$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қазіргі ұрылар өте қу әрі сақ»: полиция қызметкері пәтер ұрыларынан қорғану жолдарын айтты

Ұрлық жасағандар 2-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады

«Қазіргі ұрылар өте қу әрі сақ»: полиция қызметкері пәтер ұрыларынан қорғану жолдарын айтты

Пәтер ұрлығы – қылмыстың кең тараған түріне жатады. Үй иелерінің жұмысқа, демалысқа кеткен уақытын аңдитын ұрылардың қатары көп. Олардың өзіндік ұрлыққа түсу әдістері де бар. Azattyq Ruhy тілшісіне сұхбат берген Астана қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Ерболат Бекежанов қазір пәтер ұрылары өте сақ екенін айтады. Маман ұрыларды ұстау жолдары, олардың өзара байланысу әдістері мен ұрыларға қолданылатын жаза түрлері туралы айтып берді.

Жыл басынан бері Астана қаласында барлығы 67 пәтер ұрлығы тіркелген. Ерболат Бекежановтың айтуынша, бас қала болғандықтан басқа өңірлерге қарағанда елордада ұрлық аз болады.

«Ұрылар көбіне өздерінің туған жері бойынша бір-бірімен таныс болады. Бұрын сотталған болса, сол жерде танысып, бостандыққа шыққаннан кейін хабарласып әрі қарай бірігіп ұрлық жасайтындар да болады. Олардың өзіндік байланысу жолдары бар.

Пәтер ұрлығы бойынша арыз түскеннен кейін бірнеше жедел іздестіру әдістері жүргізіледі. Алдымен тергеу бөлімі қылмыс болған пәтерге барып, арыз қабылдайды. Содан бастап біз жұмысымызды бастаймыз. Көршілерден, дүкендерден сұрап, куәгер іздейміз. Тергеу тобындағы криминалист маман саусақ іздері арқылы айғақ қарастырады. Ізін суытпай іздестіру мамандары да иттермен келіп, ұрыны тапқанша жұмыс істейді. Бейнетаспалар міндетті түрде қаралады. Ұрыларды құрықтау барысында көпшілікке айта алмайтынтын полиция қызметкерлерінің өзіндік жылдам іздестіру шаралары бар. Соның арқасында із қалдырмадым деген ұрылардың өзін тауып, жауапқа тартамыз.

Пәтер ұрлығына қатысты Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексті 188-ші бап, 3-тармақ, 3-бөлімі бойынша жаза қолданылады. Ұрлық ауыр қылмыс болып есептеледі. Олар 2-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - дейді полиция қызметкері.

ЖАЗ АЙЫ ҰРЫЛАРҒА ЕҢ ҚОЛАЙЛЫ МЕЗГІЛ

Әдетте ұрлықтың нағыз қызатын уақыты – жаз айлары. Қылмыскерлер пәтер тұрғындарының демалысқа кетуін асыға күтеді. Полиция қызметкері ұрылар тонау алдында үйді және үйдің иесін толық зерттейтінін айтады.

«Жазда көбі еңбек демалысына кетеді. Үйін жауып, туыстарына немесе демалыс орындарына кететіндер өте көп болады. Сондай-ақ жазда үйдің іші ыстық болады. Үй иелері таңертең жұмысқа кетерде есіктерін ашық қалдырады. Ұрылар үйдегі басқа адамдар ұйықтап жатқанда кіріп, бағалы заттарын алып кетуі мүмкін. Оны ұйқыда жатқан адам байқамай да қалады.

Пәтер ұрылары көбіне төменгі қабаттағы үйлерге, жер үйлерге ұрлыққа түседі. Ондай пәтерлерден үйде адам бар-жоғын терезеге үңілу арқылы көруге болады. Тұрғындар жұмысқа кеткен уақытта ойлағанын жүзеге асырады. Десе де ұрылар үйге бірден ұрлыққа түсе салмайды. Белгілі бір уақытқа дейін үйді тексереді. Үй иелерін, қандай адамдар тұратынын біліп алады. Кей кездері адамдарды банктен аңдып келеді. Ақша алғанын көріп үйі қай жерде екенін біліп алады. Содан кейін ғана ыңғайлы уақыт тауып, ұрлыққа түседі», - дейді маман.

ҰРЫЛАР ҚАЛДЫРАТЫН БЕЛГІЛЕР ЖАЙЛЫ

Пәтерлерді торуылдап жүрген ұрылардың өзара сөйлесетін белгілері болады. Бір-біріне қалдыратын үш бұрыш, дөңгелек сияқты түрлі суреттер үйде кім тұратынын, адамның бар жоғын көрсетеді. Десе де Ерболат Бекежанов қазіргі ұрылар өте қу екенін және артынан із қалдырмауға тырысатынын айтты. Сондықтан олар бұрынғыдай белгі қалдыруды тоқтатқан.

«Қазіргі кезде ұрылар сіз айтқандай белгілер қалдыра қоймайды. Бұрындары өзара сөйлесіп, бірігіп ұрлыққа түсу үшін есіктерде түрлі суреттер қалдырған. Сол белгілер арқылы пәтерді зерттеген. Жыл басынан бері ұрлыққа қатысты қылмыста ондай белгілерді көрмедік. Полиция қызметкерлерінің тарапынан істелген жұмыстың арқасында қазір белгі қалдыру азайды.

Ұры белгі қалдыру арқылы керісінше өзін анықтап береді. Мысалы, үш бұрыш белгісін қалдырды деп айтайық. Олар өздерінің қылмыс істегенін айқындап, өздері дәлел қалдырып қояды. Біз бір пәтерден карта белгісін көрсек, басқа пәтерде де дәл сондай белгі болатын болса, дәл сол ұрының бірнеше пәтерді торуылдап жүргенін біліп қоямыз. Қазір ұрылар өте ақылды болғандықтан өздерін ұстап беретін еш айғақ қалдырмайды. Белгілердің көп болуы 90-2000-шы жылдары көп болды. Қазір мүлде жоқ десе болады.

Ұрылар сақ жүреді. Тіпті өздері ұстаған есік тұтқаларын да шүберекпен сүртіп, тазартып кетеді. Ұрлыққа түсу барысында олар әдетте бетін жауып тұратын бас киім, маска және қолына арнайы қолғап киеді. Қазір пәтерлердің бәрінде бейнетаспа бар. Сондықтан олар сақтық шараларын күшейткен», - дейді полиция қызметкері.

Пәтер ұрыларының негізгі жас аралығы 30-40 жасты құрайды. Олардың басым бөлігі жұмыссыз, жеңіл ақшаға үйренгендер. Маман тұрғындарға ұрылардан қорғану жолдарын айтты.

«Ұрлыққа баратындардың көбін бұрын сотталған адамдар құрайды. Сондай-ақ балалар үйінен шыққан, ата-анасы жоқ жетімдер ұрлыққа көп барады. Тергеу барысында ақша жетпегендіктен күн күру үшін ұрлыққа барғандарын айтады.

Елорда тұрғындарына айтарым алдымен есікке қойылатын құлыптың сапасына мән беріңіз. Себебі, ұрылар құлыпты оңай аша алады. Екіншіден, 5-10 минут болсын есікті ашық қалдырмаңыз. Дүкенге немесе басқа жерге шығып кетсеңіз де жауып кетіңіз. Сондай-ақ көршілермен жақсы қарым-қатынаста болыңыз дегім келеді. Көп жағдайда көршілер кіріп, шығып жүреді. Өздері бір-бірін танымайтын болғандықтан бейнежазбадан қарау кезінде бұл қиындық тудырады. Бөтен адамды анықтау қиын. Ыңғайы келсе үйде бағалы заттар, үлкен көлемде ақша ұстамаған дұрыс. Сақтанғанды сақтайды демекші барынша сақ жүруге кеңес беремін.

Егер біреуден күдіктенетін  болсаңыз бірден қолына қараңыз. Әдетте сотталып шыққан ұрылардың қолында түрлі пішіндегі жұлдызша тәрізде немесе басқа суреттер болады. Анығырақ қарасаңыз олардың іс-әрекеті, жүрісі, қайта-қайта қарай беруінің өзі ұры екенін білдіріп тұрады. Киім үлгісіне де мән беріңіз. Егер осы белгілер сізге ұнамаса шетке кетіп, 102 полиция қызметіне қоңырау шалыңыз», - деп кеңес берді полиция майоры Ерболат Бекежанов.

Сөзін қорыта келе маман ұрылардың ұрлыққа түсу барысында қолданатын бірнеше әдістерімен бөлісті. Олар терезені сындыру арқылы, құлыпқа сай келетін кілт жасап алу, үйге еркін кіру әдістері және көшеде танысып сенімге кіру сияқты әдістерді жиі қолданады. Көбіне ұрылар зейнеткерлерді оңай алдайды. Көмектескен болып, пәтеріне кіріп тонап кетеді дейді полиция қызметкері. Ол тұрғындарды сақтық шараларын ұмытпауға шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#ұрлық #ұры