Рақымшылыққа ілігетіндердің бәрі бостандыққа шықпайды – заңгер
Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандардың жаза мерзімі қысқаруы мүмкін
Заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамов соңғы 30 жылдың ішінде жарияланған 10 амнистияның соңғысы, яғни ұлттық рақымшылықты ерекше деп атауға болады дейді. Оны қоғам мен мемлекет тарапынан бір реттік жоғары моральдық жария-құқықтық қадам ретінде қарастыру керек деген пікірде, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Айта кету керек, рақымшылық адам құқықтары мен бостандығын сақтау және құрметтеу актісі ретінде нақты сипатқа ие және оған негізінен, осы жылдың 4-7 қаңтары аралығында жаппай тәртіпсіздіктер мен соған байланысты әрекеттерге қатысқан адамдар жатады. Бұдан басқа, Рақымшылық жасау туралы заңның күші полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер жасаған жекелеген қылмыстық құқықбұзушылықтарға (жеке тұлғаға қарсы, көрінеу заңсыз ұстау, айғақтар беруге мәжбүрлеу, қылмыстық құқықбұзушылықты жасыру, қызметтің бір бөлігін немесе орнын өз бетінше тастап кету, қызметке немқұрайлы қарау) қолданылады.
Демек, Рақымшылық жасау туралы заңның күші қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктермен байланысынан тыс басқа қылмыс жасағандарға қолданылмайды. Рақымшылық жарияланған Қылмыстық кодекстің 52-бабын қамтитын қылмыстарды айқындаудың негізінде Бас прокуратура мемлекеттің қылмыстық қудалау органдарында тіркелген адамдар мен іс-әрекеттерді құқықтық есепке алуда негізделген дәл, терең тексерілген деректермен жұмыс істеді», - деді заңгер, М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің профессоры Марат Қоғамов.
Заңгер рақымшылық жасаудың шарттары, негіздері, дәйектілігі және рәсімдеу тәртібі Қылмыстық кодексінің 78-бабының талаптарына, рақымшылық туралы заңның нормаларына, сондай-ақ аталған заңды қолданудың арнайы алгоритміне негізделеді деп отыр. Осылайша, рақымшылық жасау туралы акт негізінде қылмыстық теріс әрекет немесе ауырлығы аз немесе орташа қылмыс жасаған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін. Яғни, тағайындаған жазадан босатуға не қысқартуға немесе неғұрлым жеңіл түріне ауыстыруға болады.
«Ал ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға келетін болсақ, оларға тағайындалған жаза мерзімін қысқартуы мүмкін. Жазасын өтеген немесе оны одан ары өтеуден босатылған адамдардан рақымшылық жасау туралы актімен сотталғаны туралы айып алынып тасталынуы мүмкін. Рақымшылық жасау туралы акт кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, террористік, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы кезінде жасаған қылмыстарға қолданылмайтыны маңызды. Осылайша, істі болған азаматтың оған Рақымшылық жасау туралы заңның нормаларын қолдануға міндетті түрде келісімі анық көрсетілген жағдайда, егер оған қатысты қылмыстық іс тергеу сатысында не сот талқылауында болса, қылмыстық іс қылмыстық процестің тиісті сатысында іс жүргізумен тоқтатылады не сотталушыға (сотталғанға) қатысты қолданудан босатыла отырып, айыптау үкімі шығарылуы мүмкін.
Рақымшылық туралы заңның нормалары қоғам мен мемлекеттің ауыр және аса ауыр қылмыс жасаушыларға деген мейірімділігін білдіреді. Барлық жағдайда соттар оларға бас бостандығынан айыру түрінде өтеуге жататын қылмыстық жаза тағайындайды. Алайда ол ауыр қылмыс жасаған кезде төрттен үшке және аса ауыр қылмыс жасаған кезде жартысына қысқартылады. Ол адамдардан оларға рақымшылық жасау актісін қолдануға келісімі сұралмайды», - дейді заңгер.
Жалпы алғанда, қылмыстық істері тергеу сатысында немесе соттарда қаралуын жалғастырып жатқан адамдарды есепке алмағанда, Рақымшылық жасау туралы заң қазірдің өзінде 915 сотталған адамның, оның ішінде бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазасын өтеп жатқан 87 адамның және сотқа қатысы жоқ қылмыстық жазаға сотталған 828 адамның құқығы мен мүддесін қорғамақшы.