Олжас Бектенов заңға өзгерістер мен түзетулер енгізілсе, қандай жағдайда мемқызметкерлерге сыйлық беруге болатынын айтты
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Агенттік төрағасының парақорларға қатысты жазаны қатайтуға мүдделі екенін айтты.
«Біз ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату, айыппұл арқылы құтылуға және жазасын қоныс колониясында өтеуге мүмкіндік бермеуді ұсынып отырмыз. Бұл - әзірге біздің ұсынымыз. Әлі мемлекеттік органдармен талқылап жатырмыз. Мұндай заң жоқ», - деді Олжас Бектенов.
Заң жобасы жүйелі түрде жемқорлықтың алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуге бағыттталған. Заң жобасындағы түзетулердің үш блогы қарастырылған.
«Түзетулердің бірінші блогы сыбайлас жемқорлық көріністерін жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуді көздейді. «Сыйға тарту атты» 509 баптың қолданыстағы редакциясына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге құны 10 АЕК-ке (1 АЕК – 2651 теңге, 26 510 теңге) дейінгі сыйлықтарды сыйға тартуға болады», - деді Олжас Бектенов.
Азаматтық кодекстің 509-бабы Қылмыстық кодекске қарсы келгендіктен, бұл бапты алып тастауды ұсынды. Олжас Бектеновтың айтуынша, оның орнына Қылмыстық кодекстің 336-бабы қолданыста қала береді. Бұдан былай сыйлық көлемі 2 АЕК асатын болса, оны алатын адам және берген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер 2 АЕК-тен кем болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Алайда, мемлекеттік қызметшіге туған күнінде, түрлі мерекелерде жасалған сыйлық пара ретінде есептелмейді.
«Туған күн, үйлену той, басқа тойлар болсын, сыйлық бере беруге болады (тіпті, көлік берсе де болады – авт.). Егер берген сыйлық осы мемлекеттік қызметшінің тарапынан қандай да бір әрекет үшін, сыйға тартуышының пайдасына жасалмаған әрекет болмаған жағдайда беруге болады. Мысалы, мемлекеттік қызметтегі қарындасына кез-келген уақытта пәтер сыйласа болады», - деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан