ШҚО-да Конституция күні әлеуметтік нысандар ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың қатарында тұрғын үйден бастап білім беру, денсаулық сақтау орталықтары бар

Бір апта бойы Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарында мәдени және спорттық іс-шаралары өтуде. Сондай-ақ, өңірде бірқатар әлеуметтік нысан ашу жоспарланған.

Конституция күні қарсаңында Ұлан ауданы Мамай Батыр ауылында көпбалалы отбасылар қоныс тойын тойлады.

«Құрметті жерлестер, Конституция күні қалыптасқан дәстүр бойынша біз көп балалы аналарға жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстадық. Екі пәтерлі үйлер «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынды. Мұндай тұрғын үй Қасым Қайсенов кентінде де салынуда және Сағыр, Таврия ауылдарында тұрғын үйлер пайдалануға берілмек», - деді Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрманбаев.

Айта кетейік, 80 шаршы метрлік кірпіш үйлерді «ЖармаҚұрылысГаз» компаниясы салды, оларға орталық сумен жабдықтау жүргізілген.

Сонымен қатар, бұл күні облыс орталығында «Асыл бала» балабақшасының салтанатты ашылуы өтті. Мектепке дейінгі блім беру мекемесі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында іске қосылды. Сыйымдылығы – 90 балаға арналған.

Ал қала мен облыстың бірқатар аудандарында өскелең ұрпақтың бос уақытын пайдалы және дұрыс ұйымдастыру үшін балалардың аула алаңдары мен спорт нысандары пайдалануға берілді.

Өскемендегі Протозанов көшесінің тұрғындары да Конституция күнін тағатсыздана күтті. Өйткені, мұнда айтулы күнге орай емхана ашылды. Бұрынғы балалар тамақтану комбинаты күрделі жөндеуден кейін және мақсаты өзгергеннен кейін денсаулық сақтау объектісіне айналды.

Айта кету керек, 30 тамызда Шығыс Қазақстанның барлық қаласы мен аудан орталықтарында Конституция күніне арналған концерттер, жәрмеңкелер мен көрмелер ұйымдастырылды. Солардың ең үлкені Өскеменнің орталық алаңында өтті. Мұнда Ата заң күні Өскеменнің 302 жылдығымен тұспа-тұс келген.