Қызылжарлық имам мен полиция өкілі жат діннің жетегінде жүргендермен күрес қалай жүріп жатқанын айтты
300-ге тарта қазақстандық студент шет елдерде теологиялық білім алып жүр. Олардың дені діни ілім іздеп, Египетке аттанған. Ал өз беттерінше шекара асып, түрлі жат ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар жайлы ресми деректер жоқ. Қазақстан имамдарын алаңдатып отырған да осы мәселе. Өйткені өзге мемлекеттерге білім алу мақсатында барып, Сирияға өтіп кетіп жатқан жастар да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«БІЛІМІМ ТАЯЗ ЕДІ»
Кейіпкеріміз Еділ – Атырау облысының тумасы. Қазір ол Петропавл қаласындағы ЕС-164/3 түзету мекемесінде жазасын өтеп жүр. Еділ 22 жасында діни білім алу мақсатында Мысыр еліне кетеді. Екі жыл тіл меңгеру курстарын оқиды. Ол туған жерден жырақта, жалғыз өзі жүрген шақта салафизм ағымына қалай түсіп кеткенін өзі де аңдамай қалғанын айтады.
«Бәрі жастықтың буымен болды. Теріс ағым өкілдері мені өз қатарларына шақыра бастады. Құраннан аяттар келтірді. Мен оған имандай сендім. Себебі білімім таяз еді. Кейін Сирияға соғысуға шақыра бастады. Ондағы мұсылмандар қиналып жатқанын, оларға көмектесу – әр мұсылманның парызы екенін айтып, үгіттеді», - дейді жазасын өтеуші.
Осылайша тепсе темір үзер жас жігіт Шам еліне өтіп кетеді. Ол жерде 5 жыл содырлар қатарында соғысады. Жазасын өтеуші қолына қару алып, қанды шайқастарға қатысқанын, адамдарға қарсы оқ атқанын да жасырмады.
«Шайқас болған кезде қаруды атпасаң, өлесің. Немесе артыңда келе жатқан адамдар соғыспағаның үшін саған оқ жаудырады. Сондай шарасыз күйде боласың. Оларға қарсы шықсаң, өзіңді өлтіруі мүмкін. Басында «Аллаһ үшін соғысасың, жәннәтқа түсесің, қиыншылықтардан арыласың» деп сендірді. Шеттен келген жігіттерді соғысқа жіберіп, өздері ақша жинап отырады. Ішерге тамақ болмайды. Сондықтан олардың айтқанын істеп, айдауына көнуге тура келеді», - дейді ол.
Еділ Сирияда бірнеше рет жарақат та алған. Соның кесірінен қазір көру қабілеті нашарлаған, бас ауруы да жиі мазалайтынына шағымданады. 9 ай Күрдістан абақтысында қамауда отырып шыққан. «Жусан» операциясы аясында 2018 жылы елге оралды. Атырау облысының тумасы терроризм бабы бойынша 8 жылға Петропавл түрмесіне қамалды. Оның Египетке оқуға аттанғандағы арманы бұл емес еді, әрине.
ДІНИ БІЛІМ АЛЫП ЖҮРГЕНДЕРДІҢ КӨБІ - ЕГИПЕТТЕ
Адасқан Еділдің қилы тағдыры сынды мысалдар жетерлік. Бүгінгі күні Қазақстаннан 300 студент шет елдердері теологиялық оқу орындарында білім алып жүр. Имамдар Қазақстан діни басқармасы емес, бейресми жолмен білім алуға кетіп жатқандарға айтарлықтай қауіп төнетіндігін айтады.
«Алғашқы діни білім базасы жоқ, өзіміздің дәстүрлі құндылықтарымызды үйренбеген, медресе табалдырығын аттамаған жастар үшін шетел асып, білім алу – қауіпті. Оның себебі – жастардың іс-әрекетін ешкім қадағаламайды. Белгісіз білім ошақтарының ата дінімізді қаншалықты оқытатыны, жалпы не үйрететіні белгісіз. Діни білім алғысы келгендерге шекара аспай-ақ Қазақстанда да оқуға болады. Мешіттерде сауат ашу курстары бар. Білімін ары қарай жалғастырғысы келгендер – медреселерге, университеттерге бара алады. Шетелге кетпес бұрын, аталған оқу орындарында білім алған жөн. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсатынсыз, бейресми, өз бетімен оқуға кеткен жастар елімізде тыйым салынған секта өкілдерінің тәлімін алып, деструктивті ағымдардың жетегінде кетіп қалатын болса, ол қоғамға қауіп төндіруі мүмкін», - дейді Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы Аян Алыпқашев.
СҚО-ДА ДІНИ МАЗМҰНДАҒЫ МАТЕРИАЛДАР ТАРАТҚАН 10 ФАКТІ АНЫҚТАЛДЫ
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, білімсіздік, теріс ақпарат – жастардың радикалдық ағымдарға өтіп кетуіне себепші болады. Сондықтан құқық қорғау органдарының мамандары көшеде тегін таратылатын материалдарға жоламауға кеңес береді. Діни әдебиет сатуға рұқсат беретін арнайы лицензиясы жоқ сауда орындарында сатылатын кітаптарды да алмаған жөн.
«Діни мазмұндағы әдебиет, тағы басқа заттарды сату, тегін тарату, шығару, діни рәсімдерді өткізу талаптарын бұзу – Қазақстан Республикасының заңымен қудаланады. Айыптылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша діни мазмұндағы материалдар таратқан 10 факті анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандарға 35-тен 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынды. Мәселен, Петропавл тұрғыны әлеуметтік желілердің біріндегі өзінің жеке парақшасына аудио және видео файлдар жүктеген. Аталған факті бойынша материал жиналды. Мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен оған 20 АЕК, яғни 127 мың теңге көлемінде айыппұл салынды», – дейді СҚО Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Марат Халимулин.
Сондай-ақ, жарнамалық ресми сайттарда да діни материалдарды сатуға тыйым салынған. Өткен жылы Солтүстік Қазақстанда Құран мен Библияны интернет арқылы саудалағандар анықталып, айыппұл салынған болатын. Айыпталушылар мұндай әрекеттің бекітілген талаптарды білместікпен жасалғанын айтып ақталған. Алайда заңды білмеу – жазадан босатпайды.
Теологтардың мәліметінше, жат ағымдардың жетегінде кететіндердің дені – интернет, тыйым салынған әдебиет арқылы өздігінен, немесе діннен бейхабар адамдардың ақыл-кеңесі бойынша білім алатындар. Сондықтан мамандар имамдардан ғана дәріс алып, отандық діни білім ордаларында оқуға кеңес береді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО