«Анасынан басқа донор жоқ»: 6 айлық сәбиге анасы бауырын кесіп бермек

Автор: Azattyq Rýhy

Мұндай операция Қазақстанда жасалмайды екен

6 айлық Назымға шұғыл көмек керек. Анасы оған өз бауырының жартысын кесіп бермек. Бірақ, бұл операцияны жасауға Үндістанның дәрігерлері ғана келіскен. Енді ата-ана қазақстандықтардан көмек сұрап отыр.

Назым отбасындағы үшінші бала. Ол дүниеге келгенде денесіндегі сары даққа ата-анасы да, дәрігерлер де аса мән бермепті. Алайда, перзентханадан үйге келгелі бұл сары дақ тек үлкейе берген. Дәрігерлерге қайта келіп тексерілгенде қойылған диагнозды естіп есеңгіреп қалыпты.

«Назым Серікбайқызының диагнозы: өт жолдарының атрезиясы. Бауырдың екіншілік билиарлы циррозы, декомпенсация сатысы, Child-Turcotte-Pugh бойынша С класы. PELD- 25 ұпай. ЦМВ инфекциясы, манифест формасы. Балаға бауыр трансплантациясы көрсетіледі. Құжаттар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс органына шетелде квота бойынша емделуді қарастыру үшін жіберілді», - деп жазған Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығының дәрігерлері.

Өт жолы бітеу туылған баланың күн өте бауыры мүлде істен шыққан, толықтай іріп кеткен. Сәбиді аман алып қалуға донор да табылмаған. Енді жас босанған анасы тәуекелге бармақ. Дәрігерлер анасының бауырын кесіп алып, балаға салуға рұқсат берген. Баласы мен анасына қатар жасалатын ота Үндістанның Дели қаласында жоспарланған. Отаға Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығы жолдама берген.

«Мемлекет тарапынан жасалатын көмек тек Делидегі отаға ғана беріліп отыр. Жат елде үш айға созылатын емнің өзге де шығындары біздің мойнымызда. Осы уақытқа дейін де аз шығын кетпеді. Үндістанда емделу, отаға дайындалу, жасату бізге өте ауыр тиіп отыр», - деді Назымның әкесі Серікбай Сатыбалды.

Әйелі мен қызына бірдей ауыр отаны жасату қарапайым шаштараз болып жұмыс істейтін Серікбайға әжептеуір салмақ. Күтпеген қиындыққа тап болған Назымның әкесі қазақстандықтардан, жанашыр жандардан көмек күтеді.

Kaspi Gold: 87079874087 Серікбай С.

Карта номері: 4400430133613304

Тегтер: