Референдумнан кейін өзгерген заң нормалары қалай іске асып жатыр
Лауазымына лайық болмаған әкімді орнынан алып тастауға халықтың құқы бар
Мемлекет басшысы соңғы жылдары бірқатар саяси реформаларды дәйекті түрде жүзеге асыруда. Соның бірі 5 маусым күні жалпы халықтық референдум өтіп, нәтижесінде Конституцияның 12 блогы бойынша 33 бапқа 56 түзету енгізілді. Оның ішінде халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту және азаматтардың құқығын қорғаудағы аса маңызды нормалар қандай? Биылғы Парламенттің 3-ші сессиясында қандай маңызды заң жобалары қаралады? Конституция күні қарсаңында сала мамандары Azattyq Ruhy тілшісіне аталған сауалдар бойыша жауап берді.
ЖЕР ҚОЙНАУЫ ХАЛЫҚ МЕНШІГІНДЕ БОЛУЫ ТИІС
Заң ғылымдарының докторы, доцент, КАЗГЮУ профессоры, Сара Идрышеваның айтуынша, Ата Заңымызға енгізілген өзгеріс пен толықтыруды жүзеге асыру бір күнде атқарыла салатын жұмыс емес. Ол едәуір уақытқа созылатын процесс.
«Референдумнан кейін Конституцияға енгізілген нормалардың ішінде бірқатарына тоқталып өткім келеді. Мысалы, «Тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық нормаларды алып тастау» деген тармақ бойынша Конституция бабында «Тұңғыш Президент» деген термин, «Оның құзыреті мен мәртебесі конституциялық заң арқылы айқындалады» деген нормалар алынды. Яғни, Тұңғыш Президент туралы заңның күші бірден жойылды деп санауға болады. Парламент демалыстан шыққаннан кейін «Өзге заңнамаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізу» делінген Конституциялық заңда «Тұңғыш Президент туралы арнайы заңның күші жойылсын» деп ресми түрде солай бекітіледі», - дейді заң ғылымдарының докторы.
Оның айтуынша, биылғы Парламенттің жаңа сессиясында қабылдануы тиіс маңызды нормалардың бірі халықтың көкейінде жүрген «Жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау туралы» заң жобасы. Бұл халық күтіп отырған маңызды шешімдердің бірі. Осы норманың негізінде кейбір тұлғалар әлеуметтік желіде Президенттің атын жамылып, ұлттық компаниялардан үлес алуға болатыны туралы түрлі жарнамалық ақпарат таратып жатыр. Ескеретіні, кез-келген тұлға ұлттық компанияның атынан үлес алуға мүмкіндік бере алмайды. Бұл үшін ең алдымен Үкіметтің арнайы қаулысы болу керек. Соңғы екі-үш айда ондай қаулы әлі шыққан жоқ. Осы ретте, «Халықтық IPO-ны» жариялау Президенттің емес Үкіметтің құзыреті екенін айта кеткен жөн.
Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов те бұл норманың қоғам алдындағы маңыздылығын атап өтті.
«Депуттар өңірлерді аралаған кезде жиі кездесетін түйткілді мәселе осы нормаға қатысты. Мысалы, жақында ШҚО-ның Ұлан ауданында еуропалық компания ауқымды шошқа фермасын салатын болып, осыған қатысты жиын өтті. Ал жергілікті халық бұл бастамаға қарсы шығып отыр. Осыған қарамастан ферма салынады деген пікір бар. Жоғарыда аталған «жер қойнауы халық меншігінде» деген заң осы тұста іс жүзінде өз тиімділігін көрсетуі керек. Яғни қара халық қарсы болса, шошқа фермасы салынбауы тиіс. Дәл осындай жағдай алтын қазумен айналысып отырған компаниялар және халық арасында да туындап отыр. Осы ретте, заң аясында кез келген кәсіпорын немесе инвестор зауыт салған аймақтың әлеуметтік мәселелеріне бағытталған жобаларды қорғауы, онысы халыққа тиімді болуы тиіс. Мысалы, жұмыс орындарының ашылуы, халық табысының артуы, экология сияқты мәселелерді бірінші орынға қоятын кез келді. Заң нормасы осыған жұмыс жасауы керек», - дейді депутат.
ЛАУАЗЫМЫНА ЛАЙЫҚ БОЛМАҒАН ӘКІМДІ ОРНЫНАН АЛЫП ТАСТАУҒА ХАЛЫҚТЫҢ ҚҰҚЫ БАР
«Келер жылдан бастап арнайы Конституциялық сот құру туралы заң дайындалуда. Бұл заң іс жүзінде қолданысқа енгеннен кейін қанша жылдан бері әділдік іздеп жүрген азаматтар осы сотқа жүгіне алады. Оның тәртібі заңда толық жазылады. Бұған қоса, халықтың сайлау, шешім шығару құқығының жаңа көрінісі ретінде мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда мəслихат депутатының көпшілік даусымен əкімге сенімсіздік білдіруге жəне оны қызметінен босату жөнінде облыс, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне қатысты мəселе көтеруге құқы бар», - дейді профессор Сара Идрышева.
Бұл тармақ әсіресе жергілікті деңгейдегі елді мекендерде халықтың таңдауын айқындауға берілген мүмкіндік. Яғни лауазымына лайық болмаған әкімді орнынан алып тастауға жергілікті халықтың құқы бар. Өйткені, жергілікті мәслихат депутаттарын халық сайлайды. Өз кезегінде билік те халық алдында атқарылатын жұмыстарға жауапкершілікпен қарауға тырысатын болады.
ПАРЛАМЕНТТІҢ САЙЛАУ ЖҮЙЕСІН ӨЗГЕРТУ – БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Қазіргі Конституцияда Парламенттің төменгі палатасы шын мәнінде заң шығарушы орган екендігі нақты көрініс тапты. Қазіргі билік процесінде болған өзгеріс Мәжілістің заң шығарушы орган ретіндегі орнын айқындап, бекітіп берді.
«Ал Сенат жұмысы Мәжіліс қабылдаған жобаларға келісім беру я болмаса бермеумен шектелді. Яғни, төменгі палатада қаралған нормаларды Сенат қайта қарап талдамайды. Барлық Конституциялық заңдар Мәжілістің қарауынан өтеді. Осы тұсы маңызды деп есептеймін. Себебі Мәжіліс депутаттарының бір бөлігін халық сайлайды. Референдумнан кейін қабылданған Конституциядағы өзгерістердің қай-қайсы болмасын аса маңызды. Себебі, халықтың қоғамға көзқарасы өзгереді, қоғамдық тәртіптің деңгейі жоғарылайды, болашаққа деген сенім артады. Ендігі ең маңызды қадам осы өзгерістер мен бастамаларды құзырлы органдар уақытында сапалы орындауы керек», - дейді заң ғылымдарының докторы.
Мемлекет басшысы атаған «ықпалды Парламент» қалыптастырудың маңыздылығы неде? Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбиновтің айтуынша, Парламент жанынан тергеу институтын құру керек. Бұл тек қағаз жүзінде өтетін іс-шара ғана емес, нақты депутаттардың бастамасымен іске асатын, нәтижелі, ашық жұмыс болуы тиіс.
«Депуттаттар өңірлерде халықпен кездесіп, көптеген қордаланып қалған мәселелермен танысады. Шынын айту керек, көп жағдайда бұл проблемаларды шешу қолымыздан келе бермейді. Жергілікті халықтың мәселесін шешіп бере алмай тұрып, қайтадан алдарына қалай барамыз? Бұл біз үшін ұят. Сондықтан депутаттардың қолында нақты шешім қабылдай алатын құзірет болуы керек. Мысалы, «Қаңтар оқиғасы», көктем кезіндегі төтенше жағдай болып жатады. Сыртқа кетіп жатқан қаражатты елге қайтару мәселесі. Осындай әлеуметтік-саяси, экономикалық маңызы бар жағдайлардың ақ-қарасын анықтау үшін Парламент жанынан тергеу институтын құру өзекті», - дейді депутат.
Оның айтуынша, заң жобасын енгізген кезде Үкіметтің оң қорытындысы талап етіледі. Бұған дейін депутаттар дайындаған сайлау туралы, тіл туралы, парламенттік оппозиция туралы заңдар Үкіметтің оң қорытындысының болмауына байланысты іске аспай қалды.
«Сондықтан, заң жобасын енгізу тәртібін оңтайландыру мәселесін ұсынып отырмыз. Депутатар ұсынған заң жобасы Үкімет ұсынған заң жобасымен бірдей қарастырылуы керек», - дейді депутат.
САЙЛАУ ТУРАЛЫ ЗАҢ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
Мемлекет басшысының «2022 жылдың 12 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша кейбір Конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деген ауқымды заң жобасы Парламенттің жаңа сессиясында қаралады. Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбиновтің айтуынша, осы заңға «Ақ жол» фракциясы атынан 57 түзету енгізілмек. Оның ішіне «Сайлау туралы» заң да бар.
«Бәрімізге мәлім, сайлау жүйесі қашанда қоғамда үлкен резонанс туғызады. Расында бұған дейінгі өткен сайлаудың барлығы өз әділдігімен көзге түсті деп айта алмаймыз. Егер болашақта да елде сайлау әділ өтпесе, түбі жақсылыққа апармайды. Сол үшін сайлау кезінде барлық рәсімдер онлайн көрсетілім арқылы жүргізілуі керек деп есептейміз. Мысалы, комиссия сайлау учаскесіндегі бюллетеньді беруден бастап, дауысты санауға дейінгі барлық рәсімдер онлайн жүргізілуі тиіс. Осыны заңдастыру керек. Әлеуметтік желіде бірнеше бюллетеньді салып жатқан адамды көреміз. Егер заң қабылданса, онда тәртіп бұзған адам заң алдында жауапқа тартылатын болады», - дейді ол.
Сонымен қатар, сайлау кезінде байқаушыларды аккредитациядан өткізу ережесін де алып тастау ұсынылды. Өйтені бұл шын мәнінде белсенді байқаушыларды сайлауға қатыстырмаудың амалы, яғни сылтау үшін жасалып отырған әрекет.
«Осы ретте, дауыс ұрлағандарға байланысты қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынып отырмыз. Жаңа сессияда референдумда айтылған заң жобасын жеке-жеке қарастыратын боламыз. Биыл жыл аяғына дейін аталған өзгерістер толықтай енгізіледі деген жоспар бар. «Жаңа Қазақстан» деп сенім артып отырған халықтың үмітін ақтауға тырысып, аталған заң жобалары іс жүзінде өз тиімділігін көрсетеді деп сенеміз», - дейді Б. Дүйсенбинов.
Конституцияға енген өзгерістердің ішінде жылына екі рет Мәжіліске республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғарғы есеп палатасын құру, сол арқылы республикалық бюджеттің жұмсалуына және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына парламенттік бақылауды күшейту көзделген. Бұл төменгі палатаның бюджет процесіне ықпалын күшейтуге көмектеседі. Ең бастысы, елде жүргізіліп жатқан реформалар мен бағдарламалардың тиімділігі және бюджет қаражатының ұтымды жұмсалуы бақылауға алынады.