«Қазақ тілім қайдасың?»: қандай отандық мобильді қосымшаларда қазақ тілі жоқ

Автор: Әсел Оршыбекова

Халық жиі қолданатын қосымшалардың көбісінде қазақ тілі жоқ болып шықты 

Фотоколлаж

Жуырда ғана мемлекеттік тілде жауап беретіндерді «мәдениетсіз» деп атаған Равиль Мухоряповтың сөздерінен кейін қазақстандықтардың басым бөлігі оның мобильді қосымшаларынан бас тартты. Осы ретте Azattyq Ruhy тілшісі еліміздің өзге де мобильді қосымшаларына талдау жүргізіп, ондағы қазақ тілінің мәртебесін зерделеп көрді.

Ең алдымен отандық қосымшалардың ішіндегі қазақстандықтар жиі қолданатын мобильді сервистерге тоқталып өтсек. Kolesa Group компаниясының меншігіне тиесілі Krisha.kz қосымшасы екі тілде қызмет көрсетеді. Алайда, қосымшада калька аударма өріп жүр, сондай-ақ, хабарландыру берушінің орыс тілді мәтіні аудармасыз жарияланатынын аңғаруға болады.

Аталған компанияның тағы бір жобасы - kolesa.kz қосымшасы. Мұнда баптаулар мен жаңалықтар қос тілде жазылғанымен, көліктер туралы хабарландырулардың барлығы орысша жарияланған. 

Айта кетейік, Kolesa Group компаниясы kolesa.kz, krisha.kz, market.kz, avtoelon.uz сауда маркаларының иесі болып табылады. Директоры - Николай Бабешкин, ал бақылау кеңесінің төрағасы - Михаил Ломтадзе. Осы ретте қоса кетер тағы бір мәлімет, тауарлар мен қызметтердің барлық санаттары бойынша тегін хабарландыруларды жариялауға арналған market.kz сервисінде қазақ тілі мүлдем жоқ болып шықты. 

Медициналық мекеме мен азаматтар арасындағы заманауи көпір саналатын «Damumed» қосымшасы барлық қазақстандықтардың смартфонында орнатылған болуы мүмкін. Отандық мамандар барлық ұсақ-түйекті қазақшалауға тырысқанымен, мұнда да кей деректер орыс тілінде жазылған. Бұл жобаны мемлекет қаржыландыратыны анық, десе де биліктегілердің мұндай олқылықтарға неліктен жол беріп отырғаны белгісіз.

Қазақстан Республикасының пошта байланысының Ұлттық операторы «Қазпошта» АҚ-ның Post.kz қосымшасына кіру тек орыс тілінде жүргізіледі. Қазақ тіліне тіпті таңдау да қарастырылмаған. Жуырда ғана Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалған Әсел Жанасова бұл кемшілікті жояды деген үміттеміз...

Қоғамдық көлікті қолданатындар үшін жасалған Onay қосымшасы екі тілде де қызмет көрсетеді. Ал автобустардың қатынау уақытын бақылауға мүмкіндік беретін Infobus қосымшасын тек орыс тілінде пайдалануға мүмкіндік бар.

Смартфондағы косымшалар тізімінде Астана тұрақ кеңістігі (Платное парковочное пространство) қосымшасының тіпті атауы да қазақ тіліне аударылмаған. Елордалық көлік жүргізушілері үшін жасалған жоба тек орыс тілін ғана қолданатын болып шықты. Айта кетерлік жайт, осы мәселеге қатысты ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев сұраққа жауап бермек түгілі, телефон тұтқасын да көтерген жоқ. Сондай-ақ, компания сайтында көрсетілген электронды поштаға сауал жіберу арқылы қосымшаға осы күнге дейін неліктен қазақ тілі енгізілмегенін сұраған едік, сол күйі жауап берілген жоқ.

Еліміздегі мәдени және спорттық іс-шаралар, кино, театр, цирк, қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының концерттері, тренингтер мен семинарлар, экскурсиялар, мұражайлар мен көркем галереялар, сондай-ақ халықаралық ауқымдағы жарыстардың билеттерін онлайн сатумен айналысатын «Тикетон» компаниясының қосымшасында тіл таңдау құқығы бары қуантады. Хабарландырулар мен шаралардың мазмұнын толықтай қазақ тілінде оқуға мүмкіндік бар. Тек күнтізбедегі ай аттары мемлекеттік тілге аударылмаған болып шықты. Елімізде дәл осындай онлайн билет сатумен айналысатын тағы бір компания бар. Zakazbiletov.kz қосымшасына кірсеңіз, атымен қоса қызметі де тек орыс тілінде екенін аңғаруға болады.

Мәдени шаралар демекші, Елорданың бас театры саналатын «Астана опера» Мемлекеттік опера және балет театрының смартфонда өз қосымшасы бар екені қуантты. Алайда Мемлекеттік театр мемлекеттік тілді құрметтейтініне күмән туады. Қосымшадағы «Біз туралы» бөлімі толығымен орыс тілінде жазылған.

Үй мен кеңсеге арналған тұрмыстық қызметтер бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған мамандарды іздеуге арналған Naimi.kz маркетплейсінің атауы орысша болғанымен, команданың қазақ тілінде қызмет көрсете алатындығын аңғаруға болады. Десе де бұл қосымшада да кей ақпараттар тек орыс тілінде көрсетілген.

Flip.kz онлайн дүкенінен қазақ тілі грамматикасы кітабын сатып алуға мүмкіндік бар. Бірақ қазақ тілінде қызмет ала алмайсыз. Мұнда мемлекеттік тілді таңдау тетігі де жоқ болып шықты. Forbes.kz-тің дерегі бойынша, компанияның 2021 жылғы кірісі 26,9 млн долларды құраған. Дегенмен 15 жыл бойы қазақстандық тұтынушылар арқылы табыс тауып отырған компанияның күні бүгінге дейін ресми сайты да, қосымшасы да қазақ тілінде қызмет көрсетпейді. 

Еліміздің кез келген түкіпірінен табылатын Kassa24 терминалының қосымшасы да қазақ тілін танымайтын болып шықты. Жоба авторы «Astana-Plat» сауда компаниясына осы ретте екінші деңгейлі банктерден үлгі алуға кеңес береміз. Қуантарлығы еліміздің барлық екінші деңгейлі банктері мен байланыс операторларының қосымшаларында қазақ тілі толығымен енгізілген.

Мал шаруашылығына бағытталған Malbazar қосымшасы екі тілді де қамтыған. Бірақ қай тілді таңдасаңыз да қосымшадағы ақпараттар жазылған тілде ұсынылады, яғни аудармасы жоқ.

Тойшыл қазақ халқы үшін жасалған ToiDriver қосымшасы да қазақ тіліне шорқақ. Дәл осы жобаны жасаған отандық IT мамандардың тағы бір жұмысы ТҚКС және авто бөлшектерді іздеуге арналған - CTOgram мобильді қосымшасы. Екі жоба да қызметтерін тек орыс тілінде ұсынады.  

Отандық әйгілі автосупермаркет Aster.kz пен көлік саудасына арналған Avtorynok қосымшаларындағы барлық хабарландырулар тек орыс тілінде жарияланған. Десе де көлік және автобөлшектер саудасына бағытталған онлайн сервистердің ішінде барлық сөздерді қатесіз қазақ тіліне аударған жалғыз ғана қосымша табылды. Mycar.kz қосымшасында хабарландыру берушінің сипаттамасын қоспағанда, көліктің барлық ұсақ-түйегі шала емес, таза қазақ тілінде жазылған.