Қазақстандағы репродуктологияның басты мәселесі – медициналық көмектің қолжетімсіздігі
Астанада алдыңғы қатарлы ғылыми және клиникалық орталық жетекшілері, Қазақстан, Португалия, Ресей, Беларусь, Израиль, Ұлыбритания, Жапония, АҚШ, Украина, Франция, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінің репродуктивті технологиялар саласының озық мамандары бас қосты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазір орташа есеппен бедеулік жиілігі – 15% және бұл көрсеткіштің өздігінен азаю үрдісі байқалмайды. Диагностиканың қазіргі заманғы әдістерінің дамуы бедеуліктің нақты себептерін анықтап, оны емдеу жолдарын іздеуге көмектеседі. Бедеуліктің 40%-дай жағдайы ерлердің репродуктивті жүйесі жұмысына байланысты. Ал аралас бедеуліктің жиілігі 30%-ды көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы репродуктологияның басты мәселесі – медициналық көмектің қолжетімсіздігі.
«Еуропалық стандарт бойынша 1 миллион тұрғынға жасалатын эсктракорпоральды ұрықтандыру жиілігі 1000-1500 арасында болуы керек. Демек, бізге 20-25 мың ЭКҰ жасау қажет. Қазір 15 мыңын іске асырамыз, оның 7000-ы ғана бюждет қаржысына жасалады. Әйел жүктілігі үшін орташа есеппен ЭКҰ-дың 3 бағдарламасы керек, өкінішке қарай, әйелдерге жылына тек бір ғана мүмкіндік беріледі», - деді ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Вячеслав Локшин.
Сарапшылар қазақстандық әйелдердің өз денсаулығына бей-жай қарайтынын айтты. Гинекологқа баратын әйелдер саны өте аз. Бала сүюді жоспарламайтын отбасылық жұптардың 11%-ы ғана заманауи әрі тиімді контрацептивтерді пайдаланады. Бедеулік деңгейі 15-20%-дан төмендемей тұр. Сол себепті халықты ақпараттандыру, сауаттандыру аса қажет деп санайды.
Айта кету керек, қазіргі кезде қазақстандық репродуктология саласына алдын ала имплантациялық генетикалық скрининг жасау әдісі енгізілді. Ол бала денсаулығында болуы мүмкін ауруларды алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс эмбрион жасушыларын көмекші репродуктивті технологиялар (КРТ) арқылы жатырға орналастырмай тұрып зерттеуге жол ашады. 46 хромосома алдын ала зерттеліп, жатырға генетикалық тұрғыдан сау эмбрион орналастырылады.
Бүгінге дейін Қазақстанда «шыны түтіктегі» 29 200 бала өмірге келген. 2021 жылы 1400 КРТ бағдарламасы орындалған.