Қалада табысын жасырған тұрғындарды анықтау үшін қайта комиссия құрылып жатыр. Соңғы уақытта заңсыз АӘК алып отырғандарға қатысты шағым көбейген
Бұл жөнінде Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев хабарлады. Оның айтуынша, республикалық бюджеттен 52 мыңнан астам отбасыға 44,6 миллиард теңге тағайындалған.
«Одан 44 184 отбасыға немесе 218 524 адамға 14,2 млрд. теңге төленді. Сондай-ақ, 9 801 өтініш (15,6%) кері қайтарылды. Биыл қабылданған өтініштердің саны 2018 жылмен салыстырғанда (10,8 мың отбасы) 6,9 есеге артты», - дейді ол.
Атаулы әлеуметтік көмек алатындарды тексеру нәтижесінде биыл бірінші тоқсанда 271 отбасының табысын жасырғаны анықталған. Әзірге 3 жанұя 828,4 мың теңге көлеміндегі қаржыны кері қайтарды. Сондай ақ, Балтаев табысын жасырған Шымкент тұрғындарын анықтау үшін, қайта комиссия құрылып жатқанын айтты. Соңғы уақытта, тұрғындар тарапынан заңсыз АӘК алып отырғандарға қатысты шағым көбейген.
Оқи отырыңыз: Несиесі кешірілгендердің көбі Алматы, Шымкент және Түркістан облысының тұрғындары
« Есігінің алдынан магазин ашып алған. Бірақ еш жерде жұмыс істемеймін, кірісім жоқ дейді. Олар базада жоқ. Тұрғындардың шағымынан кейін қайта тексеріс комиссиясы құрылып жатыр. Мұқтаж адамдар «бай» көршім АӘК алып жатыр деп келеді. Осындай наразылықтар көбейген соң, қайта тексеретін жұмыс тобы құрылған,» - Беласаров.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жұмысына жергілікті тұрғындардың көңілі толмайды. Бұл жөнінде облыстық Әдеп жөніндегі кеңес отырысында айтылған. Тіпті, аталған жиында Ғалымжан Балтаевқа сөгіс те жарияланды.
Еске салайық, биыл көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмектің көлемі артады (1 балаға 21 мың теңге) деген ақпарат тараған уақыттан бері өңірлерде осынау ақшаны алуға ниет білдіргендер саны күрт артқан.
Арай Есенбек