«20 жыл тәжірибесі бар маманның жалақысы – 190 мың теңге»: өрт сөндірушілердің негізгі проблемалары айтылды

Автор: Сағыныш Ибрагим

Астанада барлығы 1463 өрт сөндіруші жұмыс істейді

Күн сайын табиғи апат салдарынан немесе қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталмауынан туындайтын өртпен бетпе-бет келіп, тілсіз жаумен арпалысқа түсетін өрт сөндірушілердің ерлігі айтпасақ та белгілі. Күні кеше Қостанай облысындағы орман өртінде өмірін қауіпке тігіп алдыңғы шепте жүрген мамандардың еңбегі тағы айқындала түсті. Мемлекет басшысы осы жағдайдан кейін өрт сөндіру қызметкерлеріне толық жағдай жасалу керектігін де айтты. Қазір мамандығын жаны сүйіп тұрса да жұмыстан шығуға мәжбүр болатын өрт сөндірушілердің қатары көбейіп келеді. Басты себеп – айлықтың аздығы мен баспана мәселесі.

Azattyq Ryhy тілшісі өрт сөндіру қызметінде кездесетін қиындықтар мен оларға берілетін көмек түрлері жайында Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің бастығы Назарәлі Селимовпен сұхбаттасты.

Маман әңгімесін өрт сөндірушілердің жиі айтатын шағымынан бастады.

«Қазір өрт сөндіруішлерді алаңдатып отырған негізгі мәселе – айлық пен баспана. Президентіміз кеше ғана Қостанай облысына барып өрт сөндірушілермен жеке кездесіп, мамандардың айлығын көтеру керектігін айтқанда қуанып қалдық. Өрт сөндірушілердің бәрі жақсы өзгерісті күтіп отыр. Жыл басынан бері қалалық өрт сөндіру қызметінен 77 адам жұмысынан шықты. Оның ішінде 55-сі өз еркімен жұмыстан босатуды сұрады. Өз өмірін қауіпке тігіп, қызметін адал істеп жүрген өрт сөндірушілерге тиісті жағдай жасалатын уақыт әлдеқашан келді деп ойлаймын. Жабық ғимараттағы өрттерге арнайы демалу аппаратымен кіруге болады. Ал орман өрті кезінде ондай аппаратпен жүре алмайсың. Өрт сөндірушілер жұмыс барысында улы газбен демалады. Бұл олардың денсаулығына қаншалықты зиян екені айтпасақ та белгілі. Сондықтан олардың еңбегі бағалануы керек.

Сондай-ақ жалақыдан бөлек тағы бір қиын мәселе – баспана болып тұр. Өрт сөндіру қызметкерлерінің көбінде үй жоқ. Нұр-Сұлтан қаласында 219 жатақхана бар. Ол жерде өрт сөндірушілер, басқа да қызметкерлер тұрады. Жатақхана мүлде жетіспейді. Себебі қазірдің өзінде баспана мәселесі бойынша 450 хат жатыр. Қызметкерлердің көбі үй жалдап тұрады. Ал алатын айлық аз. Барлық органдарда үйге арнайы төлем төленеді. Тек біздің өрт сөндіру қызметкерлеріне төленбейді. Бұл өте күрделі мәселе болып отыр», - дейді Назарәлі Селимов.

Өрт сөндірушілердің жалақысы 95 мың теңгеден басталады. Жалақы жылдық еңбек өтіліміне байналысты өседі. Ең жоғарғы жалақының өзі бір отбасын толық қамтамасыз етуге жетпейді.

«Өрт сөндіруші немесе жүргізуші лауазымына келетін үміткерлерді басында азаматтық қызметкер ретінде қабылдаймыз. Көкшетеу қаласында Азаматтық қорғау академиясы бар. Академияның республика бойынша 6 қалада аумақтық оқу орталықтары орналасқан. Алғаш қызметке келгендер өрт сөндіру лауазымына машықтанушы болып кіреді. Үміткер өрт сөндіруші лауазымы бойынша 35 күн, жүргізушілік бойынша 14 күн, радиобайланысшы лауазымында 5 күн оқиды. Оқуды бітіргеннен кейін бізге қайта келеді. Олар толық тексерістен өткеннен кейін өзі оқыған мамандық бойынша жұмысқа тағайындалады. Алғаш машықтанушы болған кезде 95 мың теңге жалақы алады. Кейін арнайы тексерістен өтіп, лауазымы бекітіліп,  азаматтық қорғау шенін алғаннан кейін жалақылары 120 мың теңге болады.

Жыл сайын шен өсіп, тәжірибе жинау арқылы айлық өседі. Мысалы, 5-7 жыл арасындағы қызметкер сержант шенімен 140-150 мың теңге алады. Өрт сөндіру қызметкерлерінің ең жоғарғы жалақысы еңбек өтілімі 20 жылдан асқан азаматтық қорғау старшинасы шенімен бірінші класс тәлімгерлігі болса, 190-200 мың теңгені құрайды. Бізде 1 698 штат бар, бірақ 1463 қызметкер қызмет етеді. 235 орын бос тұр. Бос орыннан үнемделген қаражатты тоқсан сайын қызметкерлерге сыйақы есебінде береміз. Сыйақы 35 пен 60 мың теңге арасында беріледі», - дейді Назарәлі Селимов.

Өрт сөндіру қызметкерлері бір күн жұмыс істеп үш күн демалады. Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің бастығы өрт сөндірушілердің күнделікті жұмыс тәртібі мен оларға төленетін әлеуметтік төлемдерге тоқталды.

«Өрт сөндіру қызметкерлеріне қосымша жұмыс істеуге болмайды. Бұл жемқорлық болып саналады. Өрт сөндіру қызметкері балалы болған кезде, жақын туысы қайтыс болса немесе өзі ауырса арнайы хат жолдайды. Тоқсан сайын олардың жағдайы қаралып 35-100 мың теңге арасында материалдық көмек төленеді.

Өрт сөндірушілер бір күн жұмыс істеп, үш күн демалады. Кезекшілікке түседі. Кешекшілік күн тәртібі бойынша жұмысы таңғы 8:00-де басталады. Өздеріне бекітілген техникалық құрал-жабдықтарды қабылдайды.

Күні бойы оларда теориялық және тәжірибелік сабақ өтеді. Техниканы шығарып, арнайы киім киіп, жаттығу өткізеді. Түскі астан кейін қала бойынша түскен әртүрлі шақыртуларға барады. Әр өрт сөндіру бөлімінің шығатын аудандары бар. Сол аудандар бойынша машықтану жасалады. Қалада 5 мыңдай өрт суаты бар. Жыл сайын екі рет өрт суаттарын тексеру үшін қыста және көктемде техникалық бақылау өткіземіз. Сондай-ақ оларда міндетті түрде психологиялық сағаттары болады. Себебі өртте түрлі жарақат алған, қаза тапқандарды өз көзімен көруіне тура келеді. Одан кейін спорттық сағаттар өтеді. Бұл өрт сөндіру қызметкерлерінің негізгі жұмыс тәртібі», - дейді ол.

Назарәлі Селимов өз өмірін толық өрт сөндіру қызметіне арнаған білікті мамандардың бірі. Ол сөзін қорта келе өрт сөндіру қызметінің негізгі басымдылығын айтып берді.

«2007 жылы Көкшетау техникалық институтын аяқтадым. Сол жылы лейтинант шенімен Ақтау қаласының өрт сөндіру қызметінің мамандандырылған жастар бөлімшесіне тағайындалдым. Екі жылдай қызмет етіп, сол жасақтың бас орынбасары болдым. Осылайша, қызметімді жалғастыра бердім. 2017 жылы министрліктен Орал қаласы бойынша өрт сөндіру қызметінің бастығы болу ұсынысы келді. Ол кездегі шенім – майор, жасым 32-де болды. Республика бойынша өрт сөндіру қызметіндегі ең жас басшы болдым. Нұр-Сұлтан қаласына 2021 жылы жаңа лауазыммен келдім.

Өрт сөндіру саласына келген адам мамандығын, ісін сүйіп келуі керек. Бұл қызметтегі үлкен маңыздылық пен басымдық – адам өмірін сақтап қалу. Менің өзім де бұл мамандыққа шексіз махаббатпен келдім деп айтсам артық болмайды. Мектеп кезінен бастап форма кигім келетін. Алғашында әскери қызметке баруды ойладым. Дегенмен, еңбек жолым, тағдырым өрт сөндіру қызметкері болу болыпты. Көбі «өз өмірің үшін қорықпайсың ба?» деген сұрақты жиі қояды. Бүгінге дейін жұмыс барысында қорқыныш болып көрген жоқ. Өзің қорқып барсаң, басқаның өміріне қалай араша түсесің. Сондықтан артық эмоцияны ысырып, ештеңе ойламастан жұмысымды істейтінмін. Адамдардың алғысы, жылы көзқарасы қосымша күш беріп, жігерлендіре түседі. Өрт немесе басқа жағдай болған жерлерге керісінше өзім сұранып отыратынмын. Мұндағы мақсатым – өзім таңдаған мамандықтың бар қиыншылығы мен ыстық-суығын көру болды», - дейді маман.

Айта кету керек, жақында ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титов Өрт сөндірушілердің жалақысы өсетінін мәлімдеді. Төтенше жағдайлар министрлігі өкілінің айтуынша, қазір өрт сөндірушілердің жалақы мәселесін шешу министрліктің күн тәртібінде тұр.