«Біз әлемдік нарыққа өте тәуелдіміз»: Қазақстанға сүт өнімдері қай елдерден жеткізіледі

Автор: Ая Өміртай

Energyprom мәліметі бойынша Қазақстанда сүт бір жылда 22% пайызға қымбаттапты

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Отандық зауыттар биыл қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша сүт пен кілегейге сұранысты 95,9%-ға қамтамасыз етті. Дегенмен елде сүт өнімдерінің бағасы күн өткен сайын қымбаттап барады. Energyprom мәліметі бойынша Қазақстанда сүт бір жылда 22% пайызға қымбаттапты. Мәселен, ақпан айында майлылығы 3,2% пайыз болатын сүттің орта есептегі бағасы 320 теңгеден 530 теңгеге қымбаттаған. Сарапшылар сүт өнімдерінің қымбаттауының бірнеше себебін атап отыр. Осы орайда Azattyq Ruhy тілшісі Қазақстандағы сүт бағасының қымбаттау себептеріне шолу жасап көрді.

Сүт нарығын зерттеу орталығының жетекшісі Михаил Мищенко мұндай жағдайды әлемдік сүт өнеркәсібіндегі логистиканың қымбаттауымен байланыстырып отыр.

«Біз сүт ингредиенттерін, құрғақ сүт өнімдерін айтарлықтай көп сатып аламыз – бұл майсыздандырылған құрғақ сүт, сарысу, ірімшік, одан әрі сүт өнімдерін өндіруге арналған сары май. Сондықтан біз әлемдік нарықтағы жағдайға өте тәуелдіміз», – деп түсіндірді сүт нарығын зерттеу орталығының жетекшісі Михаил Мищенко.

СҮТ ЭКСПОРТЫ ЕКІ ЕСЕГЕ ТӨМЕНДЕГЕН

Сонымен қатар зерттеушілер сүт пен кілегей өндірісінің жартысы Солтүстік Қазақстан (75,7 мың тонна) мен Алматы (44,2 мың тонна) облыстарына ғана тиесілі екенін нақтылады.

Сол сияқты өндірістің ірі көлемі Ақмола облысы (34,2 мың тонна) мен Қостанай облысында (28,5 мың тонна) тіркелген. Ал ішкі нарықтағы сату көлемі – 3,7%, 192 мың тоннаға дейін азайса, экспорт екі есеге жуық қысқарып, 5,6 мың тоннаға дейін төмендеген.

2022 жылдың бірінші тоқсанында шикі сүтті тұтыну орташа есеппен жан басына шаққанда 3,5 литр болған. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға аз.

СҮТ ӨНІМДЕРІ ҚАЙ ЕЛДЕРДЕН ИМПОРТТАЛАДЫ?

Ішкі нарықтағы сүт өнеркәсібі деңгейі бірнеше есе төмендеген. Ал өзге елдерден келетін сүт өнімдерінің импорты бірнеше есеге өскен.

2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстанға 3,8 мың тоннаға жуық сүт пен кілегей импортталды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ға артық. Сондай-ақ қою немесе тәтті сүт пен кілегей 43,2% өсіммен 5,8 мың тоннаға артты.

Сүт өнімдері импортының негізгі жеткізушілері – Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Иран.

Сонымен қатар, 2022 жылдың екі айында Қазақстан шет мемлекеттерден 1,5 мың тоннаға жуық сары май мен өзге де сүт өнімдерін сатып алды. Бұл 2021 жылдың екі айымен салыстырғанда 35,6 пайызға артық. Негізгі тасымалдаушы ел – Қырғызстан.

Ал ірімшік пен сүзбе тасымалы 7,4 пайызға өсіп, 4,5 мың тоннадан асты. Оның тең жартысын Ресей жеткізген. Сондай-ақ, Ресей Қазақстанға ферменттелген, ашытылған және сүзбеден жасалған сүт өнімдерін жеткізуде көш бастап тұр.

РЕСЕЙМЕН ТАУАР АЙНАЛЫМЫ 31,3%-ҒА ӨСТІ

Сүт өнімдерінің басты жеткізушісі саналатын Ресей мен Қазақстан арасында былтыр негізгі тауар айналымы қатарында қант (164,7 млн доллар), минералды су (163,9 млн доллар), нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер (158,7 млн доллар), шоколад (141,9 млн доллар), сұйық май (119,5 млн доллар) және тағы басқа өнімдер бар.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2020 жылмен салыстырғанда 29,1%-ға өсті (18,8 млрд доллардан 24,2 млрд долларға дейін). Оның 6,9 млрд доллары экспортқа, ал 17,3 млрд доллары импортқа тиесілі.

Ал 2022 жылдың қаңтар айының көрсеткіштері 2021 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 31,3%-ға өсті. Атап айтқанда 1 246 млн доллардан 1 636 млн долларға дейін жетті. Экспорт – 5 54,4 млн доллар, импорт – 1 082,1 млн доллар.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТОП-10 СҮТ ӨНДІРУШІЛЕРІ

2021 жылы Қазақстанда сиыр сүтін өндіру көлемі 3 млн 925 мың тоннаға жетті. Аталған мәліметті Ұлттық статистикалық бюросы келтіріп отыр. Дегенмен, сарапшылар бұл көрсеткіштің сенімділігіне күмән келтіреді, өйткені олар жеке қосалқы шаруашылықтардағы өндіріс көлемін қамтитын болғандықтан (2 млн 875 мың тонна) – бұл ашық емес сектор.

Республикалық сүтті және аралас мал тұқымдары палатасының мәліметіне сүйенсек, тамақ өнімдерін өндіру үшін өңдеуге кететін өнім көлемі маңызды. Бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындары – 460 мың тонна, сондай-ақ шаруа қожалықтары – 590 мың тонна. Дәл соларға бүгінде субсидия төлеу арқылы мемлекеттік қолдауға баса мән беріліп отыр. Ал бұл шаралардың нәтижесі айқын: 2020 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тауарлық сүт өндірісінің өсімі 36 мың тоннаға жетті (2020 жылы өндіру – 424 мың тонна). Бірақ шаруашылық учаскелер секторы, тіпті ресми деректер бойынша, өндіріс көлемі бірден 194 мың тоннаға қысқарған.

Сонымен қатар, жеке саудагерлердің сүті ЕАЭО-ның сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтіні жасырын емес, оны өңдеу үшін Қазақстанда белгілі бір мерзімге ерекшелік ретінде ғана пайдалануға рұқсат етілген. Қазіргі шикізат тапшылығын өтеу үшін ірі ауылшаруашылық құрылымдарындағы өндірісті шамамен 500 мың тоннаға арттыруы қажет. Бұл мемлекет қолдау сақталған жағдайда ғана жүзеге асады. Егер қолдау болмаған күнде кәсіпкерлер жаңа сүт фермаларының құрылысына қаржы салмайды, өйткені субсидияларсыз мұндай қымбат жобалардың өтелу мерзімі 10 жылдан да асып түседі.

«Зенченко и К» КТ директоры Геннадий Зенченко сүт саласын дамытудағы мемлекеттік қолдаудың рөлін атап өтті.

«Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысының екі ауданында жұмыс істейтін біздің серіктестік жалпы саны 45 мың тонна сүт алдық. Бізде болашаққа байыпты резерв бар, кешендер салынды. Енді әр сиырдан алынатын сүтті көбейту үшін малдың генетикасын жақсартумен айналысу керек. Генетика мен жемге қатысты барлық мәселе шешілсе, тәулігіне тағы 30-40 тоннаға өсу мүмкіндігін көріп отырмыз. Бұл жылына 50 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Осы көлемді негізге ала отырып, биыл өңдеу зауытымызды қайта жаңғыртып жатырмыз. 2012 жылы енгізілген тауарлық субсидиялар ірі сүт өндірушілер мен қайта өңдеушілердің пайда болуына түрткі болды. Жеке қосалқы шаруашылықтар секторы сапа мен қауіпсіздік бойынша техникалық регламенттерге сәйкес келетін тауарлық сүт өндіруді қамтамасыз ете алмайтындықтан, көшбасшы саланың келешегін ірі шаруашылықтар көреді», – деп атап өтті ол.