«114 мың теңге ал». Сарапшы мессенджер арқылы тараған жаңа ойын туралы ескерту жасады
Сарапшылар бұл ойын қаржылық пирамида екенін ескертеді
Белгілі сарапшы, «Exante» халықаралық инвестициялық компаниясының талдаушысы Андрей Чеботарев әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан жаңа ойынға қатысты ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ойын «Қара касса» деп аталады. Жарнамада айтылғандай, оған қатысу үшін 14 300 теңге салып, әрбір қатысушы соңынан екі адам кіргізу керек. Адамдар саны көбейген сайын қатысушылар пирамида бойынша көтеріліп, соңында 114 мың теңге ала алады.
Сарапшы Андрей Чеботарев Finance.kz телеграм каналында бұл ойынды қаржылық пирамида деп атады.
«Бұл қарапайым Понци схемасы. Ол расымен ең басында кірген инвесторларға табыс әкеледі. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл МММ, Кэшбери сияқты қаржылық пирамида. Бұл бастапқы кезеңде қатысқандар үшін ғана табыс әкеледі. Ойынға жаңадан қосылушылар азайғанда, табыс та болмайды», - деп жазды сарапшы.
Сарапшы халықты жалған жарнамаға алданбауға, жеңіл жолмен пайда табамын деп опық жеп қалмауға шақырды.