Парақорлар ішкі істер органдарында, денсаулық сақтау және білім беру салаларында көп
Шымкент қаласында 2020-2021 және 2022 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты 214 қылмыс тіркелген. Салдарынан жергілікті бюджетке 4 млрд теңге залал келді. Бұл қылмыстың 54-н жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің істегені анықталып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы кезінде кеңес мүшесі Бауыржан Серікбаев мәлімдеді.
«Оның ішінде: ішкі істер органдарының қызметкерлері – 23, аудандарда денсаулық сақтау саласынан – 19, білім беру – 15, құрылыс – 17 және мәдениет саласының 7 қызметкері пара алған. Жергілікті атқарушы органдардағы кең таралған схемалар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындысы бойынша мәселелерді шешу және орындалған жұмыс актілеріне қол қою кезінде бюджет қаражатын ұрлау болып отыр, - дейді «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі.
Мәселен, білім басқармасы басшысының орынбасары Текебаеваның бас маман Айкөзовпен сөз байласу арқылы қаржы жымқыруының жүйелі фактілері анықталған. Олар «Риана» жеке мектебінің директорынан ай сайын заңсыз сыйақы алған (іс сотта қаралуда – авт.), мемлекеттік білім беру сатып алу шарттары бойынша көрсетілген қызметтер туралы орындалған жұмыс актісіне жалған мәлімет енгізген.
«Осыған ұқсас бірнеше рет бюджет қаражатын жымқыру фактісі Шымкент қалалық мәдениет үйінде де анықталды. 2019-2021 жылдар аралығында Мәдениет үйінің бұрынғы директорлары Есболов, Аманқұлов және Әділханов басқарма басшысы мен мәдениет басқармасының қаржы бөлімі Асанбекова мен Мәдениет үйінің бас есепшісі Баймашева түрлі мерекелік іс-шараларды, концерттік бағдарламаларды өткізу, концерттік құрал-жабдықтарды сатып алу кезінде бюджет қаражатын жымқырған. Іс жүзінде ешқандай құрал-жабдық сатып алынған жоқ, ешқандай іс-шара жүргізілмеді. Оның үстіне, бұл кезеңде індетке байланысты мәдени іс-шаралар өткізілмеді. Барлық дерлік шот-фактуралар бір жеке кәсіпкердің еншілес кәсіпорнына аударылған. Көрсетілген мерзімде ұрланған бюджет қаражатының жалпы сомасы шамамен 500 млн теңгені құрап, 2022 жылдың 14 сәуірінде іс айыптау актісімен сотқа жолданды», - дейді Бауыржан Серікбаев кеңес отырысында.