«Оқушыларға 2 ай демалыс жеткілікті»: оқу жылын ұзарту кімге тиімді?
Бұдан былай оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталады
Биылғы жаңа оқу жылындағы басты өзгерістердің бірі – оның бір аптаға ұзартылуы. Яғни, бірінші сынып оқушылары үшін оқу жылының ұзақтығы – 35 оқу аптасын құраса, 2-11 сыныптар үшін 36 оқу аптасы болады. Ал үш ауысымды мектептерден басқа білім ошақтары бес күндік оқу жүйесіне көшеді. Мұндай жаңашылдықты енгізген Оқу-ағарту министрлігі күнделікті сабақтар санын қысқарту арқылы оқушылардың оқу жүктемесін азайтуға болатынына сенімді.
«Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы оқу жылы барысында балаларға түсетін жүктемені азайту бойынша зерттеу жүргізді. Тиімді білім беру үдерісін жүзеге асырудың халықаралық тәжірибесі де зерттелді. Білім саласы дамыған елдер арасында оқу жылының ең қысқа ұзақтығы Финляндияда - 38, Сингапурде - 39, Оңтүстік Корея мен Қытайда - 42 оқу аптасын құрайды. Сол сияқты Қазақстанда да, сабақтар жаңа оқу жылынан бастап 36 аптаға ұзартылды. Бұл көптеген мектептердің бес күндік оқу аптасына көшуіне мүмкіндік береді. Педагогтар жұмысының тиімділігін арттырады. Ал оқушылардың өткен сабақтарды қайталауына және «күрделі» тақырыптарды тереңінен меңгеруіне мүмкіндік береді», - деді министрліктегілер.
Білім саласында жасалған бұл реформаны мектеп мұғалімдерінің көпшілігі қолдап отыр. Ұстаздар екі күн демалыста өз балаларымыздың қасында болып, тәрбиесімен айналысар едік дейді. Әрі шығармашылығымызға да ден қойып, оқу материалдарын тереңінен зерттейтін едік деп отыр.
«Көп оқушылар сенбі-жексенбі күндері ата-аналарының жанында болып, отбасымен бірге демалғысы келеді. Сондықтан, бес күндік режиммен оқу балаға да, ата-анаға да, мұғалімдерге де тиімді деп айта аламын. Ал, оқу жылын ұзартқаны жұмысымызға кері әсерін тигізбейді. Өйткені, біз ол уақытта онсыз да жұмыста жүреміз. Демек, мұғалімдерге де, балаларға да әсері қатты біліне қоймас», - деді Алматы қаласы №148 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ыдаят Мырзабаева.
Ал, Алматы тұрғыны Жанна Хабдулхабар оқу жылын ұзартқанға қарсы. Оның айтуынша, жиырмасыншы мамырдан соң мектептерде жөні түзу сабақ өтпейді. Мұғалімдер мен оқушылар да кітаптарын өткізіп, соңғы қоңырауға ән-билерін пысықтап дайындық үстінде жүреді. Сол себептен, бұл жолы да балалар маусым айына дейін сабақта құр сенделіп жүре ме деп күмәнданады. Дегенмен, биыл ұлын төртінші сыныпқа берген ана мектептері бес күндік оқу аптасына көшетініне дән риза.
«Бес күндік оқу форматын толық қолдаймын. Біріншіден, бала екі күн демалыста тынығады. Екіншіден, бос уақыты көбірек болады. Қазір балалар тек мектептегі біліммен шектелмейді, көптеген қосымша үйірмелерге қатысады. Мен де ұлымды мектепте 6 күн бойы оқығандықтан, үйірмелерге сабақтан соң жіберетінмін. Ол уақытта бала қатты шаршайды. Енді ұлым бес күн оқыса, аптадағы жүктемесін азайта аламын. Кей секцияларға аптаның ортасында қатыстырсам, кей қосымша сабақтарға сенбі күндері апаратын боламын. Сенбі күндері қалада кептеліс жоқ, ешкім ешқайда асықпайды. Өте ыңғайлы», - деді Жанна Хабдулхабар.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия директоры Аятжан Ахметжанұлы бес күндік оқу жүйесіне өту, асығыс қабылданған шешім деп есептейтінін жеткізді. Оның пікірінше, бұл форматта оқытуға елдегі көп мектептің жағдайы келмейді.
«Біз бұл жүйеге көше алатын шығармыз, егер мектеріміздің барлығы тым болмаса екі ауысымға өтсе. Қазір бізде 1200 бала оқуы тиіс мектептерде 2500 бала оқып жатқан жағдайлар аз емес. Ал, 3000-4000 бала оқитын білім ошақтарында бұл жүйені енгізу тіптен мүмкін емес. Тек ауылдардағы мектептер бір ауысымды болғандықтан, бес күндік білім жүйесіне көшіруге болады», - деді Аятжан Ахметжанұлы.
Дегенмен, Оқу ағарту министрлігі биыл 3,5 миллион оқушының бес күндік оқу жүйесіне көшетінін хабарлады. Ведомстваның мәліметінше, елде 7 637 мектеп жұмыс істейді. Оның 2,3 мыңнан астамы бір ауысымды, 5 мыңға жуығы екі ауысымды және 140 мектеп үш ауысымды екен. Сондай-ақ, Аятжан Ахметжанұлы оқу жылын ұзарту мәселесіне қатысты да пікір білдірді. Ол біздің балалардың оқу уақыты тым қысқа деп есептейді. Сәйкесінше, оқушылардың демалысын қысқартуды ұсынып отыр. Ұстаздың айтуынша, балаларға 2 ай ғана демалыс жеткілікті.
«Біздің балалардың оқу уақыты тым қысқа деп үнемі айтам. 34 (апта) × 5 (күн) =170 күн. Бұның ішінде қаншама мереке, демалыс күндерін алып тастағанда бір жылдың 365 күнінде небәрі 150 күн шамасында оқиды... Яғни, жылға шаққанда үш күннің 2 күні демалыс 1 күні оқу. Тым аз әрине. Өзіміз білім саласында қызмет еткесін байқаймыз. Ата-аналар маусым және тамыз айында балаларын ақылы қосымшаға жаздырып жүреді, үш ай демалыста қарайып кетеді деп. Бірақ, бұл да ата-ана үшін шығын ғой? Сондықтан, оқу жылын тағы да ұзарта түсу керек еді», - деді Аятжан Ахметжанұлы.
Осы оқу жылының басты жаңалығының бірі, 2016 жылдары қоғамда көп қарсылық туғызған «бастауыш сыныптан бастап үш тілде оқыту» бағдарламасының өзгертілуі болып отыр. Биыл бірінші сыныпқа баратын балалар шет тілін бірінші сыныптан емес, үшінші сыныптан бастап үйренеді. Министрліктің шешіміне сай, қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Орыс тілі 2-сыныптан, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап қосылады. Ал, орыс мектептерінің бірінші сынып оқушылары қазақ және орыс тілдерін оқиды. Психологтар бұл жаңашылдық, балалардың санасына түсетін салмақты жеңілдететінін айтады.
«Мектеп табалдырығын жаңа аттаған балаға әрбір қадам жасаудың өзі үлкен стресс. Алғашқы ұстазымен танысып, қолына қалам ұстап, партаға отырады. Бейтаныс адамдардың ортасына түседі. Бұл балаға өзіне таныс емес өзге әлемге енумен пара-пар. Ал өз ана тілін әлі де жетік меңгере алмаған, ойын толық жеткізе алмай тұрған балаға бірден өзге тілді үйрену, оның күйзелісін 2-3 есе арттырады. Сол себептен, әуелі баланы өз ана тіліне баулыған жөн», - деді отбасылық психолог Сәлима Сатылғанқызы.
Өткен оқу жылында мектептерде "жаһандық құзыреттер" курсы оқытыла бастаған еді. Курс өзінің тиімділігін көрсетіп, оқушылардың ерте кәсіби бағдарлануына көмектескен. Биылғы оқу жылынан бастап «Жаһандық құзыреттер» курсы 5-11 сыныптарға міндетті курс ретінде оқытылады. Курс 5-9 сыныптарда «Парасаттылық және этика», «Экологиялық мәдениет», «Азаматтық және патриотизм», «Өмір сүру қауіпсіздігі», «Медиасауаттылық және қаржылық сауаттылық» сынды 5 бөлімді қамтиды», - деді ҚР Оқу ағарту министрлігіндегілер.