Қазақстанның әскери әлеуетін күшейту маңызды бағыт болып қала бермек
Жалпы әскери шығындар бойынша әлемдік көрсеткіш тарихта алғаш рет 2 трлн доллар межесінен асып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, 2 трлн 113 млрд долларды құрады. Алайда, пандемия қысқан екі жылда Қазақстан әскерін қаржыландыру азайтылған екен. Салдарынан Қазақстан қорғанысқа бөлінген шығыстар бойынша рейтингте Еуразиялық одақтың барлық елдерінен артта қалды.
SIPRI Military Expenditure Database қорғанысқа жұмсалатын шығындар рейтингінде Қазақстан 115-ші орынды алды. Бұл ретте SIPRI (Стокгольмнің әлемді зерттеу халықаралық институты) дүниежүзі елдерінің 2020 жылғы деректерін назарға алған. Зерттеу барысында жұмсалатын ақша сомасы емес, бөлінген шығыстың мемлекеттің ЖІӨ-сіне шаққандағы үлесі ескерілген. Өйткені сарапшылар дәл осыны – әскери істің дамуына ықпал ететін ең нақты көрсеткіш санайды. Себебі экономика неғұрлым қуатты болса, оны қорғау мұқтаждықтары соғұрлым арта түседі.
Елдердің қорғаныс саласына жұмсайтын шығынның ЖІӨ-дегі үлесі
Осылайша, Қазақстанның қорғаныс саласына шығыстары 2020 жылы небары 1,1%-ды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, Әзербайжан 5,4%-бен әлемде 6-шы орынға шықты. Армения 4,9%-бен 8-дікке кірді. Әрине, бұл жерде Ереван кеңестік және ресейлік қаруға сүйенемін деп, аузы күйді. Ал Баку Түркияның, Израильдің және батыстың қаруын көптеп сатып ала бастады. Кімнің ұтқанын және көреген болғанын былтырғы және биылғы Карабах соғысы көрсетті.
Кейінгі жылдары көрші Ресей де соғысқа қызу дайындалды, тоқтаусыз әскери жаттығулар өткізді, әскери-өнеркәсіптік кешенге аста-төк қаржы құйды. Нәтижесінде, 4,3%-бен жаһандық ондықтан орын алды. Айтқандай, бір тықырдың таянғанын сезген Украина да әскери шығыстарын ЖІӨ-нің 4,1%-ына дейін ұлғайтып, әлемдік рейтингте 11-ші орынға шықты.
Айта кету керек, рейтингтегі алғашқы орындарды араб елдері иеленді: бірінші орында – Оман (10,9%), екінші тұғырға Сауд Арабиясы көтерілсе (8,5%), ал үшінші орынға Алжир жайғасқан (6,7%). Олардың ізімен Кувейт (6,5%) және Израиль (5,6%).
Еуразиялық одақ бойынша Қырғызстан 1,8 пайызбен 62-ші орынға, ал Беларусь 1,3 пайызбен 100-ші орынға көтерілді. Қазақстан болса 1,1 пайызымен жүздіктен тыс қалды (115-орында).
Жалпы, барлық көршімен тату-тәтті тұру саясаты аясында тәуелсіздіктің отыз жылдығында Қазақстан қорғаныс саласына көп шығындалмауды жөн көргендей. Батыстың қымбат, бірақ қуатты жаңа қаруларын көптеп сатып алуға қаражат жетпеді, негізінен, ҰҚШҰ аясында Ресейден жеңілдікпен сатып алынатын техникаға баса назар аударылды. 2021 жылдың 9 айында армияға небәрі 542,4 миллиард теңге жұмсалыпты. Салыстыру үшін айтсақ, ауыз толтырып айтарлық нәтиже әкеле қоймаған "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына және тиімділігі төмен болған "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасына бұдан екі есе көп қаражат бөлінген (әрқайсысына 1 триллион теңгеден).
Қорғаныс саласындағы зауыт-кәсіпорындарды дамытуға салынған инвестиция да тым мардымсыз: былтыр 50 миллиард теңгеден асты. Жалпы алғанда, кейінгі 10 жылда қорғаныс саласына бар-жоғы 550,1 миллиард теңге инвестиция құйылыпты. Бұл барлық сала ішіндегі ең азы. Мәселен, осы кезеңде отандық өнеркәсіпке 45,6 триллион теңге, жылжымайтын мүлік нарығына – 10,3 трлн, көлік және қоймаларға – 12 трлн, ауыл шаруашылығына – 2,8 трлн теңге инвестиция салынған.
Пост-кеңестік елдердің қарулы күштерінің, резервтерінің және әскери құрылымдарының саны (2020 жылғы дерек)
Дегенмен, қаңтар оқиғасынан кейін жағдай өзгерді. "Қасіретті қаңтардан" кейін Мәжілістің отырысында сөз сөйлеген Президент армияның аянышты күйге түсе бастағанын ашық айта келе, Қарулы күштерді реформалауды тапсырды.
"Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Армияның соғысқа қабілеттілігін түбегейлі арттыруға тиіспіз", – деді Мемлекет басшысы.
Қазір нақтыланып, қайта бекітілген бюджетте қорғаныс саласына бөлінген қаржы едәуір ұлғайды. Премьер-Министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Президенттің тапсырмаларын орындауға жалпы сомасы 1,8 триллион теңге бағытталады. Бұнда Қазақстан әскери қабілетін арттыруға, күштік құрылымдарды жарақтандыруға арналған қосымша қаржылар бар. Күштік құрылымдардың биылғы қаражаты тағы 446 млрд теңгеге көбейіп, 2,2 триллион теңгеге жетті.
Қарулы күштерде реформа қолға алынды. Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Төтенше жағдай немесе соғыс кезінде барлық меморгандардың іс-қимылдарының бірыңғай алгоритмі әзірленді. Қарулы күштерді пайдалану ерекшеліктері айқындалды.
Бір апта бұрын, яғни қазанның 24-не Президент елдің әскери доктринасына өзгерістерді бекіткен болатын.
"Құжатта әскери қауіптер мен қауіпсіздікке әсер ететін заманауи жағдайлар мен факторлар көрсетілген. Оған әскери-саяси және әскери-стратегиялық салалардағы қызметтің жаңа бағыттары, нормативтік құқықтық актілерді жүйелеу және әскери жоспарлау жүйесін енгізу шаралары енгізілген" деп мәлімдеді министрлік.
Жаңа доктринада "қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін арттыру үшін арнайы операциялар күштерін дамыту және олардың басқа мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелерімен өзара іс-қимылын кеңейту көзделген".
«Қалқан – 2021» Қазақстан мен Өзбекстан әскерилерінің біріккен әскери жаттығулары
Белгілі болғандай, алда қазақстандық "Шағала" атты ұшқышсыз ұшу аппаратын әзірлеу жұмыстары басталмақ. Отандық дрон жаңа қорғаныс министрі генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовқа таныстырылған болатын.
Қорғаныс министрлігі майдан даласында командирлердің шешімдерін қабылдауға қолдау көрсету мақсатында "Е-шешім" қосымшасын әзірлеп жатыр. Бұған қоса, отандық қорғалған желілерді құру жөніндегі электрондық бағдарлама дайындалыпты.
Қалай болғанда да, "айналаны таспен емес, доспен қоршадық" деген ұстанымда болған мемлекетіміз "жау жоқ деме, жар астында" деген принципке назар аудара бастады деп топшылауға болады.