Шымкентте 90 отбасы баспаналы болды

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың бәрі әлеуметтік топқа жататын азаматтар

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Баспана кезегінде тұрған шымкенттік тоқсан азаматқа әлеуметтік пәтер кілттері табысталды. Бұл тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған және пәтерлер сатып алу құқығынсыз берілді деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Тұран» және «Нұрсат» шағын аудандарында орналасқан пәтерлердің 37-і көпбалалы отбасыларға, 36-ы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелеріне, 17-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға тапсырылды.

Жаңа қоныстанушыларды баспанамен қала әкімінің орынбасары М.Исахов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Б.Нарымбетов арнайы барып құттықтап, пәтер кілтін табыстады.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Көп балалы аналардың жағдайы – әлеуметтік саланың барометрі» екенін айтып, көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында пәтерлер беруді тапсырған. Осыған орай қалада арендалық 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы биыл 1605 отбасыны әлеуметтік баспанамен қамту жоспарланған болса, осы жылдың сәуір – мамыр айларында түрлі санаттағы 83 отбасыға пәтер табысталған болатын.

Бұдан бөлек, «5-20-25» кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша биыл 1524 азаматты несиелік тұрғынжаймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Аталған тұрғын үйлердің конкурсы кезең-кезеңімен «Отбасы банк» арқылы жүргізілуде. Жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысушылар үшін әлеуметтік көмек ретінде Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі.