Қолыңызда келісімшарт болса үй иесі де, полиция да пәтерден қуа алмайды – риелтор
Ресейліктердің ағыны Қазақстанда жалға берілетін үй бағасына қатты әсер етті
Премьер-министр бүгін, 27 қыркүйек күні ғана жауапты органдарға тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру керек деген тапсырма берді
Осыдан алты күн бұрын, 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин елде ішінара мобилизацияны жариялады. Жарлыққа қол қойылар-қойылмастан-ақ әскер жасындағы ер азаматтар Ресейдің жан-жағындағы елдерге «қаша» бастады.
Ресей әуежайларынан Қазақстан, Түркия, Грузия сияқты елдерге ұшатын рейстің билеттері әп-сәтте таусылса, біразы құрлықтағы шекарадан шыққан. Қазір Қазақстанның солтүстік, батыс, орталықтағы қалаларында Ресей азаматтары халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезекке тұрып, уақытша тіркеуден өтіп жатыр. Заң бойынша, олар біздің елде 90 күн визасыз жүре алады.
Ресейліктердің ағыны Қазақстанда жалға берілетін үй бағасына қатты әсер етті. Бұған дейін Azattyq Ruhy Петропавл қаласындағы қонақ үйлерде орын қалмағанын жазса, әлеуметтік желі қолданушылары пәтерақы қымбаттаған соң, көп адам далада қалғанын айтып жатыр.
Ресейліктер қанша қаражат болсын баспана табуға тырысқан соң, Астана, Алматы, Петропавл, Орал, Ақтөбе сияқты қалаларда пәтерақы қымбаттады. Желіде тараған бейне, аудиожазбаларда пәтер иелері ипотеканы жабу үшін ақша керек екенін алға тартып, бұрынғы бағасына келіскен пәтер жалдаушыларға үйді босатуды талап етті.
Бірақ есесіне, адамгершілік танытып, пәтерақыны қымбаттатпаймын деген, үйіне студенттерді тегін тұрғызуға дайын екендерін айтқан адамдар да болды. Мәселен өзі Түркияда білім алып жүрген журналист Әсел Ергешқызы мол қаражат ұсынып тұрса да, Ресейден келген азаматтарға емес, «ипотекасын жабуға қажет азын-аулақ ақша төлей алатын» отандастырымызды пәтеріне кіргізгенін жазды. Тағы бір журналист Назерке Өрқара жалдау құнының қымбаттауына байланысты пәтерден шығып қалған студент қыздарды үйіне тегін тұрғызуға дайынмын деген пікірін білдірді.
Бұдан өзге, әлеуметтік желіде пәтерінде тұратын азаматтарды жұбатып, «еш алаңсыз бұрынғы бағадан арзан бағаға тұра беріңдер» деген жазба иелерінің мәліметтері де көп тарады.
Дегенмен «Баспана групп» жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі Ботагөз Мақышеваның айтуынша, заңды білсе, кез келген адам өз құқығын қорғап, иесі келіп тұрса да, пәтерді босатпай, отыра алады.
«Көрші елде болып жатқан сары уайым қарапайым қазақстандықтарды да сергелдеңге салды. Осындай қиын сәтте бірігіп, адамгершілік танытудың орнына отандастарымыз бір сәттік, бір мезеттік мүмкіндікті құр жібермей, пайда көргісі келіп жатыр. Бес саусақ бірдей емес, сондықтан қанша адам болса, сонша мәселе бар. Оларды да сөге алмайсың, көбі ипотекада отыр. Аз да болса, туындаған мүмкіндікпен ипотекамды жауып, жыртығымды жамап алайын деп жатқандар бар. Дегенмен қазақ бекер айтпаған, қайырсыз мың теңгеден қайырлы бір теңге артық. Сондықтан, ұзақ уақыттан бері сыйласып тұрып жатқан пәтер жалдаушыдан артық адам болмайды деп ойлаймын. Себебі мобилизациядан қашып жатқан адамдардың ақшасы береке әкеледі деп ойламаймын», - дейді әуел баста жеке ойын айтқан ол.
Ал маман ретінде айтатыны – ресейліктердің Қазақстанға қаптап кіріп жатқаны елдегі жылжымайтын нарық саласындағы қордаланған мәселелерді қайта су бетіне шығарып отыр.
«Себебі Қазақстанда жалпы жылжымайтын мүлік саласында ешбір операция, ешбір процесс жүйеленбеген. Нақты қадағалайтын орган жоқ. Негізі жалға беруші мен жалға алушының арасында тікелей байланыс болмауы керек. Әрбір өркениетті дамыған елдерде бұл процесс әлдеқашан бір іздендіріліп, жүйеге салынған. Яғни, үйдің иесі пәтер жалдаушыға тікелей өзі жалға бере алмайды. Ондай жағдайда қаншалықты арыл беріс ақша жүріп жатқаны, үй иесі қанша салықтан қашып жатқаны көрінбей қалады», - дейді ол.
Мақышеваның айтуынша, Түркияда жылжымайтын мүлік агенттіктердің араласуымен ғана кемі алты айдан бір жылға дейін жалға беріледі.
«Кез келген операция агенттіктердің қатысуымен ғана жүзеге асады. Өз кезегінде, үкімет мұндай агенттіктердің жұмысын қатты қадағалайды. Ресми түрдегі құжаттардың бәрі орнында болған соң бұл нарықтағы ақша айналымы да ашық, таза болмақ», - дейді ол.
Осындай жағдайда болсын, немесе болашақта біреудің пәтерін жалға аламын деген азаматтарға кеңес айтқан маман қолыңызда келісімшарт болса, ұтылмайсыз дейді.
«Жалға үй алсаңыз, арнайы бекітілген келісімшартқа қол қойыңыз. Біз тек сондай келісімшарттармен ғана жұмыс істейміз. Ол келісімшартта стандартты түрде жалға беруші мен жалға алушының мәліметтері, жалға алу сомасы, депозит көлемі, үйді босату керек болса, үй иесі неше күн бұрын ескрету керек, үйдегі мүлік бүлінсе, оны кім өтейді, міне, осындай мәселелердің барлығы бап-бапқа бөлініп жазылады. Бұл екі жеке тұлғаның арасында жасалған келісімшарт болғаннан кейін, екі тарап та оны бұза алмайды. Бұзса, болмаса, қазір әлеуметтік желіде тарап жатқандай, «полиция ертіп келіп, шығарып жіберемін» деген жағдай болмайды. Келісімшарт бұзылған жағдайда, мәселе сот арқылы шешіледі. Сот шешімі шықпайынша, ешкім ешкімді үйінен қуа алмайды», - дейлі ол.
Ботагөз Мақышева мысалға алып отырған түрік елінде келісімшарт алты айдан бір жылға дейін жасалады. Осы уақыт аралығында пәтер иесі үйдің бағасын 15%-дан артық қымбаттата алмайды.
«Сонымен қатар, бір жыл ішінде жалға алып жатқан адам жұмысынан, болмаса тұрақты табысынан айырылып, пәтерақыны төлей алмай қалып жатса, қожайын оны үйден қуып шыға алмайды. Үйдің ақшасын төлей алмаған адам кейін мемлекет тарапынан әлеуметтік төлем алғанда, мемлекет пәтер иесіне ақша төлеп береді. Міне, екі тараптың да құқықтары соншалықты қорғалғанын осыдан байқауға болады. Ал Қазақстанда жылжымайтын мүлікті жалға беру саласын реттемейінше, заңмен бір ретке салмайынша, агенттіктердің жұмысын қадағалайтын бір орган пайда болмайынша, осындай келеңсіз жағдайлар қайталана береді. Одан кім зардап шегеді? Әрине, қарапайым адамдар», - дейді ол.
Демек, баспананы жалға алар әрбір адам келісімшартқа отырып, бәрін заң жүзінде жүзеге асырғаны абзал.