1 673 ауылда интернет атымен жоқ: Илон Масктың Starlink интернет желісіне біздің ел қосыла ма?
Қазақстан елдімекендерін толықтай интернетке қосуы тиіс болған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы міндетін орындай алмады
Еліміздің өңірлерін интернетке қосу – қордаланған мәселе. Бұл салаға қомақты қаржы бөлініп жатса да, барлық елдімекен кең жолақты интернетке әлі күнге дейін жете алмай отыр. 2017 жылы осы мәселені шешетін «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарлама да әзірленді. 2018-2022 жылдарға арналған бағдарлама биыл өз жұмысын тәмамдады. Ал осы уақыт аралығында бағдарлама аясында қанша ауыл интернетпен қамтылды? Илон Масктен сұрағанша, өзімізге өзіміз неге интернет тартып бермейміз? Әлде, цифрландыруға жемқорлық әсер етіп жатыр ма? деген көп сауалға жауапты Azattyq Ruhy тілшісі іздеп көрді.
Еске салайық, жақында өткен «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шалғай ауылдарды SpaceX және OneWeb төмен орбиталық спутниктік жүйелер желілерімен қамту жұмысын жандандыру керегін айтты.
Илон Маск интернетінің құдыреті
Starlink – америкалық SpaceX компаниясының 2015 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан жобасы. Спутниктік жүйе шалғай орналасқан елдімекендерге интернет таратуға мүмкіндік береді.
Жүйе Жер бетінен шамамен 500 км биіктікте орналасқан байланыс спутниктері арқылы жұмыс істейді. Әрқайсысының салмағы шамамен 250 келі, олар күн батареяларынан қуат алады.
Бұл картадан Илон Маск интернеті қандай өңірлерде қосылғанын білуге болады. Еуропа мен Солтүстік Американың басым бөлігі, Оңтүстік Америка, Аустралия және Жаңа Зеландияның кейбір бөлігінде аталған интернет түрі қосылған. Картада Starlink-ке енді қосылатын елдердің ішінде Қазақстанның барын екенін көруге болады. Біздің ел бұл желіге 2023 жылы қосылады деп көрсетілген. Былтырғы мәлімет бойынша Starlink 25 елде бар.
Starlink интернет желісі кәдімгі интернеттен екі есе қымбат. SpaceX жылдың басында спутниктік интернеттің жаңа тарифін жариялаған болатын.
Бұрын жабдықтың бағасы 500 доллар болса (базалық ставка осы бағада сақталған), Premium деп белгіленген жаңа тариф 2500 долларды құрап отыр, яғни бес есе қымбат.
Қазір Satrlink әлем бойынша қосылғысы келетін абоненттерді кезекпен қабылдап жатыр. Жабдықтар жиынтығының құны 500 долларды құрайды. Интернетті пайдалану үшін ай сайынғы абоненттік төлем 99 долларға тең.
«Цифрлық Қазақстан» үмітті ақтады ма?
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыс пен қазіргі жағдай жайлы Бағдат Мусин басқаратын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ресми сауал жолдадық.
2018-2022 жылдарға арналған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының іс-шараларын іске асыруға республикалық бюджеттен – 88 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 29,8 млрд. теңге бөлінген. Ал бюджеттен тыс қаражат 97,5 млрд. теңге болған.
Министрлік «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Үкіметтің 2022 жылғы 17 мамырдағы №311 қаулысымен күші жойылғанын хабарлады.
Ресми дерекке сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 6 406 елдімекен бар. Оның
6 290-ы ауыл мәртебесіне ие. 6 406 елді мекен ішінде 116 қала мен 4 813 ауылдық жер ADSL, FTTH, 3G, 4G технологиялары бойынша интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етілген екен.
266,4 мың тұрғыны бар 1673 ауылдық елдімекенде мобильді интернет жоқ.
Министрлік оның 511-ін салық жеңілдіктері асында 2024 жылға дейінгі кезеңде «Востоктелеком» ЖШС КЖҚ-мен қамтамасыз етейін деп отыр. Қалған 1 162 ауылдың 617-сі бойынша 2023 жылы геостационарлық емес спутниктік жүйелер есебінен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып отырған көрінеді.
Осыған дейін министр Бағдат Мусин БАҚ-қа берген пікірінде Илон Масктің интернеті, яғни Starlink спутниктері бар SpaceX компаниясы, сондай-ақ OneWeb және SES операторлары Қазақстанға кіруі үшін Салық кодексіне өзгерістер енгізуі қажет екенін мәлімдеген болатын. Бұл мәселе қалай шешіліп жатқанын министрлік жауап берді.
«Спутниктік жүйелердің геостационарлық емес жүйелерінің ҚР нарығына кіруі олардың ҚР аумақтарындағы қызметін заңнамалық реттеуден кейін мүмкін болады. Сонымен қатар, аталған мәселе министрлік тарапынан қосымша пысықталып жатқанын хабарлаймыз», - деп жауап берді министрлікте.
«Цифрланған» жемқорлар
Антикордың мәліметінше, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 2018-2021 жылдары және биылғы 9 айдағы уақыт аралығында 2 адам ғана сотталған.
«Шымкенттегі Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Байымбетов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол орындалған жұмыстардың актілеріне заңсыз қол қою және Шымкент қаласындағы топографиялық түсірілімді пайдалануға жарамсыз үшін мердігерге 300 млн. теңгеден астам мөлшерде бюджет қаражатын аудару арқылы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған. Жер учаскелері, инженерлік-коммуникациялық желілер, көлік-логистикалық инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымы, жылу және сумен жабдықтау жүйелері туралы ақпаратқа толыққанды онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жоғарыда көрсетілген мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бюджеттік қаражат бөлінгені анықталған», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Сондай-ақ мердігер «ИнвестСтройПроект LTD» ЖШС директоры Айтбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылған.