$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақ киікті неге киелі жануар санайды?

Соңғы 9 жылды Қазақстанда киік саны 6 есеге өскен

Қазақ киікті неге киелі жануар санайды?
Фотолардың авторы Сәкен Ділдахмет

Биыл Қазақстанда киік саны күрт артуына байланысты Батыс Қазақстандағы шаруалар үлкен қиындыққа тап болды. Заңға сәйкес, бөкенді атуға болмайды, атпайын десе үйір-үйір болып жайылған жануар егістікті таптап, жайылым жерді тықырлап кеткен. Бұл проблема Үкімет деңгейінде көтеріліп, киікті атуға рұқсат берілуі мүмкін екені айтылған еді. Артынша қоғамда бұл үлкен резонанс тудырып, ақыры салаға жауапты министрлер Президенттен сөгіс алып тынды.

Киік санын қалай реттейміз деген мәселе күн тәртібінен әлі де түскен жоқ. Үкімет нақты шешім қабылдамады. Осы орайда қоғам осынау жануарды атуға не үшін қарсы шықты деген сауалдың да туындайтыны заңдылық. Қазақ киікті неге киелі санайды? Бұл сұрақтың жауабын халық фольклорынан іздеп көрдік. Ел арасында тараған аңыздар мен ақын-жазушылар киік туралы не дейді?

Аңыздардың біріне сүйенсек, киік Адам атаны көрген ең алғашқы жануар саналады екен.

«Адам ата жерге түскен соң барлық жан-жануар Хақ тағаланың орынбасарын көруге ынтық болған. Сол кезде ең алғаш Адам атаны көрген ақбөкен екен деседі. Ол «Алланың халифасы жерге түсті» дегенді естігенде қазақ даласынан Жидда тауына қарай бет алады. Ол кезде Адам ата мен Хауа ана Жидда тауының етегінде үй салып, тіршілік кешкен екен. 

Ақбөкен ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдығып, Адам атаның тұрағына жеткенде құлап түседі. Адам оны көтеріп алып, үйіне әкеледі де, оған інжірдің жапырағын беріп асырайды. Адам ата мейірленіп оның тұмсығынан сипағанды жақсы көреді екен. Пайғамбардың қолы тигендіктен, ақбөкеннің тұмсығы өзге аңдардан қарағанда ерекше сұлу болып бітіпті. Арқасынан сипағанда, денесінен хош иіс шығыпты. Аяғынан сипағанда, тұяғы қасиетті болып, мың бір ауруға ем болыпты. Қуса жеткізбейтін жүйрік жануарға айналыпты. Көзінен өпкенде жанарына көрік бітіп, сұлу жануарға айналып шыға келіпті. Мүйізінен ұстағанда, оған да шипалық қасиет дарыған екен. Пайғамбардың алақаны беліне тигенде, буаз кезінде іштегі елігінің жынысын қалауына қарай өзгерте алатын болыпты», - деген аңыз халық арасында әлі айтылады.

Пайғамбарды көруге арнайы келген жануарға Адам ата батасын беріп, тілегін орындаған деседі. Ақбөкеннің арнайы келісіне риза болған Адам ата Алладан дұға етіп, ақбөкеннің мұқтаждығын өтейді. Содан бастап Жаратушының әмірімен киіктер төлдейтін кезде Бетпақдалада шыбын-шіркейді шығартпайтын суық болған. Мұны қазақта «құралайдың салқыны» деп атайды. Алла сол уақытта қасқырдың тәбетін де тыяды. Құралай көшке ілескенше қасқырлар оларға жақындай алмайды. Тістері босап, тәбеті болмайды, қасқырлардың жағы қарысып қалады. Ал, қарақұстар киік төлдеп жатқан уақытта жұмыртқа басып жатады. Киік төлдейтін кезде оларға табиғаттың өзі қарасады. Ақбөкеннің ешкілері төлдейтін кезде ғана түйетабан деп аталатын шөп жапырағын жаяды. Киіктер лағын осы шөптің үстіне туады. Түйетабанның ерекшелігі – оның жапырағы жалпақ болып келеді. Ешкілер жаңа туған лақтарын осы шөптің астына жасырады. Лақтардың барлығы аяқтанып, өз-өздеріне келгенде түйетабан шөптері бірі қалмай сарғайып, қурап, желмен ұшып кетеді.

Ақбөкен Тәңірдің халифасын көріп, қолынан жем жеп, мақсаты орындалған соң Бетпақдалаға қайтпақшы болады. Сол кезде Адам ата оған:

Сахараға сән болып,
Құт пен кие, мән қонып,
Өсіп-өнсін нәсілің,
Бір құдайым жар болып,
Аллам өзі қолдасын,
Бар бәледен қорғасын.
Саған зауал келтірген 
Ешқашан да оңбасын.
Сайын түзден тап мекен,
Басқа орнасын бақ бекем.
Қу медиен түздерге
Ырыс дарыт, ақбөкен, – деп батасын берген екен. Содан бастап киікке кие бітіп, қасиетті аң саналыпты. Халық арасында оны нақақ өлтіргендер Адам атаның қарғысына ұшырайды деген түсінік бар.

Діни қиссаларда Адам ата жерге түскен кезде пейіштен інжірдің бес жапырағын алып түскен. Сол жапырақтың біреуін бал арасы, біреуін жібек құрты, біреуін киік жеген деп айтылады. Қалған екеуін Адам ата жерге егіпті. Киік пейіштің жемісін жегендіктен киелі аңға айналған дейді қазақ даласында тараған аңыздардың бірі.

Ел аузында Мұхаммед пайғамбар с.ғ.с киікті құтқарған деген де аңыз бар.

Бірде киік аңшының торына түсіп қалыпты. Киіктің мүшкіл жағдайын көрген Пайғамбар дереу атына мініп, аңшының тұзағына барады. Қараса, аңшы олжасын бауыздайын деп жатыр екен. Алланың елшісі с.ғ.с аңшыға:

– Киікті босатып, менің жанымды ал. Құрбаның болайын, тек өлтіре көрме, – деп алдына бас ұрады. Аңшы пайғамбардың мейірім-шапағатына риза болып, киікті босатып жіберген екен. 

Ел арасында «киікті нақақ өлтірме», «киікке пайғамбар араша болған» деген насихат осы жағдайдан кейін кең тараған деседі.

Қазақ халқы бұрыннан киікті киелі санайды. Ақбөкен ғана жатырында жатқан лақтың жынысын өзгертіп, қажет болса еркек, қажет болса ұрғашы ете алады. Егер үйірде текелері азайып кетсе, сол жылы табында кілең еркек лақтар туылады. Керісінше, киіктердің ешкілері азайса, олар ұрғашы лақтарды өмірге әкеледі.

Киіктің тағы бір ерекше қасиеті – оның ешкісі кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Киік құралайының жетім, далада жалғыз қалмауы осыдан. Осы қасиеттері үшін де қазақ киікті дәріптеп, кие санайды. Ыңғайлы, әдемі заттарды «киіктің асығындай», саяқ өмір сүретін жандарды «кісі киік» деп жатады.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ КИІКТІҢ РӨЛІ

Қазақ әдебиетінде киікке қатысты өлең жолдарын жазған ақындар жетерлік. Солардың бірі Сәкен Сейфуллин. Ақынның «Ақсақ киік» өлеңіндегі:

Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Өзге аңға жануарды тең көрмедім.
Көздері мөлдіреген ақбөкенді
Адамның баласынан кем көрмедім», - деген өлең жолдарынан киікке деген айрықша сүйіспеншілік пен махаббатты байқауға болады.

Белгілі ақын Сырбай Мәуленов киіктің сұлулығына тамсанып жануарды өз шығармасына жиі қосқан:

Сүзісе қалған сол бір кез
Тетелес өскен ұл-қыздай.
Құралай көз, мөлдір көз
Жарқ етер сонда жұлдыздай.
Атылып көкке секірді,
Бойында бір күш сиқырлы.
Өзіңнің балаң секілді,
Ол-дағы саған сүйкімді, - деп еркелете бинелеген.

Қызға Құралай деп ат қою, елден ерек сүйкімдіні «Киіктің лағындай» екен немесе «Құралайдың көзіндей мөлдір» деген әдемі теңеулер халқымыздың киік жануарына деген ерекше көзқарасынан, оны жанына жақын тұтқанынан туған.

Ал, зерттеушілер мен табиғат жанашырлары киіктің ерекше, ешбір аңға ұқсамайтын қасиеттерін алға тартады. Ақбөкеннің айрықша қасиетінің бірі – мәрттігі мен сертшілдігі. Егер аяғы сүрініп сұлап түссе, жанары мөлтілдеп жата береді. Тіпті, алқымына пышақ тақасаң да ажалының көзіне тура қарап, тұяқ серіппейтіні киіктің киелілігінің бір дәлелі саналады екен. Ажал аузында жатқан киіктің тұңғиық көзіне қарау мүмкін емес дейді табиғат жанашырлары.

Табиғатында өте төзімді әрі шыдамды жүйрік жануардың жаңа туған лақтары жарты сағаттан соң аяқтанса, екі-үш күндік құралайды машинамен де қуып жету мүмкін емес деседі. Бір қызығы, киіктер үш минутта шөлін қандырып үлгереді де, келген жағына қайта кетеді. Көктемде суаттарды көп іздемейтін себебі шөптің шығымен, нәрімен сусындап, жауын жауса тіпті апталап су іздемейді. Қыстың қарсыз күндерінде тұз жалап шөлін қандырады.

Соңғы 9 жыл ішінде Қазақстанда киіктердің жалпы саны 6 еседен жоғары өскен. Мұндай деректі Energyprom.kz сарапшылары ұсынды. 2021 жылы жалпы популяция 842 мың басты құраса, биылғы санақ бойынша 1 миллионнан асады. Осы қарқынға қарамастан, елімізде киіктердің жоғалу қаупі әлі де сақталып тұр.

Серіктес жаңалықтары