Қорғаныс министрінің жобасы әскердегі өлім-жітімді тоқтата ала ма?

Автор: Сағыныш Ибрагим

Елде әскерилердің имиджін көтеруге бағытталған жобалар жүзеге асып жатыр

Еліміздің Қорғаныс министрлігі әскерде әлімжеттік атымен жоқ деп талай мәлімдесе де, әскери борышын өтеп жүріп қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары кері пікірде. Соңғы бірер жылда Қазақстан әскерінде өлім-жітім мен суицидке талпыну оқиғалары жиіледі. Марқұмдардың туыстары да, өзіне қол салып тірі қалған сарбаздар да күш көрсету ешқашан тоқтаған емес дегенді айтады.

Осындай оқыс оқиғалардың жиілеп кетуіне байланысты болса керек, Қорғаныс министрлігі биыл жаңа жобаның тұсауын кесті. Ол «Өміріңді сақта» деп аталады. Идея авторларының бірі – министр Руслан Жақсылықов. Күні кеше министрлік өкілдері жобаны көпшілікке таныстырып, оның әскерилердің беделін қоғам алдында арттыратынына сендірді.

Жобаның артықшылығы неде?

Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев жобаның мақсаты – әскери ортадағы қайтарымсыз шығындарды азайту, оның ішінде Қарулы Күштердегі қайғылы жағдайлардың алдын алу, қоғам арасында азаматтардың әскерге деген сенімін арттыру үшін жағдай жасау екендігін айтты.

«Жобаның өзектілігі бүгінгі әскер алдында тұрған жаңа міндеттер мен үрдістерге байланысты. Әскер – бұрынғыдай аса маңызды мемлекеттік басымдықтың, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғайтын сақшы болуы тиіс. Осы мақсатта сарбаздардың жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін арттыруға, кадр әлеуетін нығайтуға, әскери білім беру мен ғылым жүйесін дамытуға, әскери-әлеуметтік және әскери-патриоттық жұмысты жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Бағдарламаның маңызды міндеттерінің бірі – әскери қызметтің беделі мен имиджін арттыру. Сондай-ақ, қоғам болып әскерде болып жатқан мәселелерді бірлесе шешу», - деді Серік Борамбаев.

Бағдарлама аясында ел жастарын әскери борышын өтеуге ынталардыратын жоба таныстырылды. Бұл туралы Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева айтты. Оның айтуынша, енді әскери міндетін өтеп келген азаматтар ешқандай сынақсыз жоғары оқу орындарына түсе алады. Аталған жоба әлі жоспарланып, ЖОО орындарының арасында талқыланып жатыр.

«Жобаны іске асыруды бастап кеттік. Қазіргі таңда егжей-тегжейлі пысықталып жатыр. Осы орайда Қорғаныс министрлігінің бірқатар бұйрығына өзгеріс енгізілуде. Біздің жоспарымызға сай, әскердегі борышын өтеген кез келген азамат еліміздің жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз ақылы бөліміне түседі алады. Ал әскер қатарындағы үздіктер тегін оқи алады. Оларды Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Ұлттық ұлан өз критерийлеріне сай анықтайтын болады. Әдістеме әбден пысықталғаннан кейін көпшілікке толыққанды жеткізіледі. Қазірдің өзінде 30-ға жуық жоғары оқу орындары бұл жобаны қолдайтынын растады. Әскери борыныш өтеп келгендер жоғары білімді кез келген мамандық бойынша ала алады. Және олар жоғары оқу орнындағы әскери кафедрадан тегін білім алады», - дейді Қорғаныс министрінің кеңесшісі.

«Өміріңді сақта» бағдарламасы әскердегі әлімжеттікті тоқтата ала ма?

ҚР ҚМ Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті Тәрбие жұмыс басқармасының бастығы, полковник Бауыржан Аринов әскерде әлімжеттік деген атымен жоқ екенін айтады. Ал, сарбаздардың жиі суицид жасауы қоғамның өзге де салаларында бар қалыпты жағдай дейді.

«Бүгінде әлімжеттік деген мәселе әскерде түбегейлі жойылған. Себебі, сарбаздардың қызмет атқару мерзімі бір жыл. Қазіргі кезде әскери полиция органдарының қызметі казармалық бұзақылықты, жалпы әскери бөлімдегі тәртіп бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Әскери бөлімдерде жеке құрамға, оның ішінде мерзімді қызметтің сарбаздарнына күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Әскери полиция органдарының сенім телефондары ілінген. Бөлімдерде мерзімді әскери қызметшілер үшін профилактикалық жұмыс бөлмесі жұмыс істейді. Ол кабинеттерде әскери полиция органдарының лауазымды адамдары күнделікті кезекшілікке түсіп, бөлімдегі әскери және құқықтық тәртіпті сақтауға барынша үлес қосуда.

Сондай-ақ, әскери бөлім аумағында, сарбаздардың казармаларында толықтай бейнебақылау орнатылған. Жалпы әскери ортада ерлер ұжымы болғандықтан сарбаздар арасында түсініспеушіліктер, қарама-қайшылықтар болып қалуы мүмкін. Қанша дегенмен ер адамдар ғой. Әркімнің өз мінезі, өз көзқарасы болады, бірақ ол жанжалға дейін еш уақыт ушықпайды. Бұл әр бөлімшенің қатаң қағидасы», - дейді полковник.

Оның айтуынша, халық арасында әскер туралы теріс пікірдің қалыптасуына шындыққа жанаспайтын ақпараттың тез тарауы себеп болып отырған көрінеді.

«Біздің қоғамда әскер туралы теріс пікір қалыптасқан. Оған әскердегі осындай бір келеңсіз оқиға бола қалса, барлық ақпарат құралдарының жарыса жазуы себеп болып отыр. Мұндай жағдайлардың шындыққа еш жанаспайтынын айқын айтуға болады. Біздің қоғам оны өздері әсірелеп, түймедейді түйедей қылып көрсетеді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Ал, енді қоғамның кез келген бөлігін алыңыз ол жерде оқыс оқиға, өзіне қол салу дерегі жоқ дейсіз бе? Әрине, бар. Бұл біздің орта, біздің қоғамымыз. Сондықтан қоғамда болып жатқан құбылыс әскерді де айналып өтпейді.

Сараптама көрсеткендей, әскерге келген балалардың өзіне қол жұмсауы көбіне олардың жеке психологиялық жағдайы, отбасындағы ахуал мен тұрмыс жағдайына байланысты. Тағы бір мәселе, біздің қоғамда көбі әскер мен күш құрылымдарын ажырата бермейді. Әскер деген – Қарулы күштердің жеке құрамы. Олар Қорғаныс министріне бағынады. Бұдан бөлек бізде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарайтын Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігіне қарайтын Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар минитрлігінің құрамындағы әскери бөлімдер де бар. Бұлардың барлығында сарбаздар мерзімді қызметте әскери борышын өтейді. Ал біздің қоғам бұлардың барлығы Қорғаныс министріліге тиесілі деп ойлап, барлық күйені соларға жағады. Сондықтан мұндай сәттерде әскер орнына күш құрылымдары деп қолданған абзал.

Ал жалпы айтатын болсақ, әр ел өз елінің Қарулы күштерін, әскерін, күш құрылымдарын сыйлап, құрметтей білуі керек. Өйткені, ел басына күн туғанда туған жерді, елді қорғайтын осылар. Сондықтан себепсіз, мән-жайдың ара-жігін ажыратып алмай, жала жабу – әбестік. Біз мұны жақсы түсінуіміз керек. «Өз елінің әскерін асырамаған ел басқаның армиясын асырайды» деген қағиданы ұмытпағанымыз жөн», - дейді маман.

Бауыржан Аринов жаңа жобаға қатысты өз пікірін айтып, аталған жоба әскери тәртіптің нығаюына көмегін тигізетініне сенімді екенін жеткізді.

«Ар-ұждан институтын құру керек...»

Заңгер Бауыржан Азановтың айтуынша, әскердегі әлімжеттікті шешудің жалғыз жолы – ар-ұждан институтын құру.

«Сарбаз өліміне қатысты іс қозғалып, шешімсіз қалып жатқан кезде олардың ата-аналары қылмыстық процессуалдық кодекспен көзделген ережелерге сәйкес әрекет етуіне болады. Өкінішке қарай, біздің халық бұндай мәселелерден алыс. Құқықтық сауаты аз болғандықтан оларға қорғаушының көмегі керек. Ол үшін заң білетін заңгерлерге, адвокат көмегіне міндетті түрде жүгіну қажет. Бізде әр облыстарда қорғаушы алқалары бар. Сол жерге ата-аналар барып, өзі мәселелерін жеткізуі керек.

Қазір тек әскерде ғана емес, көптеген жерде заң талаптары дұрыс орындалмайды. Бізде «құқықтық немқұрайлық» деген мәселе бар. Ол заңның ережелерін сыйламау. Қазіргі қоғамда заң ережелерін білмейтін де, оны сыйламайтын да адамдар бар. Оның шығу себебі – ар-ұждан институтының жоқтығы. Ар-ұждан институты құрылса көп мәселенің шешімі болар еді.

Сарбаз деген – кез-келген басқа адамға, қоғамға үлгі болуы керек. Мысалы, басқа дамыған елдерде әскери адамдар өте сыйлы. Себебі, олар елдің қорғаушысы. Ал, сол әскери адамдар өздерін қорғай алмай, оларға бүкіл қоғамның көзінше қорлық көрсетілсе, бұл үлкен трагедия. Сондықтан әскердегі қазір шығып жатқан мәселелер әр адамның адамгершілік қасиетіне келіп тіреледі. Егер әр адам өз сөзіне, ісіне жауап бере алатын болса, өзгеге себепсізден күш көрсетудің дұрыс еместігін түсінсе бұл мәселе шешілер еді», - дейді заңгер.

Еске сала кетейік, 21 тамызда Жамбыл облысында шекара қызметінің 18 жастағы сарбазы Бекбол Мираштың қаза болғаны хабарланды. Одан кейін тағы Жамбыл облысында әскери қызметке шақырылған 18 жастағы Әлібек Қалбай төрт күннен кейін қайтыс болды. Сарбаздардың өлімі суицид деп түсіндірілді.