Шымкентте Қожанов көшесінде орналасқан нысан өртеніп жатыр
Оқиға орнындағы куәгерлердің айтуынша, Шымкентте болған өрттен зардап шеккендер жоқ
Шымкент қаласындағы Сұлтанбек Қожанов көшесінде орналасқан таксопаркте өрт шықты. Оқиға орнына өрт сөндірушілер арнайы техникалар келіп, отты ауыздықтауға бірден жұмылдырылды.
Оқиға орнындағы куәгерлердің айтуынша, Шымкентте болған өрттен зардап шеккендер жоқ.
Қала тұрғындары өрт болған орында бұрын жиһаз шығаратын цех болғанын айтады. Кейін автопарк қызметін де атқарыпты. Қазіргі таңда жекеменшік компанияның иелігінде, мұнда таксопарк жұмыс істеп тұр.
Оқиғаның жекеменшік таксопарктердің бірінде болғанын ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі де растады.
«Сағат 17:16-да Шымкенттегі Сұлтанбек Қожанов көшесінде орналасқан "Орда" ЖШС-не тиесілі нысанда өрт болып жатқаны туралы ақпарат кезекші бөлімге келіп түсті. Оқиға орнына шұғыл жеткен 51 өрт сөндіруші мен 11 өрт сөндіру техникасы дереу жалынды ауыздықтауға кірісті. Анықталғандай, үш қабатты нысанның шатыры ашық өртеніп жатыр екен. Қызыл жалын артынша көрші орналасқан екі қабатты ғимаратқа да ауыз салған. Салдарынан, екі нысан да өрттен зардап шекті», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Баспасөз қызметі өкілдерінің хабарлауынша, өрт 18:56-да ауыздықталып, 19:34-те толығымен өшірілген.От шарпыған жалпы аумақ 1925 шаршы метрді құрайды. Қаза тапқандар мен жарақаттанғандар жоқ.
Қазіргі таңда мамандар өрттің нақты неден шыққанын анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша, электр сымдарының бірінен ақау шыққан. Келтірілген шығын көлемі де тексеру жүргізіліп болған соң анықталады. Әзірге өрт кезінде ғимарат ішінде автокөліктердің болған-болмағаны белгісіз.
Арай Есенбек, Шымкент