Қазақстанда медицина қызметкерлері қанша жалақы алып жүр?
Елімізде салалық дәрігерлердің орташа жалақысын ешкім есептемейді

Елімізде салалық дәрігерлердің орташа жалақысын ешкім есептемейді
Президенттің тапсырмасы бойынша еліміздегі дәрігерлердің жалақысын көтеру 2020 жылдан бастап мақсатты түрде жүзеге асырылып келеді. Былтыр жыл басынан бері медицина және фармацевтика саласында 12 мыңнан астам бос жұмыс орны ашылған. Әрине, оған пандемияның әсер еткені сөзсіз.
Дегенмен, медицина қызметкерлерінің жалақысында өңірлер мен салаға шаққанда айырмашылық байқалады. Azattyq ruhy тілшісі медицина қызметкерлері жалақысының статистикасын әзірледі.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жыл басынан бері медицина қызметкерлерінің жалақы көрсеткіші 20-30 пайызға өскенін айтты.
Дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 420 мың теңгеге жеткізілгенімен, медициналық қызметкер орта есеппен 235 мың теңге алады екен.
Экономист Мақсат Халық нарықта дәрігерлердің жалақысы артып жатқаны байқалатынын айтады.
«Егер де мектеп мұғалімдерінің жалақысына үңілсек, өңірлерде әлдеқайда жақсы өсімді байқауға болады. Ал дәрігерлердің жалақысы өңір, облыс бойынша қосылатын коэффиценттердің үлесінде ғана артып отыр. Медицина саласында жұмыс істейтін барлық маманның жалақысы өсіп жатқан жоқ. Мысалы, әлі күнге дейін аз жалақы алатын дәрігер-лаборанттар бар. Жалпы, нарықта алдымен мұғалімдікі, сосын дәрігерлердің жалақысы өсіп жатқаны байқалады. Жалақыны өсіру кезінде дәрігерлердің біліктілік деңгейі де есептеледі. Көбіне жоғары кәсіби дәрігерлердің жалақысы артады да, төмен санаттағылардың еңбекақысы өспей қалады. Осы мәселеге де бір назар аудару керек», - дейді ол.
Экономистің сөзін арқау етіп, аудан, ауылдық жерлердегі медбикенің жалақысын сұрап білдік.
Мәселен, Ақмола облысы Біржан сал ауданына қарасты ауылдық жердегі медбикенің еңбекақысы біліктілік санатынсыз 130 мың теңге, ал санат пен еңбек өтілі есептелесе, маман 189 мың теңге алады екен.
Осы облыстың Бұланды ауданының ауруханасында қызмет істейтін медбикенің жалақысы ешбір төлемді алмағанда 80 мың теңгені құрайды. Алайда, еңбек өтілі мен категорияны қосқанда қолына 190 мың теңге алатыны белгілі болды. Ондағы медицина қызметкерлерінің жалақысы артып жатыр десе де, жалпы негізгі жалақы 80 мың теңге көлемінде сақталып отыр.
Өкінішқа қарай, елімізде салалық дәрігерлердің жалақысы бойынша сараптамалық зерттеу мүлдем жүргізілмейді. Денсаулық сақтау министрлігінен бұл статистиканы сұрағанымызда, ресми сауал жіберуімізді өтінді. Себебі дайын зерделенген мәлімет жоқ екен.
Бір қызығы, қазақстандық сарапшылар жасамаған зерттеуді, ресейлік мамандар жасап үлгерген.
Тәжірибелі саяхатшылар мен миграциялық заңгерлерден құралған БАҚ сайтында Қазақстандағы медицина қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы сала бойынша жіктелген.
Сонымен, еліміздегі жалпы тәжірибелік дәрігерлер, терапевт пен педиатрлар шамамен 152 мың теңге алады екен.
Ал акушер-гинекологтар, педиатрлар, неонатологтар – 138 мың теңге, жедел жәрдем дәрігерлері, анестезиологтар, реаниматологтар 141,5 мың теңге алады.
Психиатрлар, онкологтар, гематологтар мен фтизиатрлар 131,2 мың теңге жалақы алады. Бұл қосымша төлемдерді есептемегендегі көрсеткіштер екенін атап өткен жөн.
Осы ретте медицина қызмекерлерінің жалақысына қатысты мәселені үнемі көтеріп жүретін Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың да пікірін сұрап білдік.
«Медицина қызметкерлерінің жалақысы 1193-ші қаулыға сәйкес бекітілген. Әртүрлі салада дәрігерлердің жалақысы да әртүрлі болады. Ол дәрігерлердің жүмыс өтіліне, категориясына, психоэмоционалдық және физикалық жүктемелеріне байланысты болады. Сол үшін үстеме төлемдер төленеді. Мысалы, кардиохирург, нейрохирург, трансплантолог сынды дәрігерлерге 200% базалық лауазым окладынан төленеді. Неонатолог, акушер-гинеколог, реаниматолог, хирург дәрігерлеріне 150% базалық лауазым окладынан төленеді, рентгенолог, УДЗ, фтизиатр дәрігерлері 190% төленеді», - дейді Нұрымова.
Дегенмен, депутат медицина кызметкерлерінің жалақысы нарықтағы ахуалға сай келе бермейді деп есептейді. Себебі жыл сайын жалақының көтерілуі инфляциялық өсімге ілесе алар емес.