Билік 80 мың киікті атуға рұқсат бергенде еті қайда сақталар еді?

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

БҚО-да кеңес дәуірінде де киік сойып, етін сақтаған

Батыс Қазақстан облысындағы ет комбинаты әбден тозған. Кеңес кезінде салынған алып комбинат батыс өңірді ғана емес, Ресейдің бірнеше облысын да етпен қамтамасыз етіп тұрған. Тәулігіне бір мың бас малды сойып, сақтауға мүмкіндігі бар ет комбинаты бүгінде ешбір санитарлық талапқа сай емес. Белгілі болғандай министрлік пен әкімдік тоз-тозы шыққан ет комбинатына киік етін сақтап, өңдемек болыпты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Жаңақала ауданындағы ет комбинатында мамандар кеңес дәуірінде де киік сойып, етін сақтаған. Одақ ыдырағанда комбинат жекенің меншігіне өткен. Қараусыз қалған құрылғылар ескіріп, қабырғасы кісі шошырлық қорқынышты күйге жеткен. Мекеме директорының айтуынша саны көбейген ақбөкеннің 80 мыңын ату туралы жоспар құрылғанда етін өзі жетекшілік ететін комбинатқа тасымақ болған.

«Бір мұздатқышта 527 қойдың еті жатыр. Бір ауысымда 900 басқа дейін қой сойып жатырмыз. Үлкені бар, кішісі бар. Егер киіктерді ату туралы рұқсат берілсе, күніне түрлі салмақтағы 1,5 мың басқа дейін сойып үлгереміз. Киіктердің етін сақтайтын үш мұздатқыш бар, бір мезетте 5,5-6 мыңға дейін сақтай аламыз. Киікті сойып, етін ораған соң, осы мұздатқышта 7-8 сағат салқындатылып сақталады. Одан кейін етті консерві жасайтын, өзге де ет сататын дүкендерге жіберілетін еді. Бұл комбинатта кезінде киік сойылған. БҚО ең үлкен ет комбинатының бірі болған. Бізге киік сойып, оны сақтау проблема емес. Тәжірибеміз бар. Қазір күніне 400-500 бас қойды сойып жатырмыз. Ұсақ малдан бөлек ірі қараны да сойып жатырмыз», - деді ет комбинатының директоры Мерлан Кенжеғалиев.

Кәсіпкердің сөзінше батыс өлкеде мал да, киік те көп, тек уақытылы сойып үлгерсең болғаны, етке сұраныс өте жоғары. Кәсіпкер комбинатта киік етін сақтауға келіскен.

«80 мың киікті ату туралы ұсыныс шыққанда осында тасып, сою туралы ұсыныс болды. Облыстан адамдар келіп көрді. Біз киікті сойып, етін мұздатқышта сақтай аламыз. Бірақ бір киікті сойып, етін мүшелеп, сақтап берудің құны нақтыланбады. Үкімет киікті соясың деп нақты менімен келісімшарт жасасса, қосымша жұмысшы алып, тәулік бойы жұмыс істер едік. Үлкен ет комбинатын тоқтатып, шағын қасапхана салғанбыз. Тәулігіне сойылып жатқан 400-500 қой мен 100-ден астам ірі қараны сол қасапханада соямыз. Киіктің терісі нарықта қанша тұратынын да білмейміз. Тері өңдейтін он шақты зауытқа хабарластық, ешқайсысы жауап айта алмайды. Киік терісінің құнын ешкім анықтай алмай отыр. Киіктің терісі жұмсақ, жұқа, сапасы өте жоғары болғандықтан сұраныс жоғары болған еді, кезінде. Қазір киіктің терісі тұрмақ қойдың терісін мемлекет кәдеге жаратпайды, жарамсыз. Тек сиырдың терісін тұздап, жинап өткіземіз. Мемлекет жолын тапса барлығын іске асыруға болар еді. Тіптен шетелдіктер де алуға дайын. Тек заңды рұқсат берілсе болғаны, пайдаға асыруға болады», - деді Мерлан Сәулетұлы.

Алайда облыстық мәслихаттың депутаты кәсіпкердің де, министрлік пен әкімдіктегілердің де ұсынысын қолдамайды. Оның сөзінше ақбөкендерді қараусыз қалған ет комбинатында сою тағы да шикі жұмыстың бірі боп саналады. Айтуынша комбинатты түгелдей жаңалап барып қасапханаға айналдырмаса, мыңдаған тонна ет ысырап болады.

«Бұл ет комбинатын арнайы аралап көрдік. Сапасы сын көтермейді. Көп қаржыны талап етеді. Облыс әкіміне де арнайы хат жолдап, ұсыныстар айттым. Ешқандай жауап жоқ. Киіктің етін заманға сай, жаңа ет комбинатында өңдеу керек. Ақбөкендерді атпай, тормен ұстаған дұрыс. Билік киіктің де, шаруа қожалықтарының да проблемасын ұмытып кетті. Шөп қурап, жайылым тарылып, өзен-көлшіктер тартылғалы қожалықтардың да жағдайы қиындай түсті. Тамыз айы да бітті, ертең күз келіп, суық түскенде саны көп киіктерді қырып аламыз. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев, оның орынбасары Дамир Тұрғамбаев, Асқар Әбдірахаманов – осы салаға жауапты адамдар. Бұлардың бәріне хабарласудан, айтудан жалықтық. Ешқайсысы нақты ештеңе айта алмайды. Өздері не істерін білмейді, жауапкершіліктен қашып отыр. Ұйықтап қалды. Ауыздарына құм құйылды. Билік те, министрлік те киіктің проблемасын ұмытып кетті. Қыста, көктемде киіктің қырылып қалу қаупі жоғары. Жайылым жоқ, киікті басқа өңірге айдау туралы да ұсынысты айта алмайды. Шаруа қожалықтарына үміт беретіндей бір ұсыныс, не бір пікір жоқ. Бізге бәрібір дегендей отыр», - деді Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Серік Жарылғапов.

Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, ақбөкендердің тағдырына қатысты қазір ешқандай шешім қабылданбаған. Арнайы зерттеу жүргізілген соң ғана шешім қабылданады. Бірақ ол зерттеу жұмыстарының қашан басталатыны да белгісіз.