Ресей мен БҚО шекарасындағы ахуал Үйлестіру кеңесінде сөз болды

Автор: Azattyq Rýhy

Шекарадағы кептелістен Қазақстан азаматтары да елге кіре алмай жатыр

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен шекаралық мәселелер бойынша Үйлестіру кеңесінде күні бүгін өңірдегі ел-жұртты толғандырып отырған күрделі ахуал талқыланды.

Қазіргі уақытта ең маңызды мәселе – Ресеймен шекарадағы Қазақстан азаматтарын қайтару. Өңір басшысы Ғали Есқалиев Шекара қызметі департаментіне Ресей шекара ведомствосымен бірлесп, біздің азаматтарымызға көмек көрсету бойынша мәселені шешуді тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімі осы проблеманы шешу жөнінде Қазақстан Үкіметіне ұсыныстар жіберді, олар қазір жедел түрде қаралуда.

Тағы бір маңызды міндет – БҚО аумағында қалған РФ азаматтарын есепке алуды қамтамасыз ету болып табылады. Облыс әкімі шетелдіктерді үйіне қабылдайтын азаматтар үш тәулік ішінде полиция органдарына олардың келгені туралы хабарлауы тиіс екенін атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовке көші-қон қызметімен бірлесіп, батысқазақстандықтар мен мигранттардың құқықтары мен жауапкершілігіне байланысты түсіндіру жұмыстарын күшейту, хабарландыру санын ұлғайту және қажетті ақпаратты СМС көмегімен таратуды ұйымдастыру тапсырылды.

Заңсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің көптігін ескере отырып, полиция департаментіне мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, осындай жалға берушілерді анықтау және заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау тапсырылды. Облыс әкімі мұндай азаматтарға жалға беру құқығын ресімдеу күрделі емес екенін және мемлекеттік кірістер органдары айыппұл салудан басқа, пәтерлерін жалға берушілерді тіркеуге консультациялық көмек көрсетуі тиіс екенін еске салды. Цифрлық технологиялар басқармасына көші-қон заңнамасы бойынша мигранттар мен жалға берушілерге 109 арқылы кеңес беруді ұйымдастыру тапсырылды.

Келесі міндет – Қазақстан азаматтарының және көшіп келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өңір басшысы полиция департаментіне жеке құрамды күшейтілген режимге көшіруді, ал өзінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовке Батыс Қазақстан облысы аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, болдырмау мақсатында құрылған халық жасақтарын полиция департаментінің қарамағына беруді тапсырды.