Алматыда қиын жағдайға тап болған жастарға арналған орталық ашылмақ

Автор: Әйгерім Ердәулет

Арнайы орталық ашуды QAMQOR қоғамдық қоры көздеп отыр

Коллаж: Azattyq Ruhy

«Қайсар» қоғамдық қорының жүргізген зерттеуінше, балалар үйінің 10 пайыз түлегі қоғамға өз бетінше сіңісіп кетеді екен. Ал 90 пайызы өмірде өз орнын таба алмай, түрлі жағдайға тап болып жатады. Тұрақты жұмысы не баспанасы жоқ балалар түрлі қылмыстың құрбаны болады. Әсіресе олардың адам саудасы мен құлдыққа тап болу қаупі жоғары.

Осы статистикадан кейін дабыл қағу керек деп есептейтін QAMQOR қоғамдық қорының 300-ге жуық мүшесі, еріктілер тобы ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар үйінің жасөспірімдерімен жұмыс істеуге кірісіп кетті. Еріктілер 12 мен 17 жас аралығындағы жастардың болшақта қандай мамандықтың иесі болғысы келетінін кәсіби мамандардың көмегімен анықтаған. Енді ары қарай жеке-жеке оқыту бағдарламасын бастамақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Әлеуметтік шеберхана - ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалардың әлеуметтік дамуына бағытталған жоба. Әлеуметтік бейімделу дағдыларының жоқтығы балалар үйінің түлектеріне қиынға соғуы мүмкін. Олардың еңбек нарығының талаптарына сай бейімделіп кетуі де көп уақытты алады. Тіпті, қылмыстық ортаның құрбаны болу қаупі айтарлықтай артады. «Әлеуметтік шеберхана» жобасының негізгі міндеттерінің бірі - қысқамерзімді курстарды оқыту және кәсіби тұрғыдан маман етіп дайындап шығару. Біз балалардың қоғамдық ортаға бейімделуіне өз ықпалымызды тигізіп, оларды алға қойған мақсаттарына жетуге ынталандырамыз», - дейді QAMQOR қоғамдық қорының төрағасы Бағдат Анарбаева.

Бағдат Бекболатқызы алдымен №1 балалар үйіндегі жасөспірімдерге көмек беруді жөн көрдік дейді. Осы жылдың ақпанынан бастап, балалардың қандай салаға қызығатынын анықтапты. Бас-аяғы сұранысқа сәйкес 18 түрлі мамандықты оқытатынымызды түсіндік деп отыр.

«Қазіргі таңда Алматы қаласында орналасқан облыстық №1 балалар үйінде жұмыс атқарып жатырмыз. Жалпы осы жоба аясында жиырмадан астам бала қатысып, олармен жеке-жеке жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жоба аясында бізде бірнеше кезең болды. Біріншісі-профоринтациялық жұмыс. Сонымен қатар, психологпен жұмыс. Яғни, психолог анализ жасап, баламен жұмыс істеп, психологиялық тестілеу өткізіп, балалардың икемділігін анықтаған болатын. Бұдан бөлек, біз әртүрлі саланың мамандарын шақырдық. Олар өз тәжірибелерін бөлісіп, шеберлік сағаттарын ұйымдастырды. Баланың өмірге деген, қандай да бір салаға деген қызығушылығы да, құштарлығы да осы кезеңде ояна бастады. Қазір соңғы, яғни, оқыту кезеңіне жақындадық. Балалардың таңдаған, қызыққан мамандығы бойынша оқытуға кірісіп жатырмыз. Балалар көбіне мобилография, СММ-маманы, ораторлық шеберлік, аспазшы, визажит сияқты мамандықтарды таңдаған болатын. Олар толық оқуды аяқтағаннан кейін, жұмысқа орналастыруға көмектесеміз», - деді QAMQOR қоғамдық қорының төрағасы Бағдат Бекболатқызы.

Курстың ұзақты кем дегенде 3 айға жалғасуы мүмкін. Бірақ тілді меңгергісі келетін балаларға оқу мезрімі сол тілді толық меңгергенше жүргізілетінін алға тартты.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін кәсіби мамандар аптасына екі рет екі сағаттан шеберлік сағатын өткізіп келген. Қоғамдық қор ата-ана қамқорлығынсыз қалған жандарға тегін білім үйреткісі келетін мамандарды әлі де қуана-қуана қарсы алуға дайын екенін жеткізді. Өйткені алдағы уақытта көмекке мұқтаж жастардың барлығына бағыт-бағдар беруге, оқуын тәмамдап, жұмысқа орналасқанға дейін жәрдемдескіміз келеді деп отыр.