$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.09.2022, 16:45
Қоғам

БҚО Қоғамдық кеңесінде шекарадағы ахуал әңгіме болды

Елімізге Ресейден ондаған мың адам келіп жатыр

БҚО Қоғамдық кеңесінде шекарадағы ахуал әңгіме болды

Ресей Федерациясында жарияланған ішінара мобилизациядан кейін көрші елдің 5 облысымен шектесіп жатқан Батыс Қазақстан облысына келушілер саны күрт артты. Осыған орай облыстық Қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты.

Отырыс барысында БҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дулат Малаев, ҚР ҰҚК ШҚ БҚО бойынша департаментінің аға консультанты Саламат Кенжеғұлов, БҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ернар Сұлтанғалиев хабарлама жасады.

Облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері халықтың көкейінде жүрген сауалдарды жолдап, күн тәртібіндегі мәселені жан-жақты талқыға салды. Қоғам өкілдері ең алдымен құзырлы құрылымдардың қырағылығын күшейтуді қаперледі. Көрші елде ішінара жұмылдыру жарияланған сәттен, яғни 21 қыркүйектен бері елге келушілер туралы толыққанды мәлімет жасақтаудың маңыздылығы айтылды. Бұл ретте, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірінше, аймаққа келген шетел азаматтарын арнайы есепке алу жұмысын жүйелі ұйымдастыру қажет.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов аймақтағы ахуалды жергілікті атқарушы құрылым жан-жақты қадағалап отырғанын жеткізді.

«Осыған дейін облыс әкімінің төрағалығымен шекара мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің 3 отырысы өткізіліп, күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Әрине, аймақта тіркелген РФ азаматтарының саны шекара асқандардан әлдеқайда аз. Себебі, басым бөлігі өңір аумағын транзиттік бағытта пайдаланып отыр. Аймақ басшысы тапсырған маңызды мәселенің бірі – Ресеймен шекарадағы Қазақстан азаматтарын қайтару. Күні кеше өткен үйлестіру кеңесінің отырысында осы мәселені шешу бойынша облыс әкімі атынан Үкіметке ұсыныстар жолданды. Қалыптасқан жағдайға байланысты қоғамдық кеңес мүшелерінің талап-тілектері де орынды, баршамызға қырағылық пен ауызбіршілік қажет. Біз үшін жерлестеріміздің қауіпсіздігі мен көңіл-күйі бірінші орында. Көп ұзамай жағдай оңалар деп сенейік, - деді Бақытжан Хаберұлы.

Отырысты қорытындылаған облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов құзырлы құрылымдарға тиісті ұсынымдар жолданатынын жеткізіп, азаматтық ұстанымын танытқан қоғам белсенділеріне ризашылығын білдірді.

Серіктес жаңалықтары