Биылғы сайлауға алты бірдей кандидат тіркелді, оның екеуі – әйел адам
Еліміз егемендік алғалы президент сайлауына кімдер үміткер болды? Олар қазіргі уақытта қандай шаруалардың басы-қасында жүр? Azattyq Ruhy тілшісі экс-кандидаттарға шолу жасап шықты.
1998 жылғы 7 қазанда Парламент Мәжілісі мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді жақтады. Бұл бастаманы іске асыру үшін Қазақстан Президенті Парламент қабылдаған Конституцияға түзетулерді қарауға енгізді. Осылайша конституцияның 13 бабына 19 түзету енгізілді.
Осылайша 1999 жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқы президенттік сайлау өтті. (Еске сала кетейік, 1991 жылы болған Президенттік сайлау 1 желтоқсанда Тәуелсіздік алғанға дейін өтті).
Кандидаттар қатарында Нұрсұлтан Назарбаев, Серікболсын Әбділдин, Ғани Қасымов, Энгельс Ғаббасов болды.
Серікболсын Әбділдин президенттік сайлауда бір емес, екі мәрте бағын сынап көрген кандидат. Алайда екеуінде де бағы шаппады. Талай жылдар Мәжіліс депутаты болған ол соңғы рет «Әділ Қазақстан үшін» қозғалысының төрағасы лауазымын атқарған. Серікболсын Әбділдин 2019 жылдың 31 желтоқсанында дүниеден өтті.
Ғани Қасымов та – Президенттікке 2 мәрте үміткер болғандардың бірі. Біраз жылдар Үкімет пен Парламент қабырғасында жұмыс істеді. Тіпті Қазақ КСР Президентінің кеңесшісі лауазымын да атқарды. 1999 жылы өткен сайлауда 337 794 (4,61%) дауыс жинап, 3-орынға тұрақтады. Сондай-ақ, 2011 жылы Қасымов тағы да президенттік сайлауға түсті. Ол кезде кандидат 159 036 адамның дауысына ие болып, екінші орыннан көрінді. 2000 жылы «Қазақстан патриоттар партиясын» құрып, оған 15 жыл төрағалық етті. Алайда 2015 жылы аталған партия «Ауыл» партиясымен бірігіп тынды. 2019 жылдың 20 қыркүйегінен бастап Ғани Есенкелдіұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі болды. Сондай-ақ экс-кандидат мәдениет саласына да өз үлесін қосуға ниетті. Нақтырақ айтқанда, Қасымов 2021 жылдың наурызынан бастап «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ директорлар кеңесінің мүшесі саналады.
1999 жылғы сайлауға қатысқан тағы бір кандидат Энгельс Ғаббасов еді. Ол Президенттікке таласта ең аз дауыс жинап (5 570), кандидаттар арасында соңғы орынға ие болған. Қазақ жазушысы, қоғам белсендісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 2014 жылы 77 жасында қайтыс болды.
Айтпақшы, дәл осы сайлауға 7 328 970 бюллетень жасалып шығарылған. Оның ішінде пайдаланылмағаны және жарамсыз деп танылғаны – 107 562. Ал «Бәріне қарсымын» бағанын таңдағандар саны 123 703 адамды құраған екен.
2005 жылғы президенттік сайлауға бес кандидат қатысты. Олар: Нұрсұлтан Назарбаев, Жармахан Тұяқбаев, Мэлс Елеусізов, Ерасыл Әбілқасымов, Әлихан Байменов.
Сол жылы Қазақстан президентін сайлау тарихында тұңғыш рет тікелей эфирде телекөпір өткізілді, оған Нұрсұлтан Назарбаевты қоспағанда, барлық кандидат қатысты.
Сайлау нәтижесі бойынша дауыс берген халықтың 91,15 %-ның қолдауына ие болған Назарбаев тағы да Президент атанды.
Екінші орынға Жармахан Тұяқбаев жайғасты. Ол саяси тартыста 445 934 дауыс жинады. Бұл жалпы дауыстың 6,61 пайызын құрайды. Тұяқбаев 7 жыл бойы Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы қызметін атқарды. Алайда 2019 жылы «уақытым келді» деп орнын босатты. Бүгінде 75 жастағы экс-кандидаттың қайда екені және қандай қызмет атқаратыны туралы ешбір ақпарат жоқ.
Әлихан Байменов бұл сайлауда Президенттікке үміткер ең жас кандидат болды. Сайлау нәтижесінде «Ақ жол» демократиялық партиясының атынан ұсынылған Байменовке 108 730 (1,61 %) адам дауыс берді. Оппозициялық партияның өкіліне президент болу бұйырмаса да, Мәжіліс қабырғасынан депутаттық орын табылды (2004-2007 жж.). Бір кездері саяси аренада белсенді болған Байменов, бүгінде көп жерде көріне бермейді. Қоғам қайраткері қазір Астана Мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүр.
2005 жылғы Президенттік сайлауға қатысқан кандидаттардың бірі – Мэлс Елеусізов сайлауға өзін өзі ұсынған үміткер. Бұл саяси додада Мэлс Хамзаұлы 0,28% көрсеткішпен 18 834 азаматтың дауысына ие болып, соңғы орыннан көрінді. Талай жыл Мәжіліс қабырғасында депутат болған эколог бүгінде «Табиғат» Қазақстанның ассоциациялары мен кәсіпорындарының экологиялық одағы» жеке мекемесіне төрағалық етеді. Айта кетерлігі, Елеусізов те Ғани Қасымов секілді президенттік сайлауда екі мәрте бағын сынап, 2011 жылғы сайлауда да соңғы орынға табан тіреді.
Қазақстандағы президенттік сайлауға қатысқан тағы бір кандидат – Ерасыл Әбілқасымов. Оған сайлауда 23 252 адам дауыс берді. Үміткер туралы интернет беттерінде ақпарат аз, қоғам мәселесіне келгенде де көп жерден көрінбейді. Дәл сол 2005 жылғы сайлау кезінде Ерасыл Әбілқасымов пен Мэлс Елеусізов екеуара дауыс бөлу үшін ғана сайлауға түсті деген де пікір болды. Айтпақшы, бұрынғы кандидаттың өзі танымал болмаса да, қызын Мәдина Әбілқасымованы халық жақсы таниды. Бір кездері Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған ол көпбалалы аналардың жәрдемақысына қатысты аңдамай сөйлеп, ақыры отставкаға кетіп тынған еді.
2011 жылғы сайлауда ескі кандидаттар қайта бақ сынады. Араларында саяси тартысқа бірінші рет қатысқан Жамбыл Ахметбеков қана болды. Қазақстан Коммунистік Халық партиясынан ұсынылған кандидат сайлау нәтижесі бойынша 1,36 % дауыс жинады. Сондай-ақ Жамбыл Аужанұлы 2019 жылы өткен президенттік сайлауға да қатысты. Ол кезде кандидат жалпы дауыс беру қорытындысы бойынша 1,82% дауыс жинап, 6-орыннан көрінді. Ахметбековтің Парламент Мәжілісінде депутат болып отырғанына биыл 10 жыл болыпты. Депутаттың төменгі палатадағы белсенділігі орташа, жыл басынан бері ол бас-аяғы алты депутаттық сауал жолдаған екен.
2015 жылғы Қазақстандағы президенттік сайлауға бар болғаны 3 кандидат қатысты. Олар Нұрсұлтан Назарбаев, Тұрғын Сыздықов және Әбілғазы Құсайынов.
Кандидат Тұрғын Сыздықов Қазақстан Коммунистік Халық партиясының атынан ұсынылды. Бұл сайлауда оны 145 756 адам қолдап, нәтижесінде жалпы есепте 1,61% дауыс жинады. Бүгінде 75 жасқа жеткен экс-кандидат зейнетке шығуды жөн көрген сияқты. Ол соңғы рет 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және Өңірлік даму комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты болған.
1999-2000 жылдар аралығында Үкімет қабырғасындағы бірнеше министрлікте қызмет атқарған Әбілғазы Құсайынов бұл сайлауда бар болғаны 57 718 (0,64 %) дауыс жинап, президент бола алмады. Соңғы деректер бойынша, Әбілғазы Құсайынов қазір «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі.
Айтпақшы дәл осы сайлауға Мэлс Елеусізов үшінші мәрте қатыспақ болды. Алайда қаражатының жоқтығына байланысты бас тартты.
2019 жылы президенттік сайлауға түскен үміткерлердің арасында Әміржан Қосанов ерекше есте қалды. Сайлауда 16,2% дауыс жинап, екінші орынға ие болды, бұл оппозициялық кандидаттар арасында елдегі бұрынғы президенттік сайлаумен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш. Алайда сайлаудан кейін Қосанов стресс алды ма, әлде үзіліс алды ма белгісіз, бірақ біраз уақыт көзге түспеді. 2021 жылы отандық БАҚ-тардың біріне берген сұхбатында Қосанов президент сайлауына дейін, одан кейін де мемлекеттік қызмет пен бизнесте жоқ екенін айтқан еді. Сондай-ақ саясаттанушының БАҚ өкілдеріне жасаған соңғы мәлімдемесінде оның 2022 жылғы президенттік сайлауға қатыспайтыны айтылды.
Дәл осы сайлауға түскен тағы бір кандидат Төлеутай Рахымбековті көбі біле бермейді. Саясаттанушы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылды. Сайлау нәтижесі бойынша 280 451 адамның қолдауына ие болып, 3,04% дауыс жинау арқылы төртінші орынға тұрақтады. Сайлаудан кейін де Төлеутай Сатайұлын танитындар саны арта түскен жоқ секілді. Бүгінде ол «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
Тағы бір танымал емес кандидат – Амангелді Таспихов. Сайлауда кандидатқа 182 898 қазақстандық дауыс беріп, үміткерлер арасында 5-орын бұйырды. Белгілі болғандай Амангелді Таспихов соңғы мәрте 2019 жылдан бастап 2022 жылдың қазан айына дейін «Урихтау Оперейтинг» ЖШС Бас директоры лауазымын атқарды. Ал қазір экс-кандидаттың немен айналысып жүргені белгісіз.
2019 жылы өткен сайлауда ең аз дауыс жинаған кандидат – Сәдібек Түгел. Сайлауда оның қолдаушыларының саны 84 582 адамды құрап, нәтижесінде 0,92% дауыс жиналды. Үміткердің кандидатурасын «Ұлы дала қырандары» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. Экс-кандидат бүгінде көп жерде төбе көрсетпейді. Тіпті интернет сайттарында да қоғам қайраткерінің бүгінде қандай қызметте жүргені туралы нақты ақпарат жоқ.
2019 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет әйел адам президенттікке үміткер болып тіркелді. Дания Еспаеваны президенттікке кандидат ретінде «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы ұсынды. Талай жыл банк саласында қызмет атқарған Еспаева қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің депутаты.
Ал биылғы сайлауда Президенттікке алты бірдей кандидат таласады, оның екеуі – әйел адам.