Қазір елімізде КВИ көрсеткіші төмендеді
Қазір коронавируспен ауыру көрсеткіші, өлім-жітім статистикасы айтарлықтай төмендеді. Елде карантиндік шектеулер алынып тасталды. Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден CBS «60 минут» бағдарламасына берген сұхбатында пандемияның аяқталғанын, десе де коронавирусқа қатысты түрлі мәселелер барын айтқан еді.
Azattyq Ruhy тілшісі елдегі вирустың таралу көрсеткіші, КВИ аяқасты қайта өршісе ел медицинасы қаншалықты дайын екенін отандық анықтап білді.
Дәрігерлер КВИ жұғу көрсеткіші төмендегенмен вирусты толығымен жеңдік деп айту әлі ерте екенін жеткізді. Себебі, індет кез-келген уақытта қайта өршуі мүмкін. Сондықтан профилактикалық шараларды сақтаудың маңызы әлі де жоғары.
«Соңғы екі ай бойы республикада коронавирустық инфекциямен сырқаттану деңгейінің төмендеуі байқалады. Қазіргі уақытта тәулігіне КВИ+ 60 жағдайға дейін, КВИ- 10 жағдайға дейін тіркеліп отыр және вирустың айналымда болуы әлі де жалғасып жатыр.
Коронавирустық инфекция тек біздің елде ғана емес бүкіл әлемде тіркеліп отыр. Пандемияның жойылуы туралы мәліметті тек қана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасайды. Сондықтан профилактикалық шараларды сақтауды одан әрі жалғастыру қажет. Алдын-алу шаралары қашанда маңызды», - дейді Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас сарапшысы Мейірім Сұлтанова.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде коронавирус инфекциясы тұмаумен бірге қайта өршуі мүмкін екенін болжады. Бұл туралы мәлімдемені агенттік басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Женевада өткен брифингте хабарлады.
Дәрігерлер тұмау мен КВИ-дің симптомдары ұқсас болатынын айтады. Тұмау және коронавирустық инфекцияны ажырату үшін тек дәрігерге қаралу қажет. Олар нақты диагноз қойып, емдеуді тағайындайды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева коронавирустың таралуының бәсеңдеуіне оған қарсы жүргізілген екпенің әсері көп екенін айтады. Маман дер кезінде жұртшылықты вакцинациядан өткізу вирустың бұрынғыдай жұғу көрсеткішін бәсеңдетіп, қайта жұққан күннің өзінде екпе алған адам ағзасы жеңіл түрде өткізетінін айтты.
«Коронавирус инфекциясы (бұдан әрі – КВИ) бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына осы инфекцияға қарсы вакцинациялаудың айтарлықтай әсері тиді. КВИ-ге қарсы иммундау бұл инфекцияның ауыр салдарынан қорғап, өлім-жітімнің күрт төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік берді. Әлемдік деңгейдегі зерттеулерге сәйкес вакцинацияланған адамдар коронавирус инфекциясымен ауырса, оны жеңіл түрде асқынусыз өткеретіні дәлелдеген.
Сонымен қатар, тұрақты эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз етуде инфекция жұғу қаупі жоғары топтарды (медицина қызметкерлері, егде жастағы адамдар, созылмалы ауруы бар науқас адамдар) ревакцинациялаудың маңызы зор екендігін қосымша атап өткен жөн», - деді Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмек саясат департаменті коронавирус аяқасты өршіген жағдайда ел медицицнасы толықтай дайын, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екенін айтты. Қазір республика бойынша коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр.
«Қазақстан Республикасының аумағында COVID-19 коронавирустық инфекциясының (бұдан әрі – КВИ) пайда болуына және таралуына жол бермеу мақсатында министрлік медициналық ұйымдарды КВИ емдеу кезінде қолданылатын дәрілік заттармен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін әзірледі. Осылайша, эпидемиологиялық жағдайға байланысты КВИ емдеу және жедел жөнелту үшін медициналық ұйымдарда, сондай-ақ бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында 16 дәрілік заттардың, жеке қорғаныс құралдарының атауы бойынша стратегиялық қорлар құрылды.
Тағы бір маңызды шара – әлеуметтік маңызды аурулар бойынша сатып алынатын дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жалпы санының 25%-на дейінгі көлемде төмендетілмейтін қор қалыптастыру болды. Бұл өз кезегінде дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етуге, дұрыс емес жоспарлау тәуекелдерін митигациялауға, төтенше жағдайлар туындаған кезде дәрімен қамтамасыз ету қажеттіліктеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді», - делінген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмек саясат департаментінің берген ақпаратында.
Құрылған дәрілік заттардың қоры Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларындағы бірыңғай дистрибьютордың 4 ірі хабында сақталады.
«Бүгінгі күні Бірыңғай дистрибьютор КВИ емдеу үшін дәрілік заттарды жеткізуді жүзеге асырды: 2 352,14 млн теңге сомасына амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін, бұл жөнелту жоспарының 98%-ын құрайды;
11 815,8 млн теңге сомасына стационарлық, стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін, бұл жөнелту жоспарының 99%-ын құрады.
Сонымен қатар, министрлік КВИ емдеу үшін қолданылатын 2023 жылға арналған дәрілік заттарға қажеттілікті жинауды және 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында дәрілік заттардың бар қалдығымен қажетті мөлшерді салыстыруды жүргізді. Талдау республика бойынша медициналық ұйымдарда антикоагулянттық (апиксабан, дабигатран, ривароксабан) және антипиретикалық препараттардың (парацетамол, ибупрофен) жеткілікті көлемінің болуын көрсетті. Қазіргі уақытта елдің медициналық ұйымдары КВИ емдеу үшін барлық қажетті жеке қорғаныс құралдарымен және дәрілік заттармен қамтамасыз етілген», - дейді Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмек саясат департаменті.
Дәрігерлер КВИ-ді болдырмау үшін халықты сақтық шараларын барынша сақтап, еркінсімеуге шақырды.
«Коронавирустық инфекцияны болдырмау үшін ең алдымен COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсын және ревакцинацияны уақытылы алу қажет деп айтқым келеді. Себебі вакцина індетті толық жеңудің басты жолы. Коронавирус жұқтырған науқастармен байланыста болған жағдайда міндетті түрде масканы пайдалану қажет және бұрыннан қайталап айтып келе жатқан басты ереже – қол гигиенасын сақтау және науқас адамдармен қарым-қатынас жасамау сияқты алдын алу шараларын ұстану. Дерттің қайта өршімеуі адамдардың өзіне тікелей байланысты. Сондықтан сақтық шараларын ұстанайық», - деді Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас сарапшысы Мейірім Сұлтанова.
Айта кетейік, вирус алғаш рет ҚХР-дің Хубэй провинциясы Ухань қаласында 2019 жылдың желтоқсанында анықталып, кейін күллі әлемге тарады.