Қазақстандықтар 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнінде тек бір күн демалады
13 жылдан бері күнтізбеден мереке ретінде сызылып тасталған 25 қазан – Республика күні биыл ресми статусына қайта ие болды. Бірақ айтулы датаның қалай және қандай масштабта аталып өтетіні әзірге белгісіз. Пандемияға дейін еліміздің кез келген мерекесі миллиондаған ақшаға тойланып, алаңдарда дүлдүл концерттер өткізіліп келгені есте. Ал соңғы жылдары қазақ жерінде саяси да, әлеуметтік те өзгерістер басым. Ендігі кезекте Тәуелсіздік күні мен Республика күнін атап өтуде өзгерістер бола ма?
1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздерімі бекітілді.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасы Қазбек Майгелдинов егемендік күнін қайтарудың дәл қазіргі уақытта маңызы зор екенін айтады.
«Біз егемендікті тәуелсіздікке дейін алдық. Кеңес Үкіметі ыдырағаннан кейінгі еліміздің территориялық бөлектенуі, өзінің жеке әкімшілік-құрылымдық бөлінуі бұл – Тәуелсіздіктің алғашқы қадамы деп есептеледі. Екіншіден, Егемендік күнін қайтарудың тағы бір маңыздысы қазіргі уақытта көршілес мемлекеттерде, әлемнің өзге елдерінде болып жатқан қақтығыстардың бәрі осы территориялық мәселелердің шешілмегеніне байланысты болып отыр. Соның салдарынан қазір кей елдердің біртұтастық мәселесіне қауіп төніп тұр», - дейді саясаттанушы.
Күнтізбеде қызылмен қайта белгіленген датаның қалай аталып өтетіні әзірге белгісіз. Әдетте мұндай мерекеде алаңда патриоттық әндер шырқалып, артынша отшашу болатыны бар.
«25 қазан жай ғана мейрам емес, бұл символдық түрде маңыздылығы болуы тиіс күн. Ол символ біздің тұтастығымызды, территориялық мызғымастығымызды білдіруі керек. Егемендік деген сөздің өзі содан басталады. Ал тәуелсіздік дегеніміз заң шығарушы органы мен билігі бар сол территориядағы толыққанды орнаған құрылымды белгілейді. Сондықтан біз егемендікті тәуелсіздіктен кейін емес, одан бұрын қоюымыздың маңыздылығы осында деп ойлаймын», - дейді Қазбек Майгелдинов.
Саясаттанушы екі датаны да мереке ретінде емес, тарихи маңыздылығы тұрғысынан идеологиялық бағытта дәріптеу керек дегенді алға тартады. Бұл ретте жас ұрпаққа, түрлі саяси әлеуметтік топтарға идеологиялық месседж кету керек. Майгелдиновтің айтуынша, елімізде түрлі әлеуметтік топтар көп, олардың сұранысы әртүрлі, ал оларды біріктіретін ортақ идея аз.
«Ол идея тәуелсіздік, тұрақтылық, егемендік болуы тиіс. Мәселен көрші Ресей елінен келіп жатқан релоканттарды көріп отырмыз, олар жақсы өмірден қашып жатқан жоқ. Біздің елдің азаматтарына ондай қауіп тұрған жоқ. Сондықтан да осы ретте аталған мерекелердегі идеологиялық месседжге баса көңіл бөлу керек. Яғни тәуелсіздігіміз мен егемендігімізді құрметтеу және бағалау керекпіз. Сол арқылы жас ұрпаққа болсын, мейлі түрлі саяси әлеуметтік топтарға месседж кету керек. Бізді біріктіретін күш осыда. Бізде этносаралық, ұлтаралық бірлік бар. Ол ішкі мәселе. Ал тәуелсіздік пен егемендікке келер болсақ, қай бағытта болмасын, мейлі оппозиция болса да, бәріміздің мүддеміз бір – елімізге сырттан жау келмесін, елімізді талан-таражға салмасын, еліміздің мызғымастығы ыдырамасын. Міне сондықтан да меніңше, бұл даталар концерттермен емес, идеологиялық бағытта дәріптелуі тиіс. Бұл күндердің маңыздылығы билбордтарда жазылсын, БАҚ арқылы таратылсын. Ең бастысы бұл күндерді біз мақтан тұтамыз және құрметтейміз. Осы құндылықтар әрқашанда биік тұруы тиіс», - деді ол.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым екі датаны да тең дәрежеде атап өту керектігін айтады. Яғни екі мерекенің де саяси тұрғыдан таразы басы тең. Бірақ Тәуелсіздік күнін бұрынғыдай ән-күймен тойлатуды тоқтату керек дейді саясаттанушы.
«Бізде Қазақстанның жарты аймағының ауа температурасы суық өңірлер саналады. Шара өткізудің өзі қиын. Көшеге жұртты шығарып, жастарды шығарып, концерт қойып, ескерткіштерге тағзым жасаудың өзі оңайлықпен болмайды. 16 желтоқсан Тәуелсіздікті жариялан күн ол рухани мереке ретінде аталып өтетін сияқты. Яғни сол күндері ойын-сауықтан гөрі, ел тәуелсіздігі үшін жанын құрбан қылған жандарды аза тұту туралы хабарлар көбірек айтылуы тиіс. Сол бір ауыр кезеңде ел үшін қаза болған азаматтардың есімдерін еске алып, мешітке барып құран оқыту сынды әрекеттер дәстүрге айналуы керек. Бірақ бұның өзіндік мәдениеті қалыптасу керек. Ол кино, телевидение, БАҚ және әлеуметтік желідегі танымал адамдар арқылы бұл күннің өзіндік мәдениеті орнығуы тиіс. Себебі желтоқсанның айтары көп. Тәуелсіздік үшін жан тапсырған азаматтардың жақындары азаланып жатқанда, өзгелері той тойлап жатқаны тағы да дау туғызады, қоғамның ішінде жік пайда болады. Мемлекет басшысы өзінің реформасында халықты біріктіруді алға тартып отыр. Сондықтан да бізге дау емес, бірлік керек», - дейді Айдос Сарым.
Саясаттанушының пікірінше, егемендік алған Республика күнін атойлатып атап өтудің айыбы жоқ. Бірақ Мәжіліс депутаты да бұл мерекенің идеологиясын қаққан қазықтай етіп қалыптастыру керектігін атап өтті.
«Ол күні парад болса да, әлде басқа шара болса да бастысы жұртшылықты алаңға шығарып, кәдімгідей қуанып тойлайтын мереке. Біздің тәуелсіздігіміз сол 1990 жылы қабылданған Егемендік туралы деклорациядан басталған. Сол күннен бастап біздің негізгі тірлігіміз басталды. Ендеше барлық салтанатты және марапатты шараларды, мемлекеттік наградаларды беру сынды үрдістерді осы күнге ауыстыру керек. Қазақта «қазан толсын» деген жақсы сөз бар, сол үшін қазан айындағы мерекенің идеологиясын қалыптастыруымыз керек. Бұл ретте тиісті жұмыстар жасалынып жатыр, заң қабылданды, Президент қол қойды, Үкіметтің шешімі күшіне енді. Қазір аймақтарға осы күнді атап өтудің тәсілдері мен ережелері таратылып жатыр», - деді Айдос Сарым.
Еске салайық, биылдан бастап Республика күні мерекесі мемлекеттік мереке ретінде тойланады. Ал, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнінде қазақстандықтар тек бір күн ғана демалады.