Аталған жер учаскелерін ӘКК қызметкерлері заңсыз алған
Астана қаласында, Жамбыл, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 65 жер учаскесі анықталды деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметкерлеріне қатысты жер учаскелерін беру кезінде лауазымдық өкілеттікті теріс пайдаланудың 10 дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастаған.
Тексерулер Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынылған материалдары бойынша жүргізіліп жатыр.
«Астана қаласында, Жамбыл, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 65 жер учаскесі белгіленді. Оларды жергілікті атқарушы органдар «Astana», «Тараз», «Сарыарқа» және «Солтүстік» ӘКК инвестициялық жобалар үшін берген. Бұл ретте ӘКК басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілген инвестициялық емес жобаларды іске асыру үшін жер және кәсіпкерлік кодекстердің талаптарын бұза отырып, заңды тұлғаларға жер учаскелерін рәсімдеген», - деп хабарлады Антикор.
Мысалы, Қарағанды облысында 2019-2021 жылдар аралығында Қарағанды, Балқаш, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімдіктері «Сарыарқа» ӘКК-на 36 жер учаскесін беріп, оның 14-і кәсіпкерлік кодексінің нормаларын және қалалардың бас жоспарын бұза отырып берілген.
Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласы әкімдігінің қаулылары негізінде «Солтүстік» ӘКК үшін 6 жер учаскесі берілді. Одан кейін олар сауда-саттықсыз құрылыс салушыларға берілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық департаменттерінің ұсынысы бойынша әкімдіктер заңсыз берілген 33 жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарған.