«650 адам жұмыссыз қалады»: заңгер Бақытжан Базарбек ірі комбинаттың жабылуына БҚО әкімі мүдделі екенін айтты

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Аталған комбинат ішкі және сыртқы нарықты өніммен қамтып отыр

фотоколлаж

Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығымен айналысатын бірнеше қожалық банкротқа ұшырауы мүмкін. Салдарынан 650 адам жұмыссыз қалады.

Құрылғанына 30 жыл болған, ішкі сұранысты ғана емес, экспортқа да ет, балық сынды өнімдердің жүзден астам түрін шығаратын өндіріс орны жабылудың алдында тұр. Заңгерлер мен депутаттар аталған кешенге келген қауіпті әкімдіктен көреді. Соттың шешіміне қарамастан әкімдікке қарасты басқармалар тұрғын үй құрылысын салуға қатысты рұқсатнамалық құжаттарды да беріп, жердің нысаналық мақсатын өзгертіп жіберген көрінеді. Бұл туралы заңгер Бақытжан Базарбек Azattyq Ruhy тілшісіне айтып берді.

«Жердің нысаналық мақсатын ауыстырып, тұрғын үй салып тастайды. Бұдан соң сот басталып, сот бұрыннан жұмыс істеп тұрған компанияның пайдасына шешім шығарады. Соттың шешіміне қарамастан әкімдікке қарасты уәкілетті органдар тұрғын үйге қатысты рұқсатамалық құжаттарды беріп тастайды. Арызда көрсетілгендей, ол рұқсатнамалық құжаттарды қайтарып алуға қадам жасалмаған. Ең қызығы, құрылыстың заңды немесе заңсыз екеніне де тексеру жүргізбейді. Біз әкімдікке қарасты шығарылған қаулыларды заңсыз деп танимыз. Әкімнің шешімін де заңсыз деп танимыз. Әкімнің әрекеті заңсыз деп прокуратураның хатында да анық жазылған. Жер қатынастары басқармасы, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысын қылмыстық жауапкершілкке тарту туралы да арыз жазылған. Санитарлық бақылау департаменті, Индустрия және индустриялық-инновациялық даму министрлігі әкімнің әрекеті заңсыз деп анық көрсеткен. Қанша жерден заңсыздық болса да ешкім жауапқа тартылмайды, тіпті тексеру де, тергеу де жүргізілмеді», - деді Бақытжан Базарбек.

Зауыт 1992 жылы құрылған. Әу баста балық шаруашылығымн айналысқан компания елдің ғана емес, үкіметтің де ауыл шаруашылығын дамытудағы бағдарламасымен жұмыс істеп, талаптан шыққан. Консервіленген балық етінің түрлерінен бөлек бұршақ, бұқтырылған сиыр еті, қой етін өңдеп, томаттың да түрлерін шығарады. Консервіленген сүт те нарықтан орнын тапқан. Тіпті, тауық пен балықтың, малдың сүйегін де кәдеге жаратып, құс азығы ретінде шетелге экспорттайды. Толығымен автоматтандырылған, еуропалық жабдықтар орнатылған зауытта 650 адам жұмыс істеп келген. Ет өңдеу ценында бір ауысымда 250 бас ірі қара, 700 бас қойға дейін сойылып, ет өңделеді. Батыс өлкедегі балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер, мал өсіріп, тауық асырайтын көптеген ірі қожалықтар өнімдерін осы компанияға өткізіп келген.

«Болып жатқан жағдай – шаруаларға жасалған қастандық, комбинатты тығырыққа тіреп, аймақтағы ауыл шаруашылығын құртып, осы саладағы кәсіпкерлерді банкротқа ұшырату. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған коммиссияның мүшесі, депутаты ретінде комбинат бұдан кейін де жұмысын жалғастырып, халыққа пайдасын тигізе беруі керек. Бұндай ірі комбинат тек батыс өлкеде ғана емес, бүкіл ел көлемінде біреу ғана. 600-700 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Онсыз да импорт қаптап тұрғанда елдегі ірі комбинатты жапса, онда бұдан ары қарай батыс халқына шаруашылықпен айналысудың мәні жоқ», - деді БҚО мәслихатының депутаты Серік Жұмабергенұлы.

Ауыл шаруалығына қатысы мәселелермен айналысатын мәслихаттағы бір топ депутаттың пікірінше, адамдарды жалақыдан айырып, қазіргідей қиын кезеңде жұмыссыз қалдыру – олардың отбасын ашындыру мемлекеттің идеологиясына қарсы шығу. Сондықтан олар дауды тоқтатып, комбинат әрі қарай жұмысын жалғастыру керек деп санайды. Алайда, жердің әу бастағы нысаналық мақсатын өзгертіп, санитарлық аймақтағы жерге құрылыс жүргізуге рұқсатты беріп жіберген әкімдік көпқабатты тұрғын үйлердің құжаты түгел емес, әрі комбинатқа тыс жақын салынғаны мойындап отыр. Бес қабатты тұрғын үйлердің біразын компания сатып та үлгерген. Бірақ санитралық аймаққа небәрі 67-70 метр тиіп тұрған тұрғын үйлерді қолданысқа беру заңсыз. Санитарлық нормаларға сәйкес өнеркәсіптік өндіріс объектісінің санитарлық қорғау аймағы тұрғын үйлерден кемі 100 метр қашықта болуы керек. Консерві зауыты қауіптіліктің 4-санатына жатады.

«Тұрғын үй құрылысы басталған учаске «Азиятехстрой» ЖШС-не тиесілі болды. «Циолковский» ТҮК салуға арналған алаң өндірістік ғимараттарды күтіп ұстауға арналған алаң. Алып жатқан жер аумағы 2,1033 га. Тұрғын үйлердің нақты құрылысы 2019 жылы «Азиятехстрой» ЖШС меншігіндегі учаскеде басталды. Әкімдіктің 2019 жылдың 24 қазандағы №2448 қаулысымен «Циолковский» ТҮК бекітілді, онда 6 және 5 қабатты үйлерді салу көзделген. 2019 жылдың 23 желтоқсанында аталған учаскенің кепілгері ретінде «Жусан банктің» өтініші бойынша «Азиятехстрой» ЖШС-не қатысты тексеру басталып, құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасыз жүргізілгені, автор тарапынан құрылысқа қолдау көрсетілмегені және техникалық қадағалау жүргізілмегені анықталды», - деді БҚО әкімінің баспасөз хатшысы Нұрхан Жанбоз.

Бірақ, соған қарамастан өндірістік ғимараттарды ұстауға арналған аумақ әкімнің қаулысымен қөпқабатты тұрғын үйлерді салуға өзгертіледі. 2020 жылы облыстық сот әкім шығарған үш қаулының күшін жойып тастайды. Осының бәріне кінәлі ретінде сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы қызметінен қуылады.

«Бірінші үй салынып бітті, оны ресми түрде пайдалануға беруге болады, үй «Кублей» ЖШС-нен 137 метр жерде. Екінші ғимарат аяқталды, барлығы 100 пәтер сатып алынды (тұрғындардың 70%-ы 100% төлем жасады). «Кублей» ЖШС аумағында екінші қазандық бар. Екінші үйден 61 метр, бұл үйді пайдалануға беруге сол қазандық кедергі. 3-ші және 4-ші үйлердің құрылысы тоқтатылды, Пәтерлердің 30% төленіп қойған, үйлер «Кублей» ЖШС-нен 100 метрден аз қашықтықта орналасқан (3-ші үй – 67 метр, 4-ші үй – 87 метр). Тиісінше, ғимараттарды тұрғын үй қоры ретінде пайдалануға болмайды, бірақ оларды кеңселер ретінде пайдалануға болады», - деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы.

«Өміріме қауіп төніп тұр...»

Әкім қаулысының күшін сот жойса да, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пәтерлердің жартысына жуығын компания сатып жіберген. Даулы жерден үй соғып, қомақты қаржы тапқан кәсіпкер жоспарын толық жүзеге асыру үшін комбинатты сотқа берген. Даулы соттың өтіп жатқанына 1,5 жылдан асты. Әу баста облыстық сот комбинаттың пайдасына шешім шығарған. Бірақ, ол шешімдер аяқ астынан өзгеріп шыға келіпті. Заңгер Бақытжан Базарбек заңсыз құрылысқа облыс әкімінің тікелей қатысы бар деп санайды. Ол осы даулы іске араласқаны үшін өз өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін жасырмады.

«Бір адам менің өміріме қауіп төнетіні туралы ескертті. «Сен Алматыда немесе Астанада бір жамандыққа ұшырап қалуың мүмкін» деді соттан соң. Мені атуы немесе улауы мүмкін. Тіпті, пышақтап кетуі де мүмкін. Маған қандай қауіп келетіні туралы сұрағанымда әлгі адам: «мен тек ескерттім» деді. Өміріме қауіп төніп отыр. Бұның басты себебі осы Орал қаласында болып жатқан сот. Біз сотқа барлық дәлелді ұсындық, қарсы тарап, яғни Орал қаласының әкімдігі мен жердің иесі сотқа дәлелдемелерді де әкеле алмай отыр. Біз сот барысында әкімдіктен 40-қа жуық құжатты талап еттік. Мемлекеттік органдардың келісімі, түрлі рұқсат құжаттамаларын талап еткенде, сот оны қанағаттандырды. Бірақ әкімдік бірде бір құжатты әкеліп көрсете алмады. Бұл істің артында облыс әкімінен бастап өзге де ірі шенділер тұр», - деді заңгер Бақытжан Базарбек.

Еске салайық, бұған дейін заңгер Azattyq Ruhy тілшісімен сұхбаттасып, Алматы облысы мен Шымкенттегі жерлердің қалай талан-таражға салынғанын айтып берген еді.