Құстан ұшақтарға қауіп көп: Алматы әуежайы неге қанаттылардан құтыла алмай отыр?
Турбинаға кірген кез-келген құс ұшақ апатына себеп болуы мүмкін.
Қазақстан авиация әкімшілігінің мәліметінше, биыл еліміздегі бірқатар әуежайдың аймағында ұшақтардың құстармен соқтығысуының 46 жағдайы тіркелген. Оқыс оқиғалар әсіресе Алматы әуежайында жиі байқалып отыр. Бірінші жартыжылдықта мұнда 5 әуе кемесі құстармен соқтығысып, 1 ұшаққа зақым келген. Дегенмен, «қанаттылардың кесірін зардап шегіп отырмыз» деген «Air Astana» әуе компаниясы бұл есеппен келіспейді. Олардың ақпаратынша, жыл басынан бері 100 жағдай болған. Әрі компания бұл көрсеткіш өткен жылдың сегіз айымен салыстырғанда 12 пайызға көп деп отыр.
«Тек Алматы әуежайында биыл құстар соғылған 15 ұшаққа зақым келді. Бұл авиакомпанияны қатты алаңдатып отыр. Себебі, қанаттылармен соқтығысқаннан кейін лайнердің зақымдалған бөлігі ауыстырылып, ұшуға қайта рұқсат берілгенше ұзақ уақыт кетеді. Осыған байланысты рейстердің кестесі бұзылып, жолаушылар діттеген жеріне кешігіп жатады», - деді «Air Astana» әуе компаниясының баспасөз хатшысы Тілек Әбдірахманов.
Құстар әуе апатын болдыруы мүмкін
Құстардың тобымен келіп ұшақтарға соқтығысуы жолаушылардың өміріне айтарлықтай қауіпті дейді сала мамандары. Турбинаға кірген кез-келген торғай болсын ұшақ апатына себеп болуы мүмкін. Әрі екі қозғалтқыштың да істен шығуына және ұшақтың аэродромның сыртында апатты қонуына соқтыруы ықтимал. Жоғары жылдамдықпен ұшатын қанаттылар ұшақтың әйнегіне құдды зеңбірекпен атқандай соғылады екен. Соның кесірінен әуе кемесінің әйнегі шытынап, құстардың қаны мен қауырсындары терезені толықтай жауып қалады. Бұл ұшқыштардың ұшақты басқаруына кедергі келтіреді.
Ал, белгілі журналист Михаил Козачков Алматы әуежайының жанында мыңдаған құс мекендейтін қоқыс орындары көп дейді. Оған үймелеген құзғындар ұшақтардың ұшуы мен қонуына кедергі келтіреді. Оның айтуынша, бұл мәселемен әуежайдың бұған дейінгі басшылары күресуге тырысқан. Ал, әуе айлағын түрік компаниясы сатып алғалы бері құстарға ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Сондықтан, ол инвесторлар тек әдемі терминал салумен ғана емес, әуелі ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек деп отыр журналист. Бірақ, «Алматы халықаралық әуежайы» AҚ әуе кемелерінің ұшу аймақтарында құстардың самғауына қарсы жұмыстар жоспарға сай атқарылып жатыр дейді.
«Орнитологтардың күндізгі ауысымы күшейтілді. Құстарды үркіту құралдарымен және биоакустикалық жүйемен толық жабдықталған автокөліктердің қосымша бірлігі бөлінді. Резервтен қосымша 10 «Кондор» құрылғысы қойылды. Бұл да қанаттыларды үркітуге көмектеседі. Ай сайын бекітілген кесте бойынша әуежай қызметінің қызметкерлері аумақты зерттеп, құстар жиналатын орындарды анықтайды. Тексеру нәтижелері нысан иелеріне және тиісті органдарға жіберіледі», - деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.
Әуежай маңында әлі де қоқыс төгетін орындар бар
«Алматы халықаралық әуежайы» өкілдерінің айтуынша, ұшақтардың қанаттылармен соқтығысуы маусымдық сипатқа ие. Яғни, оқыс оқиғалардың басым бөлігі құстардың көктем және күздегі қоныс аударуы кезінде болады дейді. Сондай-ақ, жыл бойы құстарға жем көзі болып табылатын маңайдағы қоқыстардың да әуе кемелеріне кедергі екенін жасырмады. Бірақ, қоқыс алаңдары әуежай аумағынан тыс жерде орналасқандықтан, оны тазарту біздің құзыретімізге кірмейді деп отыр. Тек қоқыс тастайтын жерлерді жергілікті атқарушы органдарға жолдағанын хабарлады.
«Azattyq Rýhy» тілшісі Алматы әуежайының маңын аралап, құстар жиналатын орындарды көріп келді. Кезінде әуежайдан таяқ тастам жерде орналасқан «ПК Марат» ЖШС-на тиесілі 8 гектардан астам аумаққа созылған тұрмыстық қалдықтар полигонын мамандар 2013 жылы жапқан. Алайда, мәселе мұнымен шешілмеген. Ұшу-қону жолағының маңында көптеген үй бой көтеріп, халық күл-қоқыстарын алысқа апармай, әуежайдан 200 метр жерге төгуді әдетке айналдырған.
Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ермек Толқыновтың айтуынша, әуежаймен шекаралас Гүлдала және Панфилов ауылдарында апаттық жеті қоқыс үйіндісі болған. Әкімдік оның барлығын тазартып, полигондарды жойдық деп отыр. Алайда, әуе айлағынан алысқа ұзамай-ақ шашылған қоқыс үйінділерін байқауға болады. Адамдар пластик, қапқа салынған тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын да осында әкеп төгеді екен. Бұл да жем іздеген құстарды тартады.
«Бұл аумақтарды бүгін тазалатсақ, түнде көлікпен келіп қоқысын төгіп кететіндер бар. Кейбір адамдар қолындағысын жолда кетіп бара жатып лақтырып кетеді. Олардың барлығын бақылауға мемлекеттік органдар физикалық тұрғыдан үлгермейді. Тазалықты қадағалау үшін әр бұрышқа бейнебақылау камерасын орнату қажет», - деді аудан әкімінің орынбасары.
Құстар егіс алқаптарына жем іздеп келеді
Ермек Толқыновтың пікірінше, құстардың мәселесін түбейгейлі шешу мүмкін емес. Себебі, қанаттылар тек күл-қоқысқа ғана емес, көктем мен күзде шаруалар егін егіп, жер жыртқанда қаптайды. Ал әуежай басшылығы мемлекеттік органдармен жүйелі жұмыс істеп, егіс алқаптарының қанша шақырымына дейін ұшақтарға зиян екенін анықтауы керек дейді. Ол үшін қаржы бөліп, арнайы карта жасалуы тиіс деп отыр.
«Әуежайдың маңында ауылшаруашылық мақсатында пайдалануға берілген көптеген егістік алқабы бар. Біз фермерлерге ол жерлерге «дәнді-дақыл екпеңіздер, тек көпжылдық шөп, жоңышқа немесе көкөніс егіңіздер» деп айтып жатырмыз. Бірақ ауыспалы егіс деген түсінік бар. Яғни, бір жерге жылда бір өнімді еге беруге болмайды. Жер кодексіне сәйкес, ауылшаруашылығы мақсатындағы егістік жерлерде ол сақталуы керек. Дәнді дақылсыз жердің құнары, құрамы өзгереді. Оның үстіне, үйлер бой көтергендіктен ол жерлердегі бұрынғы канал, арықтар тартылған. Сондықтан, егіс алқаптарының көбісі суарылмайды. Ал суарылмайтын егістікке шаруалар көкөніс немесе көпжылдық шөп еге алмайды. Арпа, бидай, сұлы еккендіктен, әлбетте құстар жиналады», - деді ол.
Мал соятын орындар да мәселені түбегейлі шешуге кедергі
Бұдан бөлек, әуәжайға жақын жерде базарлар мен мал соятын орындар көп. Оның кейбірі Алматы қаласының территориясына кірсе, қалғаны Талғар ауданына тиесілі. Ермек Толқыновтың мәліметінше, Талғар ауданындағы Тұздыбастау ауылында – 2, Гүлдалада және Панфилов ауылдарында бір бірден мал соятын орын бар.
«Мал соятын орындар жекеменшікке тиесілі болғандықтан, оларды беталды барып тексеруге құқымыз жоқ. Бірақ, аудандық ветринариялық инспекция олармен жұмыс істеуі керек. Біз оларға санитарлық-нормалардың сақталуын қадағалау жөнінде тиісті хат жолдадық. Олар облыс әкімдігіне бағынады. Мал соятын орындарда қалдықтарды уақтылы тазаланып жатыр ма, малдың қан-жыны тиісті орынға төгіліп жатыр ма, осының барлығын қадағалау сол кісілердің құзырында», - деді аудан әкімінің орынбасары Е.Толқынов.
Ал, сала мамандары құстардың соқтығысуын толығымен жою мүмкін болмаса да, бұл қауіпті азайтуға күш салу керек дейді. Ол үшін әуежайдағы ұшу-қону жолағы ауданында патрульдеуді қамтамасыз ету қажет. Пиротехникалық құралдарды, газ зеңбіректерін, биоакустикалық құрылғыларды, лазерлерді және өзге де құралдарды қолдана отырып, құстарды үркітуді қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ құстардың ұшуы туралы ақпаратты диспетчерлер хабардар етуі тиіс.