«Үміт ақталған жоқ» - педагог мәртебесіне қатысты ұстаздар пікірі

Автор: Azattyq Rýhy

Мұғалімдер педагог мәртебесі туралы ұсыныстардың көпшілігі назарға алынбағанына қапалы

Фотоколлаж

«Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Тіпті оның жобасы жарияланбай жатып, Мәжіліс депутаттарынан бастап қатардағы ұстаздар қауымына дейінгі қоғам өкілдерінің ұсыныстары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі беттерін жаулап алды. Бұл көтеріліп отырған мәселенің қаншалықты өзекті екендігін аңғартады. Ұстаздар қауымы жаңа құжаттан не күтті, бедел заңмен өлшене ме? Azattyq Rýhy тілшісі зерделеп көрген еді.

Заңның ұстаздарға қандай жақсы әсері бар? Әр ұстаздың ойында осы сұрақ жатқаны белгілі еді. «Білім туралы» Заңның бір тармағы ғана болып келген «мұғалімнің мәртебесі» деген сөз тіркестерін енді мемлекет деңгейінде көтеріп отырған тұңғыш құжатқа қол қойылды. Ұстаз мәртебесі өз алдына заң ретінде қабылданып, күшіне енген соң мұғалімдер қалай қабылдап жатыр?

Қалижан Тәшкенов – Солтүсті Қазақстан облысына қарасты Есіл ауданындағы Мектеп ауылының мұғалімі. 40 жыл еңбек өтілі бар маман «Педагог мәртебесі туралы» Заңға күдікпен қарайды. Ұстаз құжаттан көп жаңалық күткенін, ол қолға тиісімен-ақ көңілдегі үміті су сепкендей басылғанын айтады.

«Заң мәтінімен мұқият танысып шықтым. Тіл маманы ретінде менің алғашқы байқағаным – жобаның түсінікті жазылмағаны. Заң орыс тілінде дайындалып, кейін қазақшаланғаны көрініп тұр. Оның бір ғана дәлелі ретінде кейбір баптарды түйіндейтін «уәкілетті органмен айқындалады», «уәкілетті органмен белгіленеді» сынды тіркестерді келтіруге болады. Қазақ тіл білімінде мұндай жалғау дұрыс емес. Ал жоғарыда келтірілген қолданыс тілімізге жат: калька аударманың «жемісі». Бұларды айту – тырнақ астынан кір іздеу емес. Түсінікті жеткізілмеген ойдың дұрыс орындалатыны, іске асырылатыны да күмәнді», - дейді Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ҮМІТІ АҚТАЛМАДЫ

Мұғалімдердің басым көпшілігінің – зейнет жасының қысқартылуын күткені рас. Оған БАҚ пен әлеуметтік желілерде заң жобасы шықпай жатып жасалған ұсыныстар да  дәлел. Педагогтар үміті ақталмады. Қалижан Алпысбайұлы жыл сайынғы медициналық тексерістен өткен сайын, карточкасына жаңа диагноз қосылатындығын айтады. 

«Жаңа заңда педагогтың кәсіби қызметті жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге және қажетті жағдайлар жасауға міндеттелетіні туралы жазылған. Шын мәнінде, ұстаз тиісті орындар құрған қауіпсіз және жағымды білім беру ортасында еңбек етуі керек. Мұғалімнің міндеті жағдай жасау емес,  балаға білім беру», - дейді педагог.

Алматылық ұстаз, қалалық№47 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Сұлтан Сүлеев аталған заң жобасы талқыланған күннен бастап алаңдаулы болғанын айтады. Ол өзінің әріптестерімен бірігіп «Facebook» әлеуметтік желісінде арнайы топ құрып, ұсыныстар мен алаңдатқан сауалдарды көтеріп отырды. Мұғалім «Қазақстан ұстаздары» атты топта педагог мәртебесі туралы түйдек-түйдек пікірлер мен ұсыныстар айтылса да, оның көпшілігінің назарға алынбағанына назалы.  

«Өткен  жылдың  соңғы күндері  Президент  Тоқаев  бір  жылдан  аса  талқыланған  мұғалім  мәртебесі  жайындағы заңға  қол  қойды. Тарихымызда  алғаш  рет  мұғалім  мәртебесі  атымен  аталған  заң  қабылданды.  Мұның  өзі  мемлекеттің  білім  саласына,  ұстаздарға  көңіл  аудара  бастағанының  көрінісі  деп  ойлаймын.   Бұрынғы  білім  туралы  заңнан  айырмашылығы,  осы  заңның  қабылданып  жатқанын  елдің  бәрі  білді.  Көп  үміт  күттік.  Үміт  ақталды  ма?  Мәселе  осында.  Ең  басты  өкініш  педагогикалық өтілді  қабылдамау.  «Мұғалімді  25-30 жылдық  өтілмен  ерте  демалысқа  жіберсек  басқа  бюджет  қызметкерлеріне  де  сондай  жеңілдік  енгізу  керек»  деген  уәж  айтады.  Бұл  дегенің  мұғалім  жұмысының  ерекшелігін  білмейтін  дилетанттардың  пікірі», - дейді оқу ісінің үздігі, педагог Сұлтан Сүлеев.

«БЕЙШАРА ТҰРМЫС КЕШІП ЖҮРМІЗ»

Педагог мектеп мұғалімдеріне 2-4 проценттік  жеңілдетілген  ипотека  беру  ұсынысы болған, бірақ қараусыз қалды дейді.

«Қалада  тұратын  ұстаздардың  65-70  проценті  пәтер  жалдап  тұратыны  өтірік  емес. Парадокс  жағдай. Мұғалім  өз  жалақысының  10 пайызын  пенсия  қорына  аударады.  Зейнетақы  қоры  ол  ақшаны  банктерді  сауықтыруға  береді.  Тағы  10 пайыз  табыс  салығын  төлейді.   Үкімет  те  осы  салықтан  банктерді  сауықтыруға  ақша  бөледі. Ең  қызығы  осы  «сауықтырылған»  банктер  өздері  алған  көмектен  мұғалімдерге  ипотека  бергісі  келмейді. Тапқанының  жартысын  пәтерге  жұмсайтын  мұғалім  бейшара  тұрмыс  кешетіні   рас  қой.  Заңдағы  ең  басты  басымдық  – баспана  болу  керек.   Өз  шаңырағы  бар  ұстаз  ғана  толыққанды  жұмыс  істеп,  қоғамға  пайда  келтіре  алады», - дейді ол.  

«МЕКТЕПТІҢ ОТЫМЕН КІРІП, КҮЛІМЕН ШЫҒАМЫЗ...»

Қалижан Тәшкенов қырық жылдық ұстаздық жолында талай шәкіртті қияға қанат қақтырғанын мақтанышпен айтады. Алайда сол еңбектің тиісінше бағаланбай жатқанына өкпелі. Педагог әсіресе, ауыл мұғалімдерінің жұмысы оңай еместігін тілге тиек етті.

«Әсіресе, облыс орталықтарынан шалғайдағы ауыл мұғалімдері мектептің отымен кіріп, күлімен шығады. Интернет – сөз жүзінде ғана жақсы жұмыс істейді. Жылдамдық төмен болған соң, көп уақыт жұмсаймыз. Үйге де кеш қайтамыз. Ауыл мұғалімінің жұмысында қиындық толып жатыр. Күнделікті атқарып жүргендіктен, дағдыға айналып кеткен. Кейде айлап олимпиадаға дайындаған оқушыларың жол жоқтығының кесірінен аудан орталығына да жете алмай қалады. Осындай жағдайлардың бірі де ескеріліп жатқан жоқ. Қала іргесіндегі ауылдар мен шалғайдағы елдімекен мұғалімдерінің табысы бір. Мектеп облыс орталығынан неғұрлым алыс болса, жалақы соғұрлым көбірек болу керек. Сонда ғана ауылға сапалы мамандар тарта аламыз», - дейді Қалижан Алпысбайұлы.

Заң қабылданды. Ал пікірі ескерілмей қалған мұғалімдердің көңілінде қуаныштан гөрі өкпе басым.

Авторлар: Ришат Асқарбекұлы, Эльмира Мәмбетқызы