«Сән-салтанат салығы» кімдерге енгізілуі мүмкін: сарапшылар пікірі

Автор: Еркежан Айтказина

Министрдің айтуынша шартты түрде көлік құнына ең төменгі шек 150 мың доллар болуы мүмкін

Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізуді ұсынды. «Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен салықтың мұндай жаңа түрі кімдерге енгізілуі мүмкін? Осы орайда Azattyq Ruhy тілшісі сарапшылар мен сала мамандарының жауабына жүгінді.

ЯХТАСЫ МЕН ҰШАҒЫ БАРЛАР САНЫ КӨП ЕМЕС

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров сән-салтанат салығы не үшін қолданылатынын былайша түсіндірді.

«Сән-салтанат салығы белгілі бір құны қымбат, тіпті инвестициялық құны бар жылжымайтын мүлік, көлік және басқа да сән-салтанат нысандарына қолданылады. Құнына байланысты үдеме болады. Мысалы яхталар, спорттық автомобильдер, шетелдік виллалар, жеке ұшақтар. Бұларға сән-салтанат салығы қолданылады. Шартты түрде жоғары салық салынатын көлік құны 100-150 мың доллардан басталады, мүмкін одан да жоғары болуы мүмкін. Біраз градация болады. Жылжымайтын мүлікке де қатысты. Жылжымайтын мүлік сәйкесінше жоғары бағаланады. Жылжымайтын мүліктің өзі жылжымалы мүлікке қарағанда қымбатырақ», - деді министр.

Оның айтуынша, шартты түрде көлік құнына ең төменгі шек 150 мың доллар болуы мүмкін. Құны 60 миллион теңгеге жуық көліктер аз емес.

«Көлік иелердің нақты санын айта алмаймын. Біреудің көлігі миллион доллар тұрады. Елімізде мұндай көлік иелері санаулы ғана шығар. Яхталар, ұшақтар сияқты нәрселерге де қатысты, менің ойымша, мұндай адамдар көп емес», - деді министр.

Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның айтуынша, алдағы уақытта Президент тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылып, бұл мәселе жан-жақты талқылаудан өтеді.

«Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігінде мүлікті рәсімдеу процесі жүргізіледі. Республика бойынша жылжымайтын мүлік деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында сақтаулы. Осы ұйым жыл сайын азаматтардың мүлік салығын төлеу үшін бізге тиісті ақпарат береді. Мемлекеттік кіріс органдары құнына байланысты тиісті мүлік салығын белгілейді. 2022 жылдың 1 қазанында 2021 жылдың мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Аталған уақытқа дейін төленбесе, өсімпұл тағайындалады. Осы ретте жаңадан енгізілетін «сән-салтанат» салығының іске асуына біз де қатысамыз. Бірақ оның әлі нақты тұжырымдамасы енгізілген жоқ. Президент тапсырмасы бойынша өте үлкен сомадағы қымбат мүліктерге салық салу айтылған болатын. Бұл туралы ақпарат бізге Әділет министрлігі арқылы келуі мүмкін», - дейді Айнұр Сартаева.

Оның айтуынша, қазір «қымбат» деп атауға келетін критерийдің өзі түсініксіз болып отыр.

«Қазір астанада 20 млн теңгеге қандай пәтер алуға болады? Оны қымбат пәтер санатына жатқыза аламыз ба? Мәселе осында. Мысалы құны 50 млн теңге тұратын пәтерді отбасындағы адам санына, бөлме санына қарап бағалау керек. Егер бұл 4 бөлмелі пәтер болса, үйдегі бала саны 5-еу болса, оны да қымбат санатқа жатқызу қисынсыз деп айтар едім», - дейді Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары.

КІМНІҢ ҚАНША ТАБЫС ТАБАТЫНЫН АНЫҚТАП АЛУ КЕРЕК

Экономист Мақсат Халық Президент тапсырмасына сәйкес байлық салығын енгізу бойынша қиындық туындап отырғанын айтады.

«Біздің елде жалпыға бірдей декларация әлі толық жасалып біткен жоқ. Өйткені, алдымен кімнің қанша табыс табатынын біліп алу керек еді. Содан кейін барып салық салу орынды деп есептеймін. Біріншіден, дәл қазір қанша қаражат шекара асқанын білмей отырмыз. Екіншіден, әлі де сыртқа қаражат аударып жатқандардың легі тоқтаған жоқ. Мемлекет басшысы тиісті тапсырма берсе де, сыртқа ақша шығарудың толықтай жолын бөгей алған жоқпыз. Сондықтан еліміздегі әл-ауқаты жоғары топ алдағы уақытта салықтан жалтаруы үшін шетелге қаражат аударуды тоқтатпайды», - дейді сарапшы.

Оның пікірінше, байлық салығы – дамыған мемлекеттерде жиі қолданылатын тәжірибе. Сондықтан кімнің аса қымбат көлігі, зәулім сарайы, қымбат әшекей-бұйымы бар – соған салық салу дұрыс әрі тиімді шешім.

«Оның барлығы есептеледі. Осы ретте, Қаржы министрлігі де өз жобасын таныстыруы керек деп есептеймін. Мысалы, 300 шаршы метрден артық аумақты қамтитын элиталық үй болса, салықты көбірек төлеуі керек. Сонымен қатар үйдің аумағымен қатар құрылыс материалының сапасы да ескерілгені дұрыс. Көліктің маркасы мен көлемі, қуатына қарай салық көлемін арттыруға болады. Ал тапқан табысына қарай салық төлеу жуық арада енгізілмейтін сияқты. Жолдауда айтылған «сән-салтанат» салығының орта тапқа қатысы жоқ дегені де орта табыс табатындардың салығы алдағы уақытта артпайтынын көрсетіп отыр», - дейді Мақсат Халық.

І КЕЗЕҢДЕ БАРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР ДЕКЛАРАЦИЯ ТАПСЫРДЫ

Сарапшы атап өткендей, алдымен жалпыға бірдей декларацияны бүкіл халық толтырып болып, содан кейін ғана «сән-салтанат» салығын енгізу керек болса, онда бұл заң тек 2025 жылдан кейін ғана іске асатынын айтып өтті. Себебі 2023 жылдан бастап мемлекеттік мекеме қызметкерлері және олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары қандай мүлкі барын жария етеді. 2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсырады. Тек 2025 жылдан бастап барлық қазақстандық жалпыға бірдей декларациядан өтеді деп жоспарланған.

«Жалпыға бірдей декларация алдағы уақытта кезең-кезеңімен енгізіледі. Қазір кейбір санаттар бұл науқанға дайын емес, сол себепті дайын санаттарды қамтып отырмыз. Алдымен мүлікті жариялауды жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары, депутаттар, ЕДБ және бағалы қағаздар туралы заңнамаға сәйкес ірі қатысушылар І кезеңдегі декларацияға қатысты. 2020 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша алғашқы декларация активтер мен міндеттемелерге арналды. Онда жоғарыда аталған санатқа жататын азаматтар өз атында қандай мүлкі бар немесе шоты барын көрсеткен болатын. Барлығы 497 283 адам тапсырды. Былтыр декларация тапсырған азаматтардың барлығы биыл да жыл сайынғы табысы туралы есеп беріп жатыр. Сонымен қатар былтырдан бері мүлік сатып алса, оны жариялауға және бұл мүлікті қандай қаражатқа сатып алғаны туралы ақпарат беруі тиіс. Айта кетерлігі, заң бойынша әкімдерден бастап депуттарға дейін декларация толтыруға міндетті. Кейбір мемлекеттік қызметкер мүлкін жарияламаған жағдайда біздің тарапымыздан ескертпе хат жіберілді, - дейді Айнұр Сартаева.

Биыл 7 қыркүйектегі  жағдай бойынша 96 мыңға жуық адам декларацияны тапсырмаған. Жалпы биыл 572 мыңнан астам жеке тұлға кірістері мен мүлкі туралы декларацияны тапсыруы тиіс болатын.

МЕМҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ЖҰБАЙЫ ТАБЫСТЫ ҚЫЗМЕТКЕР БОЛУЫ МҮМКІН

Кірісі мен мүлкі туралы декларация 2022 жылғы 15 қыркүйекке дейінгі мерзімде тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына ұсыну қажет. Уақытылы тапсырмағандарға жауапкершілік қандай деген сауалға келсек, салық декларациясы мерзімінде табыс етілмесе, онда салық органдары алғашында ескертумен шектеледі («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 272-бабының 1-тармағы). Ескерту берілгеннен кейін бір жыл ішінде жеке тұлға тарапынан қайта бұзушылық болса, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, ол бүгінгі күні 45 945 теңгені құрайды («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 272-бабының 2-тармағы).

«Негізі заң бойынша мемлекеттік қызметшінің шетел банктерінде шоты болмауы тиіс. Бірінші декларациялау кезеңінде (2021 жыл) кімнің шетелде қандай мүлкі бары туралы мәлімет жарияланды. Олардың барлығын мемлекеттік қызметкер деп айта алмаймыз. Мысалы, олардың жұбайы табысты кәсіпкер болуы мүмкін. Сонымен қатар сақтандыру қызметі мен банк саласындағы қызметкерлердің де мүлкі осы І кезеңде жарияланған болатын», - дейді Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары.

Айта кетерлігі, декларациялаудың бірінші кезеңінде тек шетелдегі тіркелген мүліктер көрсетілген. Ал Қазақстанның ішінде кімнің қандай мүлкі бары туралы ақпарат жазылған жоқ.

«Себебі бұл деректердің барлығы біз үшін қолжетімді. Тиісті органдарда барлық ақпарат тіркелген. Ескеретіні, шетелде мүлкі барлар салықты да сол мемлекетте төлейді. Мысалы, қазақстандық азамат Түркияда пәтер сатып алса, сол елге мүлік салығын төлейді. Егер шетелдегі пәтерін сататын болса, онда біздің мемлекетке сол пәтер құнының 10%-ын табыс салығы ретінде төлейді. Негізі декларация толтырған азаматқа мүлкі мен табысын дұрыс көрсеткені өзі үшін тиімді. Егер оның жылдық табысы алған мүлкінің құнына сайкес келмейтін болса, күмән туындап, тиісті құзырлы органдар тексеріс жүргізеді», - деді Айнұр Сартаева.

ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ТУЫСЫН «ТАБЫСТЫ КӘСІПКЕР» ДЕП АҚТАП АЛАМЫЗ

Экономика ғылымдарының кандидаты, Сапарбай Жобаевтың сөзінше, Президент тапсырмасы бойынша қосымша байлыққа салық салу арқылы дәулетті адамдардың табысына жоғары салық салынып, сол арқылы бюджет табысы артады. Себебі, бюджеттің 50%-ға жуық сомасын Ұлттық қор арқылы толтырып отырмыз.

«Кезінде онда 90 млрд доллар болса, қазір оның көлемі – 55 млрд доллар. Ұлттық қор қаражатының біраз бөлігін жұмсап тастадық. Сондықтан оның орнын толтыру мәселесін Мемлекет басшысы жиі айтып жүр. Бұған дейін прогрессивті салық, яғни айлығы көп адамдар төлейтін салық мөлшері 10% емес, 15-20% төлеуі мүмкін. Өкініштісі, бұл жүзеге аспай жатыр. Президент жолдауында айтқан мәселе қымбат үйлер мен қымбат көліктерге байланысты болып отыр. Мұны жүзеге асыру оңай деп ойлаймын. Мысалы, қазір орташа айлық жалақы 300 мың теңгенің шамасында. Егер жылдық табыс 3 млн 600 мың дейтін болсақ, осы сомадан қымбатқа бағаланған дүниені «сән-салтанатқа» жатады деп есептеуге болады. Ал егер жыл сайын 3 млн теңге жинап, он жылда құны 30 млн теңге болатын үй алатын болса, онда оған ешкім ештеңе деуге құқы жоқ», - дейді экономист.

Оның айтуынша, «сән-салтанат» салығын енгізерде бірқатар мәселенің басын қайырып алу керек. Мысалы, егер әкімдердің айлығы 300 мың бола тұра, жылдық шығыны 30-40 млн теңгені құраса, я болмаса осы сомаға жылжымайтын мүлік немесе көлік алған болса, осындай жағдайда «сән-салтанат» салығын салу керек.

«Бізде табысын жасырып қалудың түрлі айла-амалы бар. Мысалы, «көлеңкелі табысын» жасыру үшін туған туысына, құдасы мен алыс ағайынының атына аудару сияқты әрекеттер жасайтынын білеміз. Бірақ осындай кезде құзырлы органдар ешқандай әрекет қолдана алмай жатады. Өйткені, мүлікті басқа біреудің атына жазып, оны «табысты кәсіпкер» деп ақтап аламыз», - дейді сарапшы.