Сараптамы қортындысының нәтижесінде мүрденің қыз бала екені анықталды
Осыдан бірер күн бұрын Түркістан облысындағы Ақсу өзенінен табылған мәйіттің жоғалып кеткен үндістандық студенттердің бірі екені хабарланған болатын. Алайда, медициналық сараптама бұл ақпаратты жоққа шығарды, мамандар сүйектің қыз балаға тиесілі екенін айтып отыр. Яғни, осыдан бірнеше ай бұрын суға ағып кеткен Үндістан елінің екі азаматы әлі табылған жоқ деп хабарлады Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі.
«10 қазан күні сағат 13:15-те үздіксіз іздестіру жұмыстарының барысында Ақсу өзені Ханарық ауылының солтүстік жағынан төмен қарай 1,5 шақырым жерде Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары бір адамның мәйітін тапқан болатын. Түркістан облысы ТЖД Үндістан елінің азаматтарынан басқа жоғалған азаматтар жайлы хабарлама келіп түспеген», - деп мәлімдеді Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Үндістандық жігіттерді іздеу жұмыстарына 12 құтқарушы мен 2 қайық жұмылдырылған.
«Іздестіру-құтқару жұмыстары 3 ай бойы жүргізілді. Су деңгейінің көтерілуіне байланысты өзеннің қатты ағысы іздеу жұмыстарына үлкен кедергі келтірді. Сонымен қатар, құтқарушыларға таулардың тіктігінен өзен жағасына түсу мүмкіндігі қиын болды. Өзеннің тереңдігі 14 метрге жетеді, ал сүңгуірлер 11 метр тереңдікке сүңгіп, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Құтқарушылардың табанды іздестіру жұмыстарының арқасында мәйіт су ағыны өткен тастардың арасынан табылды. Бірақ ол әйел адамның мәйті болып шықты», - делінген ТЖД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Яғни, Үндістандық жігітті іздеу жұмыстары әрі қарай жалғасады. Ал табылған мүрденің жеке басын анықтау үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.