Нұра ауданында 6 отбасы баспаналы болды

Автор: Сағыныш Ибрагим

Жыл басынан бері ауданда 16 отбасыға пәтер кілті берілген

Қарағанды облысының Нұра ауданында екі пәтерлі үш тұрғын үй пайдалануға берілді деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі аудандық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып отыр. Ондағы пәтерлер үй кезегінде тұрған «халықтың әлеуметтік осал топтары» санатының толық емес отбасылар қосалқы санатына жататын отбасыларға берілді.

«Пәтерлердің әрқайсысы 3 бөлмелі, ас үй және жуынатын бөлмелері бар. Барлық санитарлық жабдықтар орнатылған. Орталық су құбыры, ыстық су жылытқышы, әр пәтерде бөлек септик бар. Ағымдағы жылы 16 пәтер берілді. Жалпы, Нұра ауданы бойынша 448 адам кезекте тұр. Аудан орталығы Нұра кентінде екі пәтерлі 20 үйдің құрылысы жүруде», - деп мәлімдеді аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Баспаналы болған бақытты жандардың бірі – Гүлсара Шахарбаева. Ол жалғызбасты ана. Ұзақ уақыттан бері үй кезегінде тұрыпты. Үш бөлмелі пәтердің кілтін алған кезде қуаныштан көзіне жас келгенін айтады.

«10 жыл күткен баспанамызға кіргеніме екі күн болды. Бұған дейін ата-анаммен тұрып келдім. Қазір ұлым екеуміз бөлек шығып мәз болып жатырмыз. Үйіміздің орналасқан жері, ішіндегі жөндеу жұмысы барлығы көңілімнен шықты. Өзім Екібастұз қаласына қатынап жұмыс істеймін. Жалақысы жақсы болғандықтан жұмыс орнымды әзірге ауыстырмай отырмын. Алдағы уақытта өзіміздің ауылдан жұмыс табылады деп ойлаймын. Баламның қасында болғым келеді.

Мемлекет тарапынан жалғызбасты аналарға көрсетіліп жатқан барлық көмек пен қолдауға ризамын», - дейді Гүлсара Шахарбаева.