«AMANAT» партиясы халықтың табысын арттыру үшін ауыл әкімдерін арнайы оқытты
Биыл 11-20 шілде аралығында «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы Алматы, Жетысу, Атырау, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында барлығы 1817 адамға семинар ұйымдастырды. Көшпелі 3 күндік семинарлар «табыстарды көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігінің өсуі саласында басшының құзыреттілігін арттыру» деген тақырыппен өтті. Оқыту барысында қатысушылар ауыл скринингі мен маркетингтік талдау жүргізуді, ауыл экономикасын дамыту үшін перспективалы бағыттарды анықтауды, ауылдың мамандануын анықтауды үйренген.
Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Басши ауылдық округінің әкімі Бақыт Иманбеков мұндай семинардың алғаш рет өткенін айтып, біліктілігімізді арттырдық дейді. Әкім ауыл халқының бизнеске белсене араласуы үшін қандай жеңілдіктер жасалуы керек екенін айтты.
«Семинардың басты мақсаты – 2023-2025 жылдық бағдарлама бойынша халықтың табысын арттыру. Біз халықпен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Көп жағдайда бір кәсіп бастау үшін азаматтар несие сұрап жатады. Бірақ жеңілдетілген кредитті алар алдында бизнес-жоспардың қалай жазылатынын, маркетингті қалай жүргізуін білмейді. Әкім ретінде өзіміз де шала-шарпы білетінбіз. Осы сабақта білімімізді тереңдете түстік. Мұндай семинар бірінші рет өткізіліп отыр. Түйгеніміз көп болды. Енді семинарға қатысушы мамандар ауыл бизнесіне өз бетінше скрининг ұйымдастырып, жүргізе алады.
Семинарда халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін осал топтарға алдағы уақытта 2,5 пайыздық несие берілу мүмкін деген мәлімет те айтылды. Қазір жеңілдетілген несие алу үшін қалада кепілге қоятын үйіңіз болуы керек. Ал ауылда қарапайым халықтың 85 пайызы банкке келіпілге қоятын мүлік таппайды. Осы тұста ауылдық жерлердегі кісілерге кепілдікті екі ортада әкімдік беру керек деп есептеймін. Мұны оқыту барысында да ашық айттым. 3 мың 200 халқы бар Басши ауылдық округінде биыл бір ғана шаруа қожалығы мал басын көбейтемін деп 4 пайыздық несиеге ілікті. Жыл аяғына дейін тағы екі адам алуы мүмкін. Несие алуға ауылдық жерде кепіл мәселесі үлкен кедергі келтіреді», - деді Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Басши ауылдық округінің әкімі Бақыт Иманбеков.
Жыл соңына дейін «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы еліміздің барлық облысындағы ауыл әкімдері мен партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларын оқытуды жоспарлап отыр, бұл 2500-ден астам адамды құрайды.