрын көп есеп беретін құжаттар болатын еді. Сондай-ақ реформалар мұғалімнің материалдық жағдайына да әсер етті. Бірақ бәрібір де жалақы санат пен сағаттарға байланысты реттеледі. Санаты көп мұғалімдердің еңбекақысы жастардікіне қарағанда әлдеқайда көп болатыны белгілі», - деді ағылшын пәнінің мұғалімі.
Әмина Туғамбекованың айтуынша, ол үшін маман ретінде бақыт - оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы.
«Оқушылардың пәнге деген қызығушылықтары артып, қосымша сұрақтарды қойып, тағы ақпарат білгілері келіп, көздері жанып тұрса, менің миссиям орындалғандай болады. Мұғалім мамандығын мектептен кейін де таңдап, ұстаздық жолды таңдаса, бұл пән мұғалімі үшін екі есе бақыт», - деді ол.
Әмина Туғамбекова атағандай, мұғалімнің бойында ізгі қасиеттер басым болуы керек. Яғни, үйде бала ата-анасының қасында қамқорлық сезетін болса, мектепте оған қамқорлық көрсетіп, білім нәрімен сусындататын адам – ұстаз. Сол үшін де «Ұстаз-екінші ана» деп айтылса керек.
«Мұғалім дұрыс мақсат қоя білуі керек. Әр оқушымен достық қарым-қатынас орната білуі де маңызды. Олардың арасында коммуникациялық байланыс орныққаны жөн. Еңбекққорлық пен өзінің пәніне, саласына деген махаббатсыз ешбір жұмыс өнбейтіні белгілі. Сондықтан өз ісінің кәсіби маманы атану үшін, адамдар істеп жатқан жұмысын сүюі керек. Сондай-ақ педагог өз пәнінен бөлек сабақтар бойынша да хабардар болғаны абзал. Жан-жақты болып, білім саласының өзге салаларынан хабардар болған маманның сабағы да қызықты болатыны сөзсіз. Сондықтан үнемі біліктілікті арттыру курстарына барған да өз септігін тигізеді», - деді ол.
Педагогтің айтуынша, баланың буыны қатайып, оң-солын түсініп, үлкен өмірге қадам басып демеп жіберуінде де ұстаздың алатын орны ерекше.
«Мұғалімнің басты миссиясы оқушыны ересек өмірге дайындап жіберу. Кез келген адам үлкен алаңға, ортаға түспес бұрын аса үлкен дайындықты қажет етеді. Мұғалімдер де балғын болып келген балалардың білімін толықтырып, ересек өмірге дайындауда ата-анадан кем қызмет атқармайды», - деді Туғамбекова.
Ағылшын пәнінің мұғалімі атағандай, қазіргі технологиясы қарыштап, барлық елге шығу мүмкіндігі жоғары заманда ағылшын тілінің атқаратын рөлі ұшан-теңіз.
«Қазір шетелге саяхаттап барғанның өзінде ағылшын тілінің базасын білуің керек. Оң, солыңды сұрау үшін де ауызекі сөйлеу маңызды. Ағылшын тілі әлемнің тіліне айналып барады. Тіпті, шетелде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алғың келсе де, емтихандағы жоғары балды талап етеді. Ол үшін оқушылар мектеп кезінен бастап ағылшын тілін жақсы оқып, мектеп бітірерде жақсы деңгейде меңгеріп шыққаны абзал. Ол үшін, әрине, ағылшын пәнінен беретін мұғалімнің білімі маңызды. Ол тілді білу деңгейін үнемі шыңдап, пысықтап, жетілдіріп отыруды қажет етеді. Оқушыларға білім беру әдісі де үнемі жетілдіріп отырылуы жөн. Себебі тілді білу бөлек, ал өзгеге тілді үйрету ол мүлдем басқа дүние», - деді ағылшын пәнінің мұғалімі.
Педагог атағандай, оқушыларға білім беретін адамның тұлғалық қасиеттері, жүріс-тұрысы балаларға үлгі болуы керек.
«Киімдегі ұқыптылық, қатаң стиль, соның ішінде іс-әрекеттер мен айтылатын сөзге де жіті болу маңызды. Мұғалім мамандығы өз пәнін мұқият білуді ғана емес, сонымен қатар кең ой-өрісті, баланың кез келген сұрағына жауап бере білуімен де байланысты. Мұғалім үшін бақыт-бұл оқушының жетілгенін көру мүмкіндігі. Сондай-ақ, әріптестермен және мүдделі тараптармен идеялар ойлап табу және бөлісу де ерекше шабыт сыйлайды. Ең бастысы, сабақ беру, сол қуатты алатын уақыт та болуы керек», - деді Әмина Туғамбекова.
Ол атағандай, барлық ұстаз үшін үлгі бола алатындай тау тұлға Ыбырай Алтынсариннің образы бар. Ал қазір еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетов білім саласындағы реформаларды жүзеге асырып, мұғалімдердің жағдайын жасауға тырысып жатыр.
«Өзіміз сияқты жастардың да білім саласына көбірек бет бұрып, ұстаздықты қолға алып жатса, қуана түсеміз. Себебі қазір жасөспірімдердің заманы басқа, оларға өз тілінде сөйлеп, білім нәрін жеткізе алатын білікті мамандар қажет. Әрине, біз аға буыннан үйренеріміз әлі де көп. Олар кеңестік жүйеде тәрбиеленіп, тәуелсіз Қазақстан тұсында шыңдала түссе, қазір біз жаңа Қазақстанның бейнесі қалыптасып жатқанда еңбек етіп жатырмыз. Ал шет тілін меңгеру бойынша сабақ беру өз алдына бір үлкен миссиядан, жауапкершіліктен тұрады», - дейді ол.
Педагог атағандай, Қазақ елі тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген ұрпақ пен қазіргі буынның да айырмашылығы бар.
«Біздің кезімізде интерактивті тақталар енді пайда болып, соның қызығына тоймай білім алған едік. Қазір жоғары, сапалы технологиялардың лезде дамып, әлі де жетілдіріп жатқан кезеңі. Тіпті, қазақстандық жастар Google сынды әлемнің үздік компанияларында қызмет етеді. Әрине, бұл табандылықтың, біліктіліктің және технологиялылықтың белгісі, көрсеткіші. Мектеп кезінен бала өзінің сүйікті пәніне, бағытына ден қойып, шыңдай түссе, есейген соң ол сол салада білікті, сұранысқа ие маман болатыны сөзсіз. Сондықтан мен педагог ретінде осы жолда оқушылардың ағылшын тілін меңгеруіне үлес қосып жатқанымды мақтан тұтамын. Қазір әлемдік сұраныс солай болып жатыр, озық технологияны меңгеріп қана қоймай, сол технологияны жасаушы елдердің тілінде сөйлеу трендке айналып жатыр. Бұл адамның бір орында тұрып қалмауына, шет тілін меңгеріп, өз арманын орындауға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз», - деді Туғамбекова.
Оның айтуынша, кез келген тілді меңгеру үшін сол тілге деген ынта мен сүйіспеншілік болуы керек.
«Әрине, біз мектепте оқушылардың зейінін ашып, тілге деген махаббатын барынша арттыруға септігін тигіземіз. Алайда балаңыз ағылшын тілін тезірек үйреніп, мектеп бітіргенде қажетті IELTS балын алсын десеңіз, тілді қосымша оқыту керек. Бұл жерде тікелей оқушыға да байланысты. Мысалы, үй тапсырмасынан бөлек оқушыларға ағылшын тілінде фильм мен мультфильмдерді көрген пайдалы болады. Себебі тіл ең алдымен есту арқылы жаттығады. Кейін жазу, ең соңғысы сөйлеу меңгеріледі», - дейді ол.
Педагог қазір шетелде оқу мүмкіндігіне кез келген бала ие бола алатынын айтады.
«Бұрын біз үшін «шетелде оқып келіпті» деген бір ауыз сөз қол жетпейтін бағалы дүние сияқты көрінетін. Қазір ол кез келген адамның қолынан келеді. Алыс, жақын шетелге ағылшын тілін қажетті деңгейде білсең, білім алуға болады. Тіпті, әлемнің ең үздік Оксфорд пен Кембридж сынды университетінде білім алу арман емес, мақсатқа айналғаны қай заман. Себебі бұл университеттердің өзін тәмамдап келген қазақ балалары аз емес. Шет тілін меңгеріп, шетелде білім алу өте жақсы, ал сонда жинаған тәжірибе мен білімді Отанға келіп енгізу, кіріктіру екі есе өзекті. Сол үшін де оқушының бойынша елге деген сүйіспеншілік, патриоттық, рәміздерді сыйлау қасиеттерін сіңіру де педагогтің міндетіне кіреді», - деді Туғамбекова.
Марья Айдарбаева