«Қоқысқа көміліп қалдық»: Сарыбастау ауылының тұрғындары әкімнің уәдесінде тұрмағанына наразы

Автор: Әйгерім Ердәулет

Қоқыс жеген мал аурудан өліп жатыр

Фотоколлаж

Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылының қоқыс тастайтын жері мен сондағы тұрғын үйлердің арасы небәрі 50 метр. Айналасы қоршалмаған, бірақ құжат бойынша қоқыс тастауға бекітілген жердің аумағы 3 гектар. Тұрғындар баланың жөргегінен бастап, малдың өлексесіне дейін осы жерге әкеліп төгеді. Өйткені, қалдықтарды тастайтын басқа жер жоқ. Ауаның ластануынан ауылда ауру көбейіп, қоқысты жеген мал шетінен қырылып жатыр деген тұрғындар, биліктің бұл мәселеге тікелей араласуын талап етеді.

«1998 жылдан бері осы қоқысқа көміліп отырмыз. Баланың жөргегі, бөтелке, күл бәрі осы жерде жатыр. Әкімдік қоқыс полигонын көшіруге ниетті емес. Тәртіп бойынша алысырақ көшіру керек қой. Анау дөңге шықсаңыз, малдың өлексесін тастайтын жер бар. Жел соққанда өлексенің иісі ауылға келеді. Қоқыс тастайтын жер қоршалып, алысырақ жерде болу керек», - дейді Сарыбастау ауылының тұрғыны Ізбасар Сұлтанбаев


Ізбасар Сұлтанбаев

Қоқыс полигонына айналған жерде 1998 жылға дейін қызыл кірпіш пен әктас шығаратын зауыт болған. Кәсіпорын жұмысын тоқтатып, ғимараты сүрілгелі бері ауыл тұрғындарының проблемасына айналды. Қолқаңды қабатын қолаңса иіске күн ысығанда шыдау мүмкін емес, ал қатты жел тұрса иісі сасық ауылды алып кетеді.

«Көктемде, күзде елдер картоп қазады. Сол кезде үсіп қалғандарын қап-қабымен әкеліп осында тастайды. Соны жеген малдың іші кеуіп өледі. Былтыр менің бір сиырым мен үлкен танам өліп қалды. Жаңағы картоптың дәмін алған мал, осы жерге жүгіреді де тұрады. Ал әкімдіктен адамдар келеді де, міне реттейміз, ақша бөлінді дейді. Бірақ ол ақшаның қайда неге кетіп жатқанын білмейміз. 4 жыл бұрын сайланған әкіміміз сол кезде айтқан: «біз бұның бәрін қатырамыз, жабамыз» деп. Енді сол сайланған әкімнің екі айдан кейін мерізімі бітеді. Сонда біз кімге сенеміз? Талабымыз – Сарыбастаудан ары 3-4 шақырым жерге карьер қазып, қоқысты ел-жұрт сонда төксін», - деді ауыл тұрғын Ержан Молдахметов.


Ержан Молдахметов

Ал, Сарыбастау ауылының әкімдігі қоқыс тастайтын жердің қазір көшірілмейтінін айтты. Қоқыс белгіленген жерден небәрі 50 метр жер асқан деп отыр. Одан кейін тағы 50 метр жерде ауыл тұрғындарының үйі тиіп тұрғанын растады. Сонда ауыл мен қоқыс төгілетін жердің құжат бойынша арасы 100 метр. Десе де, тазалық талаптарына сәйкес арақашықтығы кемі 1 шақырым болуы керек дегенді айқан жергілікті билік, әзірге аумақтан асып кеткен қоқысты жинап, айналасып қоршап қоямыз деп уәде етті.

«Бұрын осы жер бекітіліп берілген екен. Жер телімі барлығы заңдастырылған. Бұны сыртқа көшіру үшін бізге белгіленген орын да жоқ. Сондықтан алдағы уақытта қоршаймыз деген ойдамыз. Мынаның бәрін жақын арада күретеміз. Үкіметтен бөлініп отырған айтарлықтай ақшамыз жоқ. Жыл сайын бұл қоқысты реттеуге 107 мың теңге ғана бөлінеді», - деді Сарыбастау ауылы әкімінің міндетін атқарушы Айбар Тойлыбаев.


Айбар Тойлыбаев

Бұл ақшаға дизель отынын алып, техниканы жұмылдырады екен. Яғни, қоқыстың бір бөлігін өртеп, кейбірін көміп кетеді. Бірақ, осы уақытқа дейін белгіленген аумақтан асып төгіліп жатқан қоқысты ысырмаған. Әкімдік арнайы белгі де орнатпаған. Биылдан қалдырмай қоршап тастаймыз деген ауыл басшысы, ауданның ақша аударғанын тағатсыздана күтіп отырмыз деді.

Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев