ҚР Қорғаныс министрлігі жауап берді
Бүгін Ақордадағы мемлекетаралық ресми жиынға келген Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Путиннің сапары аясында Қазақстан мен Ресей қосымша әскери шарттарға қол қоюы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
2022 жылдың 13-14 қазан күндері Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммиті, ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырыстары өтеді. Бірнеше күн бұрын Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл шаралар аясында Қазақстанға Ресей президенті Владимир Путин келетінін растады.
«Әскери ынтымақтастық саласында біз бүкіл мәселені пысықтап қойғамыз», - деп жауап берді Руслан Жақсылықов.
Қорғаныс министрінің айтуынша, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы «қазір ешқандай дағдарысты бастан кешіріп жатқан жоқ».
«Қазақстан өзінің міндеттерін орындап отыр, жұмыс жоспары бар, ол алдын ала келісіледі. Сондықтан, ұйымның жұмысына қатысты байбалам салу немесе мәселе көтерудің мәні жоқ. Біздің мемлекеттің заңнамасы аясында жұмыс істейік», - деді ол.