Жамбыл облысында басқарма басшысы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы дереккөздерде Жамбыл облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы деп 2019 жылы тағайындалған Жеңіс Сариев көрсетілген

фото: Батыржан Беспаев

Жамбыл облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен «Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

«Ол көрсетілмеген қызмет үшін жеке кәсіпкерлік арқылы жүйелі түрде қаржы аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға ауыстыру арқылы, сондай-ақ іс жүзінде жұмыс істемеген тұлғаға заңсыз жалақы төлеу арқылы бюджет қаражатын жымқырды деп күдікке ілінді. Ағымдағы жылдың 1 ақпанында күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді», - деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 24 шілдесінде Жамбыл облысы әкімінің өкімімен облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы болып Жеңіс Сариев тағайындалған. Алайда, агенттік таратқан ақпаратта күдікке ілінген лауазымды тұлғаның аты-жөні көрсетілмеген.