10 жұптың 7-еуі құмар ойындардың кесірінен ажырасады
2022 жылдың жарты жылдығында құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру бойынша қызметтер көлемі 294,4 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құндық мәнде бірден 8,3 есе көп және 2021 жылдың толық көрсеткіштерінен екі есе дерлік артық.
Еліміздің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылы құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтерінің көлемі 73,9 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылмен (78,6 млрд) салыстырғанда құндық мәнде 6% - ға аз.
2020-2021 жылдары бұл бағытағы қызметтер көлемі құнының 2022 жылмен салыстырғанда аз болуына екі себеп болуы мүмкін. Біріншіден, әрине пандемияның ықпалы көп азаматтың қалтасын қаққаны белгілі. Екіншіден, 2021 жылдан бастап барлық букмекерлер Ставкаларды есепке алу орталығы арқылы жұмыс істей бастады. Демек, бұл бағыттағы көлеңкелі бизнесті жою механизмі іске асырылды.
Маусым айындағы Мәжілістегі жалпы отырыстардың бірінде депутат Екатерина Смышляева Үкімет басшысының сол кездегі орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі ойынқұмарлардың мәселесі әлі де тиімді шешімін таппай отырғанын жеткізген еді.
Депутат келтірген мәліметтерге сүйенсек, ойынқұмар қазақстандықтың қарызының орташа мөлшері 10 миллион теңге шамасында, еліміздегі отау құрған 10 жұптың 7-еуі құмар ойындардың кесірінен ажырасады, қылмыстық әрекеттер мен суицид жағдайлары да жиілеп кеткен. Осының бәріне қарамастан заңнамада букмекерлік орталықтарды жарнамалауға тікелей тыйым жоқ.
Қазіргі уақытта депутаттар жастар саясаты жөніндегі заң жобасы шеңберінде букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тыйым салу бойынша қосымша заңнамалық шаралары ұсынылды, өйткені қолданыстағы нормалар орындалмайды. Бірақ бұл да жеткіліксіз болып отыр. Себебі, елдегі жастар мен ересектер арасында бәс тігу жайттары көбеймесе, азаяр емес.
Azattyq Ruhy тілшісі бәс тігуге құмартатын адамдардың портреті мен болмысы қандай болатындығы және жаман әдеттің түбіне түскендерді қалай емдеу керектігі жөнінде психолог маманнан сұрап білді.
«Бәс тігетін адамдардың белгілі бір санаты жоқ. Кәмелет жасына толмаған балалар да, егде жастағы адамдар да құмар ойынның кеңістігінде жүруі мүмкін. Бұл тек санаға байланысты, мәселен адам физикалық тұрғыда өскенімен, сана деңгейі өспей қалуы мүмкін. Міне, осылай сана деңгейі өспей, белгілі бір деңгейде қалып кеткен адамдар көбінесе осындай ойындарға бейім келеді. Мұның арнайы бір ережесі жоқ. Бұл кеңістікке адамдар әртүрлі жағдайда тап болуы мүмкін», - дейді психолог Марал Жұмагелді.
Әдетте мамандар құмар ойындар ойнайтын және бәс тігуді әдетке айналдырғандарды бірнеше санатқа бөліп қарастырады.
«Мәселен, адам бала күнгі немесе есейе келе алған жараларының кесірінен, яғни шешілмеген гештальттың салдарынан осындай жолға түсіп кетуі мүмкін. Ал енді бірі «бірігу процесінде» жүргендер санатына жатады. Яғни ондай адамның өзінің ішкі «мені» жоқ, өзіндік ой пікірі қалыптаспаған адамдар. Психологиялық тілде бұл конфлюэнция деп аталады. Олар біреулердің арбауымен жүретіндер немесе сөздеріне еріп кететіндер, өзгелерге қызығумен жүріп, осы процестен шыға алмай, осындай жолға түсіп кетуі мүмкін. Үшінші жағдай бұл - проекция. Оған адамдар қалай түсіп қалады? Мәселен қолында азын-аулақ ақшасы бар делік, ол сол сол ақшасы арқылы «көп ақша ұтып алуым мүмкін» деп ойлайды. «Мүмкін» ол нақты нәрсе емес, ол сол нақты нәрсе емес нәрселерге қиял-ғажайып ойларына сенеді», - дейді психолог.
Психологтар дәл осы ойынқұмар және бәс тігуге әуес адамдарды қалыпты өмірге қайта әкелу – ең қиын жұмыстардың бірі деп санайды. Көп жағдайда тіпті оң нәтиже де бола бермейді.
«Себебі үзіліс механизмдерін жасау оңайға соқпайды. Әдетте өзінің қиял-ғажайыбына сенген адамдар шынайы өмірде өзімен кездесуге көбіне қашады. Өйткені, бұл процесс ол үшін өте ауыр. Сол себепті мұндай пациенттерді емдеуге ұзақ уақыт кетеді. Ең қиын нәрсе өзіңмен өзің кездесу, болмысыңды тану, реалистік өмірге қадам басу. Көбіне конфлюэнция мен проекцияда жүретін адамдар шынайы өмірге қадам басуға қорқатын адамдар. Ол өзінің бар жетістігін сол құмар ойындармен, ставкалармен ұштастырып қойған. Сондықтан ондай адамда көп жағдайда кінәлау, ұрысу арқылы психологқа апару нәтиже бермейді. Ондай адамдарды сол болмысы арқылы ақырын ғана өзгертеміз. Бірден өзгертіп жіберетін ешқандай ғажайып таблетка жоқ. Бірақ емдеуге болады», - дейді маман.
Мамандардың кәсіби тілін қарапайым сөзбен түсіндірер болсақ, ойынқұмар адамдарда өздерінің шынайы болмысынан алыстау болады. Ал бұған көбіне сыртқы факторлар ықпал етеді екен.
«Яғни көз алдында бәсті ұтып жатқан адам бар. Бәлкім өзі де бір кездері де өзі жеңіске жеткен болуы мүмкін. Сыртқы фактор осыларға негізделеді. Ал ішкі фактор ол адамды адастырмайды. Адам іштей «Егер мен осыны жасасам, бұның арты не болады? Бұл нақты ақпарат ма, әлде менің жай ғана ойым ба?» деген сияқты санасында сұрақтар туындайды. Бірақ, ойынқұмарлар көбіне өзгенің дауысына ілесіп кетіп жатады. Біреудің дауысы деген санадағы «сен ұтасың, мен де жеңіске жеттім ғой» деген ойлар. Мұндай адамдардың ішкі болмысы қатты дамымаған болады. Бұларда ми шешімді тек сыртқы факторларға қарап қабылдайды», - деді Марал Жұмагелді.
Ойынқұмарлардың қатарында соңғы кездері шенеуніктер де көбейе бастаған. Жуырда Алматы облысының прокуратурасы казино мен ойын автоматтары залдарының қызметін тексеріп, жұмыс уақытында осы мекемелерге барып, 507 миллион теңге жоғалтқан түрлі өңірлерден келген 305 мемлекеттік қызметшіні анықтаған болатын. Сонымен қатар, олардың ұтылған сомалары ресми кірістерінен асып түсті. Мәселен, ресми түрде жылына 10 млн теңге табыс табатын Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің қызметкері казиноға 54 рет барып, 53 млн теңге құйған. Жылдық табысы 3 миллион теңгеден аспайтын Алматы облысы бойынша Қазынашылық департаментінің қызметкері казиноға 25 рет барып, 33 миллион теңгеден айырылды. Бүгінде әрбір факті бойынша тиісті мемлекеттік органдар тексеріс жүргізіп жатыр. Тексерулердің нәтижесі бойынша ең қатаң шаралар қабылданады.
Мемлекеттік қызметкерлердің дәл бұлай оңды-солды шашатын табыстары жоқ. Сондықтан да «олардың мұндағы мақсаты қомақты қаражатқа ие болу немесе өз қажеттілігін өтеу» дейді маман.
«Оған ақша маңызды емес болуы мүмкін деген де фактор бар. Яғни ондай адамдар әдетте өзінің қандай да бір қажеттелігін өтегісі келеді. Мәселен, ол ұтысқа ие болу арқылы өзгеге өзінің мықтылығын дәлелдегендей болуы мүмкін. Бұл - қажеттілік. Мұндай проблемаға тап болмас үшін адам бірінші өзіне жол салуы керек. Өзіне жол салуды ол өзіне қажеттіліктерді іздеу арқылы таба алады. Қажеттілік деген ол күнделікті тамақ, ауа, су, жатын орын ғана емес, адам өмірінде сан түрлі қажеттіліктер болады. Сол қажеттіліктерді іздеу кезінде адасушылыққа тап болып жатады. Нақты қажеттіліктерді анықтау үшін ішкі жан дүниеге үңілу керек. Яғни, адамның өзгелермен сөйлесуі, жылу іздеуі, біреуге қажет болуы мұның барлығы қажеттілік. Сондай-ақ, байланысқа түсу мәселесі. Бұл да өте маңызды. Тыңдау және өзгені тыңдату - бұл өмірлік маңызы бар факторлардың бірі. Осы арқылы адам өзін таба алады. Қожа Ахмет Яссауидің айтқаны бар «адам өзін іздеп табуға бір ғасыр жеткілікті, ал біреудің өмірін іздеп табуға бір ғасыр жеткіліксіз». Ол өзін 18 жылда іздеп тапқан екен. Бұл өте қиын процесс, бірақ адамды өсіретін сол қиындықтар», - дейді маман.
Айжан Жанатқызы