Шаруа былтыр ерекше құлпынайды өз ауласына егіп көрген
Атырау облысы Махамбет ауданында тұратын жеке кәсіпкер Нұржігіт Рақымжанов Жалғансай ауылдық округінің аумағында 1 гектар жерге 17 мың түп шетелдік сорттағы құлпынай отырғызған. Ерекшелігі сол, суыққа да, ыстыққа да төзімді бір түбінің өзі 1 кг өнім беретін италиялық, калифорниялық сұрыптарды шаруагер өзі арнайы таңдап алдыртқан. Бұл туралы Azattyq Ruhy тілшісі Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мамандығы мұнайшы, бұрын-соңды жеке кәсіппен де, шаруашылықпен де айналыспаған атыраулық тұрғынға бұл идея кездейсоқ келмеген.
«2019 жылы пандемия кезінде адамдар денсаулыққа пайдалы деп жаппай құйрық майды, лимонды, имбирьді, оған қоса құлпынай, малина сынды жеміс-жидектен қайнатылған тосаптарды сатып алып, сұраныс арта түсті. Бірде анаммен қаладағы базарға бір қорабы 2500 тг болатын Қырғызстан құлпынайлары келеді дегенді естіп, еріп бардым. Кезекте тұрған адамның қарасы да көп. Бірақ 2500 теңгеге алған құлпынайдың дәмі де, түрі де көңілімнен шыққан жоқ. Себебі, бірнеше күн фурамен жол жүріп келген жұмсақ жеміс езіліп, әбден тосап болып кеткен. Ал дәмі су татып тұрды. Осы кезде мен неге халықтан сұраныс болып тұрса, құлпынай өсіруді өзіміз қолға алмаймыз деген ойға келдім. Біраз уақыт осы кәсіпті сырттай зерттедім. Голландияның, Италияның мамандарымен сөйлесіп, тұқым түрлерін салыстырдым. Осылайша өткен жылы өз ауламызға 2 мың түп егіп қарап, жемісін көргеннен кейін, үлкен кәсіпті қолға алып отырмын», - деді Нұржігіт Рақымжанов.
Италиялық «Клэйр» және калифорниялық «Альбион» деп аталатын сұрыптың екеуі де әрі көлемді, әрі дәмді, біздің өңірдің ауа-райына төзімді түрге жатады. Клэйр жемісі көктемде берсе, Альбионнан ерте көктемнен күздің қараша айларына дейін жеміс алуға болады. Шаруагердің айтуынша құлпынай өсіру үшін ең алдымен көшеттің тұқымы, сұрыпы жақсы болу керек. Суару, тыңайтқыш жіберу, түрлі аурулардан қорғау технологиясын меңгеру қажет. Нұржігіттің ендігі мақсаты мемлекеттен жер алып, жеке кәсібін одан әрі кеңейту болып отыр.